Пандемия шаруаларды ширатпаса, ісіне бөгет болған жоқ
Пандемия шаруаларды ширатпаса, ісіне бөгет болған жоқ
Елдегі карантин режимі қанша қысса да, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жұмысына бөгет бола алған жоқ. Дәл дихандар егін егетін, мал төлдейтін уақытта төтенше жағдай жарияланғанын жақсы білесіздер. Абырой болғанда, көктемгі егін егу науқаны жоспардағыдай атқарылып, бүгін міне алтын дәнге орақ түсті.
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров күні кеше Ақмола облысының Бұланды ауданына жұмыс сапарымен барып, бірнеше нысанның жұмысымен танысты. Ең әуелі егіс алқабын аралап, фермерлермен кездесті, дәл сол жерде ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесті. Журналистер бидай мен ұнды және тірі малды экспорттауға шектеу қоюдың себептерін сұрады. Министр мырза астық экспорттауда фермерлермен келісіп, ортақ шешімге келгенін айтты. Ең алдымен ішкі нарықты толық қамтамасыз ететіндей қамбамызға астық толтырудың қамын ойлау керегін алға тартты. Ал малды шекарадан шығаруды биылғы қазан айының орта шеніне дейін шектеген екен. Оның да себебін түсіндіріп, түйінді мәселе түбірімен шешілетінін айтты. Бұдан бөлек, министрге биылғы астықтың шығымына, фермерлердің жаңа техникаға жеңіл қол жеткізулеріне қатысты бірқатар сұрақ қойылды. Министрдің айтуынша, биыл орташа өнімділік гектарына 13,1 центнерден айналып жатыр. Дәл бүгінгі таңда республика бойынша 3,7 млн гектардан астам жерден 4,9 млн тонна астық жиналған.
Бұл – жалпы жиналуы тиіс өнімнің 23,6 пайызы. Былтыр осы уақытта 3,1 млн гектар жерден өнім жиналған екен. Яғни, биыл егін жинау науқанының қарқыны былтырғыға қарағанда өнімді деген сөз. Елімізде егін жинау жұмыстарын жүргізетін 145 мың трактор, 75 мың трактор тіркемесі, 38 мың астық жинайтын комбайн, 15 мың дестелегіш, 39 мың жүк көлігі бар екен. Сондай-ақ егінді уақытында жинау үшін фермерлерге 395 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлініпті. Енді тек ауа райы оғаш мінез танытпаса болғаны.
Айтпақшы, министр алдымен ат басын тіреген Бұланды ауданының ірі аграрлық кәсіпорны – «Журавлевка-1» ЖШС. Серіктестік негізінен дәнді, дәнді-бұршақты, майлы, жемдік дақылдар мен көкөніс түрлерін өсірумен айналысады. Биыл 59 мың гектар жерге егін егіпті. Оның 33,5 мың гектарына бидай, 12 мың га астам жерге арпа, 1 362 га сұлы, 1 543 га күнбағыс, 3 969 га зығыр, 4 879 га рапс, 110 га картоп пен көкөністер, 1 120 га жем-шөп дақылдары егілген. Мұнда 600-ден астам адам жұмыс істейді екен. Ашық күнде астығын орып, қамбасын қампайтып жатқан шаруасы ширақ компанияның ісіне береке тілеген министр «Макинск құс фабрикасы» ЖШС-не барды. Бұл – құс етін өндіру саласындағы импортты алмастыратын ауқымды жоба. 2018 жылы жалпы қуаты 25 мың тонна болатын құс шаруашылығы кешенінің бірінші кезеңі пайдалануға берілген. Ал биыл жыл соңына дейін инвесторлар екінші кезеңнің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр екен. Енді фабрика өндірістік қуатын жылына 25 мың тоннадан 50 мың тоннаға дейін арттырады. Құс фабрикасының құрылыс жұмыстары кезінде 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты, 2-ші кезеңді іске қосқаннан кейін кәсіпорын 455 тұрақты жұмыс орнын ашпақ.
Айта кету керек, импортты алмастыру үшін Қазақстанда биыл 8 құс фабрикасы іске қосылады. Жақын уақытта республикада жалпы қуаты жылына 175 мың тонна өнім шығаратын жаңа 12 құс фабрикасы жұмыс істей бастайды. Бұл құс етіне деген импортты алмастыру мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.
Осыдан кейін министр Бұланды ауданының Макинск қаласындағы өсімдік майын өндіретін зауыт құрылысының барысымен танысу үшін арнайы бұрылды. «Бота-2015» деп аталатын болашақ зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне 600 тоннаға дейін жетеді дейді мамандар. Кәсіпорында өңірдің 30 тұрғыны еңбек ететін болады. Заманауи зауыт майлы дақылдарды қайта өңдейді және дайын өнім көрші елдер нарығына экспортталмақ. Осындай зауытты Шығыс Қазақстан облысында салу жоспарланып отыр, ал Алматы қаласында заманауи зауыт іске қосылған. Мұндай өндіріс орындарын салу – шикізат экспортына қарағанда құны жоғары терең өңделген өнім экспортын өрістетуге жол аша-ды.
Сонымен қатар, министр Макинск қаласында жергілікті элеватордың биылғы астықты қабылдауға дайындығын тексерді. «Арна» астық қабылдау кәсіпорны» аудандағы фермерлерге астықты қабылдау, кептіру, тазалау, сақтау және жөнелту қызметтерін көрсетеді. Кәсіпорынның жалпы ауданы – 14,7 гектар. Бұл жерде сыйымдылығы 22 мың тонналық астық қоймасы, ауданы 4,5 мың шаршы метр асфальтталған алаң, өнімділігі сағатына 110 тонна астық кептіргіші бар. Қазіргі уақытта элеватор астық қабылдауға толық дайын.
Бұл баяндап отырғанымыз бір облыстың бір ауданындағы бір күндік сапарымыздан түйгеніміз, көргеніміз. Әр аймақтағы осындай маңызды жобалар жүйелі жұмыс істесе, ел экономикасы еселеніп, игілігін халық көрері хақ. Алқаптарымызда астық, жылыжайларымызда көкөніс пен жеміс жайқалып, төскейіміз малға толса әлемді шарпыған дағдарысты шыбын шаққан құрлы көрмесіміз анық.
Әділ БАЙБОЛ