Тұрақты тіркеу қандастарға көп кедергі
Тұрақты тіркеу қандастарға көп кедергі
Тарихи Отанына оралған әр этникалық қазаққа 5 күн ішінде «орал-ман куәлігі» беріледі. Әлбетте, бұл елде қалғысы келген, азаматтық алғысы келген қандастарға ғана табысталады. Ал келіп-кетіп жүретіндер «оралман куәлігіне» тапсырмайды. Қандастардың елде жүріп-тұру үшін жан-жақты құжаттандыру тетіктері қарастырылған. Қазақстан азаматтығын немесе ықтиярхат алу үшін міндетті түрде тұрғылықты мекенжайға тіркелуі қажет. Бұл туралы қолданыстағы заңда нақты көрсетілген. Азаматтық алу үшін тапсырылатын құжаттардың тізімі біршама қысқарғанымен, тұрақты тіркеу мәселесі әлі шешімін таппай келеді.
Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген алты түрлі медициналық анықтама алудың машақатын қоспағанда тұрақты тіркеуге отыру үшін қандастар көптеген сергелдеңге түседі. Көші-қон заңында уақытша тіркеуге тұру, бейімделу, ықпалдастыру деген тармақтары бар. Бірақ бұл заң толыққанды жүзеге асып жатқан жоқ. Өйткені қейбір өңірлерде мұндай бір жылға берілетін әлеуметтік жатақханалар болғанымен, бірақ бұл еліміздің барлық өңірінде қарастырылмаған.
Ал тұрақты тіркеуге тұрғызу үшін ең кемі 90 мың теңге талап етеді. Бұл бір адамға ғана. Көпбалалы отбасылар үшін үлкен шығын. Алайда бұл қаржыдан мемлекетке бір тиын да түспейді. Тек делдалдардың қалтасы қампаяды.
Тұрақты тіркеуге тұрып, тізімдегі анықтамаларды әкелген соң, екі ай ішінде ықтиярхат шығады. Одан кейін тағы да 3-4 құжаттың тізімі беріледі. Ол құжаттарды жинап, фотоға түсіп, азаматтыққа тапсырады. Өткізілген құжаттар дұрыс болса, азаматтық алты ай ішінде шығады. Өйткені 6 ай бойы тиісті мекемелердің тексеруінен өтеді. Мұның бәрін есептей келгенде көп уақыт пен қаражатты қажет етеді. Жаңа көшіп келген қандастар үшін бұл мәселе тиімсіз. Сондықтан да бұл түйткілді оңтайлы шешу үшін не істеу қажет? Осыған орай, «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен шетелден қоныс аударған қандастарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу және ыхтиярхат алу қағидаларын нақтылап түсіндіру мақсатында «Қандастарымыздың Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу және ыхтиярхат мәселесі» атты онлайн конференция өтті.
Алқалы жиынға Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының үйлестірушісі Болат Зауыт, облыстардағы қордың фронт-офис өкілдері және де Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Жанар Жақыпова арнайы қатысты.
Жиын барысында қандастарды ақпараттық қолдау орталығының үйлестірушісі Болат Зауыт «Қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұру негізінде туындайтын мәселелер» туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
– 1997 жылы Халықтың көші-қоны туралы заңы қабылданғаннан бері 4 рет өзгертулер мен толықтырулар енігізілді. Десе де, қандастар үшін бюрократиялық кедергілер көп, – деді Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының үйлестірушісі Болат Зауытұлы.
Өз кезегінде Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Жанар Ерланқызы қордаланған мәселелерге заң аясында жауап беріп, болашақта дайындалып жатқан «Бір терезе» қағидасы тақырыбында сөз қозғады.
– Бұрын естеріңізде болса, қандастар алғаш елге келген жылдары оларды тұрақты тіркеуге тұрғызатын жатақханалар болды. Қазір ондай жатақханалар жоқ деуге де болады. Сондықтан ол кезде қандастарға тұрақты тіркеуге тұру қиын емес еді. Бәлкім, осындай бір жеңілдік қажет. Біз қандастарға көрсетілген заң аясында ғана қызмет көрсетеміз, – деді Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Жанар Жақыпова.
Сонымен қатар видеоконференцияға қатысушылар «қандастарды арнайы бір мекемеге уақытша (азаматтық алғанша) тіркеуге болар еді. Мәселен, шетелден жаңа көшіп келген қандастар Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына тіркесе» деген ұсыныстар айтылды. Әзірге бұл жайында Қоғамдық бірлестік тарапынан жауап жоқ. Алайда қандастардың тұрақты тіркеуге тұру негізінде туындайтын мәселелерді зерделей келгенде Көші-қон заңындағы көрсетілген талаптар өзгертілмей ештеңе өнбейтіні анық. Сондықтан бұл түйткіл Парламентте талқыланып, заңға толыққанды өзгеріс енгізуді қажет етеді.