Ресей мен Түркия қатынасы жандануда
Ресей мен Түркия қатынасы жандануда
Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған 9 тамызда Санкт-Петербургке келеді. Түркия вице-премьері Мехмет Шимшек ресейлік әріптесі Аркадий Дворковичпен кездесуі барысында осылай деді деп жазды egemen.kz.
«Елші мырза біздің құрметті президентіміздің (Реджеп Тайип Ердоған) тамыздың 9-ында Петербургте болатынын растап берді», – деді Шимшек. Түрік вице-премьері бұған екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жеделдетіп қалпына келтіру керек болып тұрғанын айтты.
Аркадий Дворкович өз кезегінде Түркияның Су-24 ұшағын атып түсіргені үшін кешірім сұрау Анкара мен Мәскеудің арасындағы байланысты қайта қалпына келтіруге жол ашып бергенін жеткізді. Шенеуніктің айтуынша, Шимшекпен арада жүргізілген келіссөздер Санкт-Петербургте екі ел президенттері кездесуі үшін «мазмұнды негіз» жасап беруге тиіс.
«Біз конструктивті келіссөздерге дайынбыз. Біздің кездесулерімізден кейін министрлер деңгейінде кездесулер өтетін болады. Екі жақтың қарым-қатынасын қалпына келтіру сауда-экономика саласындағы іс-қимылды біртіндеп жандандыру мақсатында кезең-кезеңімен жүргізілуі тиіс деп есептейміз», – деді Ресей вице-премьері.
Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынас өткен жылдың қараша айында Т8ркия тарапы Сирия аспанында Ресейдің Су-24 бомбардировщигіне шабуыл жасағаннан кейін суи бастады. Осы оқиғадан кейін Анкарамен арада экономикалық қарым-қатынасқа тосқауыл қойылды. Екі арадағы суық қабақ биылғы маусым айында Ердоған атып түсірілген ұшақ пен қаза тапқан ұшқыш үшін Ресейден кешірім сұрағаннан кейін біртіндеп жандана бастады.
Анадолы жерінде орын алған мемлекеттік төңкеріс әрекеті Түркия президентінің Ресейге сапарын жылдамдатқан сияқты. Елдегі бүлікшілдер көтерілісі басылды, десек те Анадолының болашағы әлі де қыл үстінде. Елде осындай дүмпу болғалы жатқанын Сирия жеріндегі Ресей әскерилері түрік әскерилерінің бір-бірлерімен сөйлескен радиосигналдары арқылы анықтап, оны жылдам түрік басшылығына жеткізді. Соның нәтижесінде Реджеп Тайип Ердоған аман қалды. Мұның соңынан бүлікшілдерді ауыздықтауға да қол жетті. Бұған түрік халқының көшеге шығып, өз елі президентіне қолдау көрсетулерінің әсері аз болған жоқ. Ал Ресей ұшағын атып түсірген түрік ұшқыштары қамауға алынды.