Жаңалықтар

Мемсыйлықтың міні неге көрінгіш?

ашық дереккөзі

Мемсыйлықтың міні неге көрінгіш?

Екі жыл сайын қазақ қоғамы бір дүрлігіп ба­­сылады. Әрбір дүм­пуді тудыратын бір күш бар десек, мемсыйлыққа қатысты әң­­гімені қоздатып отырған сол баяғы Мемлекеттік сый­лық беру­дегі әділетсіздіктің әсері секілді кө­рінеді.  Бір қызығы, ол мәселеде додаға түскен үміт­керлерден гөрі, сыйлыққа қатысы жоқ жұрттың даусы қаттырақ шығып жатады... Өткен ғасырдың 60-жылдарында әде­биет пен өнер саласында Абай атын­дағы республикалық сыйлық белгі­леніп, ол негізінен, сол саладағы көркемдік дең­гейі жоғары шығармалар жазған қа­лам­герлерге беріліп келгені мәлім. Әрине, олар­дың арасында социалистік реализм әдісімен жа­зылған шығармалардың айдарынан жел есіп, марапаттың көбі соларға бұйыр­ды, де­­г­енмен, ол құрметке ие болған қалам­гер­лердің дені әдеби ортада да, халық арасында да мойындалған ақын-жазушылар еді. Ал тәуелсіздік кезеңінде қа­лам­герлерге Мемлекеттік сыйлық берілген сайын кезекті лау­­реаттарға көңіл толмаушылық ашық кө­рі­ніп, «лайықсыз адамдар алды» деген әңгіме айтылмай қал­ған кезі аз... Мемлекеттік сыйлық беру – қалайда бір елдің әдебиеті мен өнерінің, ғы­лымы мен техникасының жетістіктерін та­нып, оны жасағандарға лайықты сый-сия­пат көрсетіп, мадақтап отыру үшін жа­сал­ған шара. Оның негізін салған КСРО де­генімізбен, соншалықты жаман үрдіс деуге келмейді. Бұрын ондай марапат мем­ле­кет­тің саясатын насихаттап, сол жолда тер төккендерді үлгі ету мақсатында берілсе, бү­гінгі тәуелсіз елімізде мемсыйлық иелері өз шығармаларымен ел саясатын мадақтауы шарт емес, тек көркемдік тұрғыдан озық, жаңа­шыл, толымды туындылар жасауы ке­рек деген талап бар. Қазақстанда 2008-2018 жылдар ара­лы­ғында әдебиет пен өнер саласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілсе, 2020 жылдан бастап ол сыйлық − «Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласын­дағы мемлекеттік сыйлығы» ретінде иелеріне жетпек. Ал әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сый­­лық 2015 жылдан бастап беріліп келеді. Абай атындағы мемсыйлықтың додасына кімдер түседі? Өткен аптада Мемлекеттік хатшы Қы­рымбек Көшербаевтың төраға­лы­­ғымен онлайн форматта 2020 жылғы Қа­зақстан Республикасының Абай атын­дағы әдебиет пен өнер саласындағы мем­лекет­тік сыйлығын беру жөніндегі комис­сияның алғашқы отырысы өтті. Отырыста әде­биет, кино, театр, музыка, сәулет және бей­нелеу өнері салалары бойынша аталған елі­міздің жоғары дәрежелі сыйлығына ұсы­нылған 39 автордың жұмысы қаралды. Со­ның 24-і ақын-жазушылардың туындылары. Анықтап айтсақ, мына қаламгерлердің шығармалары мемлекеттік сыйлық беру жө­ніндегі комиссияның қарауына жіберіл­ген: Асқар Алтай, «Туажат» роман және хи­каят; Баянғали Әлімжанов, «Сказ столетнего Степняка» романы; Бибігүл Имангазина, «Тауқымет» романы; Байбота Қошым-Ноғай, «Достық жо­рал­ғы» балаларға арналған аударма өлең­дер, тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, ер­­тегілер жинағы; Бақытжан Қанапиянов, «Достояние ду­ши» («Жан-дүние игілігі») өлеңдер жи­на­ғы; Ғарифолла Есім, «Ғұлама-наме» трило­гиясы; Жолтай Әлмашұлы, «Ащы да тәтті өмір» ро­мандар жинағы; Жүрсін Ерман, «Ұларың қайда, Ұлытау?» өлеңдер жинағы; Исраил Сапарбай, «Ойтұмар» афоризм­­дер жинағы; Қуаныш Жиенбай, «Жер үстінде де жұ­­мақ бар» роман, әңгімелер жинағы; Қайыржан Төрежанов, «Сыртқы бар­лау» та­рихи әдебиет; Қазыбек Иса, «Сырымды айттым далаға» жыр жинағы; Марал Ысқақбай, «Тұлғалар туралы тол­­ғаныс» сыни мақалалар, әдеби толғам­дар. Мырзатай Жолдасбеков, «Ұлы Дала әдебиеті» жинағы; Несіпбек Дәутайұлы, «Кісі иесі» повес­тер мен әңгімелер жинағы; Оразалы Сәбден, «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» ой-толғамдар жинағы; Роза Мұқанова, «Сарра» драматур­гия­лық шы­ғармалар жинағы; Софы Сматаев, «Өлеңім-өзегім, Мәңгі жы­рым – өз елім» өлеңдер жинағы; Серік Ақсұңқар, «Көкейімде – Күлте­гін­­нің жазуы» өлеңдер жинағы; Сауытбек Абдрахманов, «Абыз Әбіш» тол­ғаныстар; Тынымбай Нұрмағанбетұлы, «Пе­ріш­­­телердің өлімі» роман, әңгімелер жи­на­ғы; Уәлихан Қалижан, «Қасиет пен қасі­рет» деректі тарихи романы; Ханбибі Есенқарақызы, «Мен-дағы табиғаттың бөпесімін» өлеңдер жинағы; Шөмішбай Сариев, «Сәлем, саған ту­ған ел» өлеңдер жинағы; Ал енді бұлардың қайсысы мемсыйлық­тың аламан бәйгесіне қатысады дегенге ке­лер болсақ, ол жайында әзірге мәлімет жоқ. Комиссияның отырысы өткені жайын­дағы ақпарат құралдарына шыққан шағын ха­барда ол жайында «Комиссия отырысы ая­сындағы жасырын дауыс беру қоры­тын­дысы бойынша конкурстық іріктеудің шешуші кезеңіне өткен үміткерлер анықталды» деген ғана сөз бар. Сонда кімдер келесі ке­зең­ге өтті? Ол жайында мәлімет жоқ. Сосын біз Қазақстан Жазушылар Одағы жаққа мой­нымызды созып көрдік, ол жақтан хабар болмады. Одан соң Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшы­лығына қоңырау шалып, өзімізді таныстырып, мемлекеттік сыйлықтың іріктеу ке­зеңі­нен өткен авторлар жайында білгіміз ке­ле­тінін айттық. Телефонға жауап берген кісі «қазір анықтап алайын, кейін қоңырау со­ғыңыз» деді. Жарты сағаттан соң қайта ха­барласқанымызда «ол жайында мәлі­мет­тер ресми түрде баспасөзде жарияланатын бо­лады, содан аларсыз. Қазір оны сізге беру­ге басшылық рұқсат етпейді» деді. Түбі жария болатын нәрсені тура мемлекеттік құ­пия сияқты соншалық жасырғанына таң­ғалдық. Бірақ ел ішінде сөз жата ма, ұзын­құлақтан естуіміз бойынша, келесі кезеңге то­ғыз автор өткен. Олардың есімдерін ресми ақпарат шықпайынша біз де жарияламауды құп көрдік. Мемсыйлық комиссиясы неге көңіл бөлмей жүр? Сыйлықты мемлекет береді десек те, оның «құдайы» − мемлекеттік сый­лық беру жөніндегі комиссия. Демек, бір адам­дардың сыйлық алу, алмауын өздеріне ерек­ше құзырет берген екінші адамдар тобы ше­шеді деген сөз. Бірақ сол комиссияның әді­летсіздігі, көбіне лайықты адамды ко­мис­сияның іріктеу кезеңінен құлататыны жайын­да әңгіме көп.