Түстіктен теріскейге: көш жүре түзеле ме?
Түстіктен теріскейге: көш жүре түзеле ме?
Демограф мамандар еліміздегі халық санының өсімі тұрақты екенін айтады. Бірақ демографиялық ахуал барлық өңірде біркелкі емес. Оңтүстік өңірлерде халық санының қарқынды өсімі байқалса, солтүстік өңірлердегі жағдай керісінше көңіл көншітпейді.
2050 жылға қарай оңтүстік аймақтардағы халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі одан әрі ушығуы мүмкін, ал солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға азайып, сәйкесінше жұмыс күшінің жетіспеуі ықтимал деген болжам да жасалған болатын. Болжамды негізсіз дей алмаймыз, себебі 2020 жылдың алғашқы 3 айында Екібастұзда жалпы өсім – 152-ге дейін төмендеген. Әрі қарай тізбектесек, Рудный (-190), Балқаш (-3), Ақсу (-97), Степногорск (-132), Шахтинск (-90), Риддер (-169), Теміртау (-29) сияқты шағын қалалардан бөлек, Петропавл, Семей мен Өскемен, Павлодар сияқты ірі қалаларда да осы тақылеттес жағдай. Аталған өңірлерде жастардың үлес салмағы да біршама кеміген. Бұл – аймақтарда табиғи өсім жоқ деген сөз емес. Көрсеткіштің төмендеуіне аталған аймақтарда тұратын өзге ұлт өкілдерінің тарихи Отанына бет бұруы басты себеп болып отыр. Статистика дерегі бойынша, 2019 жылы 45 мыңнан астам қазақстандық шетелге қоныс аударыпты. Оның 76 пайыздан астамы – өзге ұлт өкілдері.
Оңтүстік өңірлерде жағдай мүлде керісінше. Жалпы, халықтың 55 пайызы сол жаққа шоғырланған. Жастардың да үлес салмағы жоғары. Бір сөзбен айтқанда, демографиялық жағдай өте жақсы, бірақ соған сәйкес жұмыс орындары тапшы.
Аймақтардағы осы тектес диспропорция және демографиялық теңсіздікті реттеу мақсатында 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы қабылданып, 2015 жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған болатын. Бұл бағдарлама Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан бастау алды. Жолдауда «басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керегі» айтылған еді.
Содан бері оңтүстікте тұратын қаншама адам солтүстікке қоныс аударды, баспаналы болып, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Қайтадан кері көшіп кеткендер де жоқ емес. Жалпы, жобаның мақсаты орындалып жатыр ма, осы уақыт аралығындағы нәтиже қандай, қай тұста олқылықтар бар, үңіліп көрелік.
Қоныс аударғандар саны қанша?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің соңғы 10 жылдағы ішкі миграцияға жүргізген талдауының нәтижесінде Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облыстары тұрғындарының бір бөлігін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіру қажетін анықтаған. Биыл бұл тізімге Қарағанды мен Ақмола облыстары да енгізіліп отыр.
Нақты деректер бойынша, 2015-2017 жылдар аралығында 1 392 адам, яғни 347 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударған. 2017 жылы 5 облыстан Шығыс Қазақстан облысына – 98, Қостанай облысына – 30, Павлодар облысына – 69, Солтүстік Қазақстан облысына 184 отбасы көшкен. Ал 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысына – 364, Қостанай облысына – 272, Павлодар облысына – 380, Солтүстік Қазақстан облысына – 690 квота бөлінген, аймақтық квота бойынша 6 766 қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған. 2019 жылы солтүстікке 700 отбасын көшіру жоспарланған. 2018-2022 жылдары барлығы 59 мың отбасыны солтүстікке көшіру көзделген. 2020 жылғы 1 наурыздағы деректерге сәйкес, жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге жалпы саны 1 437 адам – 412 отбасы қоныс аударған екен, оның ішінде 744 адам еңбекке қабілетті. Негізінен жоспардың артығымен орындалып жатқанын байқауға болады.
Көшіп келгеннен кейін қайтадан кері қайтқандар да жоқ емес. Себеп сан түрлі. Бірі күннің суығына шыдамаса, енді бірі несиелік қарыздарына байланысты кері көшкен. Бірақ олардың саны аз. Мысалы, былтыр Солтүстік Қазақстан облысынан 77 адам – 22 отбасы көшіп кеткен. Олардың барлығына да мемлекет тарапынан көмек берілген. Мамандардың айтуынша, биыл келгендердің арасында қайтадан көшіп кеткендер жоқ. «Екі көшкен бір таланғанмен бірдей» деген сөз бар ғой, кері көшуге маңызды себеп болмаса, сонша жерден үміт жетелеп келген халықтың мұндай шешімге келе қоюы екіталай сияқты.
Қандастар да шет қалмайды
30 жылға жуық уақыт ішінде елге оралған қандастардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысына (21,2 пайыз), Алматы облысына (16,3 пайыз), Маңғыстау облысына (13 пайыз), Жамбыл облысына (9,4 пайыз) қоныстанған. Яғни, солтүстік өңірге қандастардың да көшіп бару көрсеткіші өте төмен. Бұған жоғарыда айтқан ауа райының қолайсыздығы бірінші себеп десек, басым бөлігі Қытай мен Өзбекстаннан келетін қандастарға бұл аймақтарға көшуге жер шалғайлығы да айтарлықтай тосқауыл болып отыр. Оған солтүстік аймақтардағы халықтың көпшілігі орыстілді болатынын да қоссақ болады.
Бағдарлама бойынша жергілікті халыққа қандай жағдай жасалса, қандастарға да тең дәрежеде қолдау көрсетіледі. 2016-2018 жылдары солтүстікке қоныс тепкен қандастардың саны – 8 094. Ал 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында елге 6 539 қандасымыз келсе, оның 696-сы белгіленген бес облысқа қоныстанған.
Көшкендерге нендей көмек көрсетіледі?
Бағдарлама бойынша солтүстіктен оңтүстікке көшкен азаматтарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер мен қаржылай көмек көрсетіледі. Отбасының әрбір мүшесіне 88,3 мың теңге көлемінде ақша беріледі, бір жыл бойы баспана жалдауға жұмсайтын шығындары субсидияланады. Онымен қоса, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеу үшін 12 ай бойы ақшалай көмек көрсетіледі. Қалалық жерге қоныс аударғандарға 48 100 теңге төленсе, отбасы мүшелерінің саны төрттен аз отбасыларға – 60 125 теңге, ал 5 немесе одан да көп болса 72 150 теңге төлеу қарастырылған. Ауылдық жерге қоныс аударғандарға бір жыл бойында ай сайын 36 075 теңге беріледі. Отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 43 290 теңге, 5 не одан да көп болса 50 505 теңге материалдық көмек көрсетіледі.
Ал бара сала баспаналы болғысы келетіндер осы қаражаттың бір жылдық бөлігін бірден алып, үй сатып ала алады. Ол үшін отбасында кем дегенде бір адам жұмысқа орналасуы керек. Мамандығы жоқ отбасы мүшелеріне тегін орта кәсіби білім беріледі. Солтүстіктегі аймақтарда негізінен құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы және медицина саласындағы мамандар тапшы. Ал балалар балабақшаға және мектепке кезексіз қабылданады. Мал және егін шаруашылығы бойынша өз кәсібін ашқысы келетін жандарға қалаған мөлшерде жер телімі тегін беріледі. Өзінің жеке кәсібімен айналысып, бизнес жоспар ұсынған азаматтар төмен мөлшерлемемен несие ала алады, «Бизнес бастау» бойынша тегін курстардан өтеді.
Бағдарлама бойынша құжаттарын рәсімдегендер келісімшарттың мерзімі (6 ай немесе 1 жыл) бітпейінше, ешкім кері қайта алмайды. Ал келісімшартты бұзсаңыз, мемлекеттен алған барлық қаражатты соңғы тиынына дейін қайтаруға міндеттісіз. Шартты мерзім аяқталғаннан кейін қайтадан көшкендер ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.
«Арыс оқиғасы Солтүстікке көшуге себеп болды»
Бағдарлама бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныстанған және бағдарламаның үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласып жүрген Серік Әлтаев көші-қонның жай-жапсары, артықшылықтары мен кейбір шешілмей жатқан күрмеуі қиын мәселелер туралы айтып берген еді.
– Біз былтыр отбасымызбен осы бағдарлама бойынша Арыс қаласынан Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Подгорное елді мекеніне ерікті түрде көштік. Отбасымыз үлкен: жеті баламыз бар. Былтыр Арыста болған жарылыстан барлығы хабардар ғой. Сол кезде өзіміз де, балаларымыз да біраз шошып қалған жағдайымыз бар. Сол оқиға түбегейлі шешім қабылдауға түрткі болды. Бірден басқа жаққа көшіп кететіндей жағдайымыз болмады, сол кезде осы бағдарлама туралы естідік. Ақпараттың шындығына көз жеткізген соң, мемлекет тарапынан көмектің болатынына әбден иланғаннан кейін әрекетке көше бастадық. Бір қызығы, бұл бағдарлама туралы көп ешкім біле бермейтін. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды неге пайдаланбасқа деген ниетпен 10-15 адам жиналып, өзіміз де елді хабардар ете бастадық. Әлеуметтік желілерде парақшалар аштық. Қызығып жатқандар болса, жұмыспен қамту орталығындағы мамандармен байланыстырдық. Әлі де осы істің басы-қасында жүрміз.
Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысында бағдарлама 154 пайызға орындалып қойды. Салынып бітпеген үйлерге де келіп жатқан отбасылар бар. Жұмыспен қамту орталығы сондай отбасыларға пәтер жалдап беріп отыр. Үйдің құрылысы аяқталғанша сонда тұрады, ешқандай ақы төлемейді. Біз тұрып жатқан Подгорное ауылына биылдың өзінде 150-ден астам отбасы көшіп келді. Облыста әлі көп адам қоныстана қоймаған аймақтар да бар, мысалы Мағжан Жұмабаев, Ақжар, Ғабит Мүсірепов аудандары, бірақ жалпы үгіт-насихаттың арқасында көп адам хабардар болып, қызығушылық танытып жатыр.
Әрине, не нәрсе болмасын кемшіліксіз болмайды ғой, тұсау болып тұрған мәселелер де жоқ емес. Алғашқы мәселе, жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің тек жоғарғы жаққа есеп берсем болғаны деген ниетпен жұмыс атқаруында болып тұр. Жаңа үйдің аты – жаңа үй, еңсесі тіктеліп, шатырланса да, ұсақ-түйек жұмыстары қалады. Жарық тарту, жылу, сумен қамтамасыз ету, жол мәселесі тағы бар. Мемлекет тарапынан аталған проблемаларды шешуге деген белсенділік жоқ. Төленген жәрдемақы мен үйге ешқандай дау айтпаймыз, тек осы мәселе тездетіп шешілсе нұр үстіне нұр болар еді. Мүмкін қаржылық қиындықтар туындап жатқан болар, осынша көп адам көшіп келеді деп ойламаған болар, ол бізге беймәлім, бірақ соның қиындығын халық көріп жатыр. 20-25 үйге 2 құдық қазылған. Жоба бойынша су үйге дейін тартылуы керек. Әне-міне дегенше күн суытады, бұл аймақта қыс та ерте түсетіні бесенеден белгілі. Жақын арада бұл мәселе шешілмесе алты ай қыста ауызсудан тапшылық көретініміз анық. Судың сапасы да сын көтермейді, лай аралас судың тұнуы қиын. Бұл базынамызды кімге айтарымызды да білмейміз, бір-біріне сілтейді, ауыл әкімі суға мүлдем қатысы жоқ екенін айтады.
Екінші мәселе тіркеуге тұруға байланысты туындап отыр. Әзірге көшіп келген жерге тіркелуге мүмкіншілік болмағандықтан, маңайдағы басқа ауылдарға тіркеуге тұрып жатырмыз. Бұл жаққа қоныстанғандардың көбісі – көпбалалы отбасылар. Оларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Тұрғылықты мекенжай мен тіркелген жер сәйкес келмегендіктен, жәрдемақыны көптеген отбасы ала алмай отыр.
Тағы да бір айта кететін нәрсе, көшіп келгісі келетін, көшіп келген отбасылардың көбінің несиесі бар. Соған байланысты мемлекеттен берілетін жәрдемақыға арналған, бұғатталмайтын арнайы шот ашылса, үлкен көмек болар еді. Осы мәселені реттей алмай, кері көшіп кеткендер де бар.
Аталған мәселелер бірізге түсіп, реттелсе, қоныс аударуға ниеттілердің саны артып, көшіп келгендердің өкініші болмас еді деп ойлаймын, – дейді Серік Әлтаев.
Ресейде кадр тапшылығын жою және жастарды жұмыспен қамту мақсатында 2015 жылдан бастап осы тектес жоба қолға алынған екен. Оған мемлекеттің 18 аймағы кіреді. Ал біздің елдегі аталған бағдарламаның мәні әлдеқайда жоғары. Жобаның орындалуында ескерілмей отырған бірқатар маңызды мәселелер реттелсе, ассимиляцияға ұшыраудың аз-ақ алдында қалған аймақтардағы қазақы ахуалды қалпына келтіруге, демографиялық жағдайдың теңелуіне септігін тигізетін жобаның сәтті орындалуы – болашақ үшін маңызды. Көш көлікті болғай!