Президентке тікелей бағынатын агенттік немен айналысады?

Президентке тікелей бағынатын агенттік немен айналысады?

Президентке тікелей бағынатын агенттік немен айналысады?
ашық дереккөзі
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов жаңадан құрылатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікке қандай қызмет жүктелетінін айтты. «Президент жанындағы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік міндеттерді қайта бөлу, яғни Ұлттық экономика министрлігінің жекелеген қызметтерін аталған агенттікке беру есебінен құрылады. Бұл стратегиялық жоспарлау мәселелері бойынша қызметтер, мемлекеттік басқару бойынша жекелеген мәселелер мен мемлекеттік статистиканы дамыту мәселелері», – деді бірінші вице-премьер Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, бұл агенттік қызметін қаржыландыру жоғарыдағы қызметтерді орындауға арналған қолданыстағы шығыстарды қайта бөлу есебінен жүргізіледі. «Бөлуші теңгерім жасалады және ол қазіргі уақытта Мәжіліс қарауында жатқан заңнама аясында осы жылғы бюджетті нақтылау және келесі үш жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында ескеріледі», – деді Әлихан Смайылов. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылатынын айтқан болатын. «Біз мемлекеттік басқару, кадр саясаты, шешім қабылдау жүйесі және оларды орындау жауапкершілігінің тәсілдерін өзгертеміз. Пандемия мен дағдарыс жағдайында қолданыстағы мемлекеттік басқару жүйесі барынша жұмыс істейді. Сондықтан мен Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдадым. Мұндай орган бұған дейін жұмыс істеп, жүктелген міндеттерді сәтті орындады, енді ол бүкіл мемлекеттік жоспарлау жүйесінің орталық буынына айналады», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.