Жаңалықтар

Жаһандық жанталас: әлемде 200-ге жуық эксперименттік вакцина әзірленіп жатыр

ашық дереккөзі

Жаһандық жанталас: әлемде 200-ге жуық эксперименттік вакцина әзірленіп жатыр

Коронавирус пандемиясы тарала бастағаннан-ақ әлем ғалымдары індетті ауыздықтаудың амалын іздеп шарқ ұрды. Ғылымы мен технологиясы кө­ш ілгері дамып кеткен елдердің өзі бұл дерттің дауасын таппай әуре-сарсаңға түсіп еді. Оған «бұл қалайлап» біз де таң­дан­ға­нымыз жасырын емес. Бірақ му­тацияға ұшыраған вирусты жоятын күш­ке ие вакцинаны табу біраз уақытты қажет ететіні де түсінікті жайт. Бүгінде дертті жоятын вакцинаны табудан бәрі үмітті. Басында қажеттіліктен туындаған жанталас уақыт өте келе бәсекелестікке ай­налды. Дәл қазіргі уақытта әлемде 200-ге жуық эксперименттік вакцина әзірленіп жатыр. Дертті қашыру үшін бе, абыройды асыру үшін бе? АҚШ билігі ешқандай мүмкіндіктің бос кетпейтінін және вакциналар соңғы, ше­шуші сынақтан өткенге дейін елде пай­далануға рұқсат етілмейтінін мәлімдеді. Қаң­тар айында америкалық зерттеушілер 12-18 ай ішінде коронавирусқа қарсы вак­цина жасауды мақсат ететінін айтты. АҚШ үкіметі зерттеу аяқталғанға дейін вак­ци­наны әзірлеуді жеделдету және іске асыру үшін шамамен 9,5 миллиард доллар ин­вес­тициялады. Егер бұл жоспарлары жүзеге асса, вакцинаны жасау шап­шаңдығы бойын­ша әлемдік рекорд орнайды. Қазіргі уа­қытта ең жылдам дайындалған деп есеп­телетін 1967 жылы бекітілген паротитке қарсы вакцина төрт жыл ішін­де ғылыми тұ­жырымдамадан өткен. АИТВ-ға қар­сы вак­цинаны іздеу 36 жылдан бері әлі жал­ға­сып жа­тыр. Вакцинаны дайындау процесі  Еуропа мен Америкада сәтті жүзеге асып жатқан сыңайлы. Moderna компаниясы вирусқа қарсы вакцинаны дайындау жұмыстарының нәтижесі қуантарлық екенін айтты. Сондай-ақ  Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы бірлесіп шығарып жатқан вакцина да жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Ал Ресей хаккерлік шабуыл жасады деген болжаммен күдікке ілінді. Бірақ Ресей үкіметі ізін ала «Бізді мәлімет ұрлады деудің еш мәні жоқ, егер Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясының өнімі сәтті шықса, ресейлік «Р-Фарм» компаниясы өз нарығы мен көптеген елге вакцинаны тарату үшін өнімді шығару мен тасымалдау жұмысының біраз бөлігін өз мойнына алады» деп мәлімдеме де жасады. Қытай коронавирусқа қарсы вакци­наның бірнеше түрін жасап жатыр. Жуырда жәндіктердің жасушаларын қолдана оты­рып жасаған COVID-19 вакцинасы адам­ға салынып, сынақтан өткізіледі деп ха­бар­лады Xinhua агенттігі. Препаратты Сычуань университетіне қарасты Батыс Қытай ауру­ханасы жасап шығарған. «Өзіміз де вакцина даярлап жатырмыз, ре­­сейлік вакцина не үшін қажет?» деген заң­­ды сауал туындайтыны да анық. Осы сияқты көптеген сұраққа жауап алу үшін Қазақстан  Президенті іс басқармасы медициналық орталығының нейрохирургия бө­лімінің меңгерушісі, дәрігер Мыңжылқы Бер­діқожаның пікірін білген едік. – Ресей вакцинасы алғашқы болып тір­кеу­ден өтіп жатқан вакциналардың бірі бол­­ғандықтан, онымен қоса кедендік одақ­қа мүше болған себепті де мұндай келісімге қол қойылуы логикалық тұрғыдан түсінікті. Біз Ресейге стратегиялық әрі одақтас се­рік­тес ел саналамыз, сол себепті де вак­цинаға тап­сырыс бердік, шамамен 2 млн доза деген ақ­парат тарады. Бір жағынан бұл хабар жоқ­қа шығарылып та жатыр, екінші жағы­нан, растаушылар да бар. Қазіргі кезде то­лық тексерістен өткен вакцина жоқ. Ол үшін, біріншіден уақыт керек. Ең аз дегенде 1 жыл. Коронавирус инфекциясының пайда бол­ғанына желтоқсан айында бір жыл бо­ла­ды. Алайда вакцина жасау наурыз айында ға­на жолға қойыла бастаған болатын. Содан бері әлем бойынша вирусқа қарсы вакцина қар­қынды түрде жасалып жатыр. Ішінде көп үміт күткендеріміз де жоқ емес. Десек те, олардың қарсы көрсетілімдері де баршы­лық. Дене қызуы көтерілуі мүмкін, басқа да өзгерістер орын алуы ықтимал. Ал біздің елде медициналық зерттеу үр­дісіне қатысуы мүмкін, бұған заң тұр­ғы­сы­нан ешқандай қарсылық жоқ. Ресейде қа­зір аталған тексерістердің соңғы деңгей­лері өтіп жатыр. Сол сияқты бізде де ерікті түрде адамдар арасында сыналуы мүмкін. Вак­цина адамдарға ешқандай күштеусіз, тек жеке келісімі арқылы ғана салынады. Бұл дүниежүзілік тәжірбиеге еш қайшы кел­мейді. Енді шындығын айту керек, біздің елде халық саны аз болғандықтан, вакцинаны сы­нақтан толыққанды өткізуге мүм­кін­дігі­міз болмауы да мүмкін. Онымен қоса вак­ци­на шығару және тексеру процестері қы­руар қаржыны талап етеді. Сондықтан бізде шық­қан вакцинаның тексерілуі толық­қан­ды болмауы ықтимал. Сынақ жұмыстары неғұрлым көп адамды қамтыса, соғұрлым вак­цинаның қауіпсіздігі мен әсерін нақты анық­тауға болады. Өзіміз куә болып отырмыз, ПТР сына­ма­лардың дәлелділігі 30 пайыздан асар-ас­пастай. Ал қалған 70 пайыз науқастар қан­дай пневмониямен ауырып жатқанын біз әлі толық анықтап жатқан жоқпыз. Сон­дықтан вакцинаны қай вирусқа шығарып жатқанынан да түсінік жоқ. Бұл менің жеке пікірім, бірақ вирустың нақты қандай түрі екені анықталмай жатып оған вакцина са­тып алу, емдеу асығыс шешім болуы мүм­кін. Алдымен вирустың табиғатын егжей-тег­жейлі зерттеп алу керек. Нақты расталған вак­цина шықпайынша, адамдарға ешқандай екпе жасалмайды. Ондай өнімдерді ком­мер­циялау да – заңсыз. Ұсыныстар болуы мүм­кін, бірақ  адамдардың келісімімен ғана жү­зе­ге асады. Сондықтан бұл нәрседен үрей­ленудің қажеті жоқ. Дерт болған соң, оның дауасы да бары хақ. Жаһандық жанталастың қарқынына қа­расақ,  көп ұзамай бұл вирусты тізгін­дей­тін вакцинаның табылатын уақыты да алыс емес сияқты. Ол кезде вакцинаның халыққа әділ түрде таратылуы мәселеге айналмаса дей­міз. Бұл жағдайда «ауырып ем іздегенше, ауыр­маудың жолын іздейік» деген мәтелді айту­дың да реті жоқ сияқты. Дегенмен вак­цина табылар болса, күллі әлем жұртының үрейі сәл де болса сейілетіні анық.