Әлемнің ең бай мұнай компаниясы тығырыққа тірелді
Әлемнің ең бай мұнай компаниясы тығырыққа тірелді
Коронавирус пандемиясы энергетика саласының дамуын тұралатып, әлемнің жетекші ойыншыларын бизнестегі өзгерістерге итермеледі. Олардың қатарында дүниежүзіндегі ең бай әрі ең ірі мұнай өндіруші Saudi Aramco да бар.
Шикізат құнының құлдырауы және сұраныстың төмендеуі салдарынан компания бірқатар жобаларынан бас тартып, активтерінің бір бөлігін сатпақ. Бұл туралы CNN хабарлады.
Мұнай бағасына қатысты болжамдар өндірушіні тығырыққа тіреп отыр: Brent маркалы мұнай фьючерстері жыл басымен салыстырғанда 33 пайызға төмен. Сәуір мен маусым айлары аралығында Saudi Aramco-ның таза табысы 73 пайызға (6,6 млрд долларға дейін) кеміді. Қаржы үнемдеу үшін компания қиын таңдау жасауға мәжбүр.
Пандемияға дейін жасалған және маңызды геосаяси мәні бар келісімдердің күші жойылуы мүмкін. Мәселен, үндістандық Reliance Industries-тің мұнай-химиялық бизнесінің 20 пайыз акциясын сатып алу жөніндегі мәміле тоқтатылмақ. Қытайдағы мұнай өңдеу кешенінің құрылысы да (құны 10 млрд доллар) тоқтатылды. Aramco АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауытын кеңейту жөніндегі жоспарынан да бас тартпақшы.
IHS-тің мұнай нарықтары бөлімінің басшысы Джим Буркхардтың пікірінше, шикізатқа сұраныс 2021 жылдың алғашқы тоқсанының соңында ғана пандемияға дейінгі деңгейге жетуі мүмкін. Бұл болжам Saudi Aramco үшін өте қауіпті, өйткені компания алдағы 5 жыл бойы 75 млрд доллар көлемінде дивидендтер төлеуі тиіс.