Түстіктен теріскейге: көш жүре түзеле ме?

Түстіктен теріскейге: көш жүре түзеле ме?

Түстіктен теріскейге: көш жүре түзеле ме?
ашық дереккөзі
Демограф мамандар еліміздегі халық санының өсімі тұрақты екенін айтады. Бірақ демографиялық ахуал барлық өңірде біркелкі емес. Оңтүстік өңірлерде халық санының қарқынды өсімі байқалса, солтүстік өңірлердегі жағдай керісінше көңіл көншітпейді. 2050 жылға қарай оңтүстік аймақ­тар­дағы халық саны 5 миллион 300 мың адам­ға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі одан әрі ушығуы мүмкін, ал солтүстік өңірлерде тұр­ғындар саны 900 мыңға азайып, сәй­ке­сінше жұмыс күшінің жетіспеуі ықтимал де­ген болжам да жасалған болатын. Болжам­ды негізсіз дей алмаймыз, себебі 2020 жыл­дың алғашқы 3 айында Екібастұзда жалпы өсім – 152-ге дейін төмендеген. Әрі қарай тіз­­бектесек, Рудный (-190), Балқаш (-3), Ақсу (-97), Степногорск (-132), Шахтинск (-90), Риддер (-169), Теміртау (-29) сияқты ша­ғын қалалардан бөлек, Петропавл, Семей мен Өскемен, Павлодар сияқты ірі қала­лар­да да осы тақылеттес жағдай. Аталған өңір­­лер­де жастардың үлес салмағы да бірша­ма ке­міген. Бұл – аймақтарда табиғи өсім жоқ де­ген сөз емес. Көрсеткіштің төмендеуіне атал­ған аймақтарда тұратын өзге ұлт өкіл­дерінің тарихи Отанына бет бұруы басты се­беп болып отыр. Статистика дерегі бойын­­ша, 2019 жылы 45 мыңнан астам қа­зақ­­стандық шетелге қоныс аударыпты. Оның 76 пайыздан астамы – өзге ұлт өкілдері. Оңтүстік өңірлерде жағдай мүлде ке­­рісінше. Жалпы, халықтың 55 пайы­зы сол жаққа шоғырланған. Жас­тар­дың да үлес салмағы жоғары. Бір сөзбен айт­­қанда, демографиялық жағдай өте жақ­сы, бірақ соған сәйкес жұмыс орындары тап­шы. Аймақтардағы осы тектес диспропорция және демографиялық теңсіздік­ті реттеу мақсатында 2013 жылы «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы – 2020» бағ­дар­ламасы қабылданып, 2015 жылдан бастап жү­зеге асырыла бастаған болатын. Бұл бағ­дарлама Елбасының Қазақстан халқына ар­наған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан бастау алды. Жолдауда «басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көр­сету керегі» айтылған еді. Содан бері оңтүстікте тұратын қан­шама адам солтүстікке қоныс аударды, баспаналы болып, тұрақты жұмыспен қам­тамасыз етілді. Қайтадан кері көшіп кет­кендер де жоқ емес. Жалпы, жобаның мақ­саты орындалып жатыр ма, осы уақыт ара­лығындағы нәтиже қандай, қай тұста ол­қылықтар бар, үңіліп көрелік. Қоныс аударғандар саны қанша? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің соңғы 10 жылдағы ішкі миг­рацияға жүргізген талдауының нәти­же­сінде Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау жә­не Алматы облыстары тұрғындарының бір бөлігін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қа­зақ­стан, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіру қажетін анықтаған. Биыл бұл ті­зімге Қарағанды мен Ақмола облыстары да енгізіліп отыр. Нақты деректер бойынша, 2015-2017 жыл­дар аралығында 1 392 адам, яғни 347 от­басы солтүстік өңірлерге қоныс аударған. 2017 жылы 5 облыстан Шығыс Қазақстан об­лысына – 98, Қостанай облысына – 30, Пав­лодар облысына – 69, Солтүстік Қазақ­стан облысына 184 отбасы көшкен. Ал 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысына – 364, Қос­танай облысына – 272, Павлодар облысына – 380, Солтүстік Қазақстан облысына – 690 квота бөлінген, аймақтық квота бойын­ша 6 766 қазақстандық оңтүстіктен сол­түстікке қоныс аударған. 2019 жылы сол­­­түстікке 700 отбасын көшіру жос­пар­лан­ған. 2018-2022 жылдары барлығы 59 мың отбасыны солтүстікке көшіру көз­дел­ген. 2020 жылғы 1 наурыздағы деректерге сәйкес, жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге жалпы саны 1 437 адам – 412 отбасы қоныс аударған екен, оның ішінде 744 адам еңбекке қабілетті. Не­гізінен жоспардың артығымен орындалып жатқанын байқауға болады. Көшіп келгеннен кейін қайтадан кері қайтқандар да жоқ емес. Себеп сан түрлі. Бірі күннің суығына шыдамаса, енді бірі не­сиелік қарыздарына байланысты кері көш­кен. Бірақ олардың саны аз. Мысалы, был­­тыр Солтүстік Қазақстан облысынан 77 адам – 22 отбасы көшіп кеткен. Олардың бар­лығына да мемлекет тарапынан көмек бе­рілген. Мамандардың айтуынша, биыл кел­гендердің арасында қайтадан көшіп кет­кендер жоқ. «Екі көшкен бір таланғанмен бір­дей» деген сөз бар ғой, кері көшуге маңыз­ды себеп болмаса, сонша жерден үміт же­телеп келген халықтың мұндай шешімге келе қоюы екіталай сияқты. Қандастар да шет қалмайды 30 жылға жуық уақыт ішінде елге орал­ған қандастардың басым бөлігі Оңтүстік Қа­зақстан облысына (21,2 пайыз), Алматы об­­­лысына (16,3 пайыз), Маңғыстау облысы­на (13 пайыз), Жамбыл облысына (9,4 пайыз) қоныстанған. Яғни, солтүстік өңірге қан­дастардың да көшіп бару көрсеткіші өте тө­мен. Бұған жоғарыда айтқан ауа райының қо­лайсыздығы бірінші себеп десек, басым бө­лігі Қытай мен Өзбекстаннан келетін қан­дастарға бұл аймақтарға көшуге жер шал­ғайлығы да айтарлықтай тосқауыл болып отыр. Оған солтүстік аймақтардағы ха­­лықтың көпшілігі орыстілді болатынын да қоссақ болады. Бағдарлама бойынша жергілікті ха­лыққа қандай жағдай жасалса, қан­дастарға да тең дәрежеде қолдау көрсетіледі. 2016-2018 жылдары солтүстікке қоныс тепкен қандастардың саны – 8 094. Ал 2019 жыл­дың алғашқы жарты жылдығында елге 6 539 қандасымыз келсе, оның 696-сы белгіленген бес облысқа қоныстанған. Көшкендерге нендей көмек көрсетіледі? Бағдарлама бойынша солтүстіктен оңтүстікке көшкен азаматтарға мем­лекет тарапынан жеңілдіктер мен қар­жы­лай көмек көрсетіледі. Отбасының әрбір мүшесіне 88,3 мың теңге көлемінде ақша беріледі, бір жыл бойы баспана жалдауға жұм­сайтын шығындары субсидияланады. Оны­мен қоса, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын тө­леу үшін 12 ай бойы ақшалай көмек көр­сетіледі. Қалалық жерге қоныс аудар­ған­дарға 48 100 теңге төленсе, отбасы мү­ше­лерінің саны төрттен аз отбасыларға – 60 125 теңге, ал 5 немесе одан да көп болса 72 150 теңге төлеу қарастырылған. Ауылдық жер­ге қоныс аударғандарға бір жыл бойында ай сайын 36 075 теңге беріледі. Отбасы мү­шелерінің саны екеуден төртеуге дейін бол­са 43 290 теңге, 5 не одан да көп болса 50 505 теңге материалдық көмек көрсетіледі. Ал бара сала баспаналы болғысы келе­тіндер осы қаражаттың бір жылдық бөлігін бірден алып, үй сатып ала алады. Ол үшін от­басында кем дегенде бір адам жұмысқа ор­наласуы керек. Мамандығы жоқ отбасы мүшелеріне тегін орта кәсіби білім беріледі. Солтүстіктегі аймақтарда негізінен құры­лыс, білім беру, ауыл шаруашылығы жә­не медицина саласындағы мамандар тапшы. Ал балалар балабақшаға және мектепке кезексіз қабылданады. Мал және егін шаруа­шылығы бойынша өз кәсібін ашқысы келетін жандарға қалаған мөлшерде жер телі­мі тегін беріледі. Өзінің жеке кәсібімен айналысып, бизнес жоспар ұсынған азаматтар төмен мөлшерлемемен несие ала алады, «Бизнес бастау» бойынша тегін курстардан өтеді. Бағдарлама бойынша құжаттарын рә­сімдегендер келісімшарттың мерзімі (6 ай немесе 1 жыл) бітпейінше, ешкім кері қайта алмайды. Ал келісімшартты бұз­саңыз, мемлекеттен алған барлық қара­жат­ты соңғы тиынына дейін қайтаруға міндеттісіз. Шартты мерзім аяқталғаннан кейін қай­тадан көшкендер ешқандай жауапкерші­лікке тартылмайды. «Арыс оқиғасы Солтүстікке көшуге себеп болды» Бағдарлама бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныстанған және бағ­дар­ламаның үгіт-насихат жұмыстарына бел­сене араласып жүрген Серік Әлтаев кө­ші-қонның жай-жапсары, артықшылықтары мен кейбір шешілмей жатқан күрмеуі қиын мәселелер туралы айтып берген еді. – Біз былтыр отбасымызбен осы бағ­дар­лама бойынша Арыс қаласынан Солтүстік Қа­зақстан облысы Қызылжар ауданы Подгорное елді мекеніне ерікті түрде көштік. Отбасымыз үлкен: жеті баламыз бар. Былтыр Арыста болған жарылыстан барлығы хабардар ғой. Сол кезде өзіміз де, балаларымыз да біраз шошып қалған жағдайымыз бар. Сол оқиға түбегейлі шешім қабылдауға түрткі болды. Бірден басқа жаққа көшіп кететіндей жағдайымыз болмады, сол кезде осы бағдарлама туралы естідік. Ақпараттың шындығына көз жеткізген соң, мемлекет тарапынан көмектің болатынына әбден иланғаннан кейін әрекетке көше бастадық. Бір қызығы, бұл бағдарлама туралы көп ешкім біле бермейтін. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды неге пайдаланбасқа деген ниетпен 10-15 адам жиналып, өзіміз де елді хабардар ете бастадық. Әлеуметтік желілерде парақшалар аштық. Қызығып жат­қандар болса, жұмыспен қамту орта­лы­ғындағы мамандармен байланыс­тырдық. Әлі де осы істің басы-қасында жүрміз. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан об­лысында бағдарлама 154 пайызға орын­д­алып қойды. Салынып бітпеген үй­лерге де келіп жатқан отбасылар бар. Жұ­­мыс­пен қамту орталығы сондай от­ба­сы­ларға пәтер жалдап беріп отыр. Үйдің құры­лысы аяқталғанша сонда тұрады, еш­қандай ақы төлемейді. Біз тұрып жатқан Под­горное ауылына биылдың өзінде 150-ден астам отбасы көшіп келді. Облыста әлі көп адам қоныстана қоймаған аймақтар да бар, мысалы Мағжан Жұмабаев, Ақжар, Ғабит Мүсірепов аудандары, бірақ жалпы үгіт-насихаттың арқасында көп адам хабардар болып, қызығушылық танытып жатыр. Әрине, не нәрсе болмасын кемші­лік­сіз болмайды ғой, тұсау болып тұр­ған мәселелер де жоқ емес. Алғашқы мәселе, жұ­­мыспен қамту орталығы қызмет­кер­лері­нің тек жоғарғы жаққа есеп берсем болғаны деген ниетпен жұмыс атқаруында болып тұр. Жаңа үйдің аты – жаңа үй, еңсесі тікте­ліп, шатырланса да, ұсақ-түйек жұ­мыс­тары қалады. Жарық тарту, жылу, сумен қам­та­ма­сыз ету, жол мәселесі тағы бар. Мемлекет та­ра­пынан аталған проблемаларды шешуге деген белсенділік жоқ. Төленген жәрдемақы мен үйге ешқандай дау айтпаймыз, тек осы мә­селе тездетіп шешілсе нұр үстіне нұр бо­лар еді. Мүмкін қаржылық қиындықтар туын­дап жатқан болар, осынша көп адам кө­шіп келеді деп ойламаған болар, ол бізге беймәлім, бірақ соның қиындығын халық кө­ріп жатыр. 20-25 үйге 2 құдық қазылған. Жо­ба бойынша су үйге дейін тартылуы керек. Әне-міне дегенше күн суытады, бұл ай­­­мақта қыс та ерте түсетіні бесенеден бел­гілі. Жақын арада бұл мәселе шешілмесе ал­ты ай қыста ауызсудан тапшылық көре­ті­німіз анық. Судың сапасы да сын кө­тер­мейді, лай аралас судың тұнуы қиын. Бұл ба­зынамызды кімге айтарымызды да білмей­міз, бір-біріне сілтейді, ауыл әкімі суға мүлдем қатысы жоқ екенін айтады. Екінші мәселе тіркеуге тұруға бай­ла­ныс­ты туындап отыр. Әзірге кө­шіп кел­ген жерге тіркелуге мүмкіншілік бол­ма­ғандықтан, маңайдағы басқа ауыл­дарға тір­кеуге тұрып жатырмыз. Бұл жаққа қо­ныс­­­­танғандардың көбісі – көпбалалы от­басылар. Оларға мемлекеттік атаулы әлеу­меттік көмек төленеді. Тұрғылықты ме­кен­жай мен тіркелген жер сәйкес кел­меген­діктен, жәрдемақыны көптеген от­басы ала алмай отыр. Тағы да бір айта кететін нәрсе, көшіп келгісі келетін, көшіп келген отбасы­лар­­дың көбінің несиесі бар. Соған бай­ла­ныс­­­ты мемлекеттен берілетін жәр­де­мақыға ар­­налған, бұғатталмайтын арнайы шот ашыл­­са, үлкен көмек болар еді. Осы мәсе­ле­ні реттей алмай, кері көшіп кеткендер де бар. Аталған мәселелер бірізге түсіп, реттелсе, қоныс аударуға ниеттілердің саны артып, көшіп келгендердің өкініші бол­мас еді деп ойлаймын, – дейді Серік Әлтаев. Ресейде кадр тапшылығын жою және жастарды жұмыспен қамту мақ­са­тын­да 2015 жылдан бастап осы тектес жо­ба қол­ға алынған екен. Оған мемлекеттің 18 ай­мағы кіреді. Ал біздің елдегі аталған бағ­дарламаның мәні әлдеқайда жоғары. Жо­баның орындалуында ескерілмей отырған бір­қатар маңызды мәселелер реттелсе, ас­си­миляцияға ұшыраудың аз-ақ алдында қал­ған аймақтардағы қазақы ахуалды қал­пына келтіруге, демографиялық жағдайдың теңелуіне септігін тигізетін жобаның сәтті орындалуы – болашақ үшін маңызды. Көш кө­лікті болғай!