Жаңалықтар

Иесіз жатқан электр желілері қала меншігіне өтеді

ашық дереккөзі

Иесіз жатқан электр желілері қала меншігіне өтеді

Алматы әкімінің тапсырмасымен қаладағы иесіз жатқан электр желілері қазан айының аяғына дейін қаланың иелігіне беріледі. Бұл апатты жағдайлар туындаған жағдайда жылдамырақ әрекет етіп, коммуналдық қызметтерге тарифті азайтуға септігін тигізбек. Бұл жайында қалалық Энергетикалық тиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев онлайн брифинг барысында айтты. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 700 жуық нысан қабылданған. Иесіз жатқан желілерді қала балансына беру 2 кезеңмен жүргізілген. «Былтыр қараша айына дейін 544 орын бойынша сот шешімі шыққан. Бұл 156 қосалқы станса мен 746 км электр желісі десек болады. Биыл жұмыс наурыз айына дейін жалғасты. Аудандық әкімдіктермен бірге тағы 450 орынды тізімге алдық. Бостандық ауданынан басқа аудандардың иесіз желілері бойынша сот шешімдері бар. Тек Бостандық ауданында жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Әсет Масабаев. Басқарма басшысының айтуынша, Бостандық ауданында 19 трансформаторлық қосалқы станса мен 63 электр желісі бар. Қазір тіркеуге алу рәсімі жасалып жатыр. «Қазір бұл желілердің барлығы Әділет органдарында тіркеуге алынып жатыр. Одан кейін «Алатау Жарық» компаниясының балансына қабылданады. Осы аптада қала әкімінің иесіз желілерді «Алатау жарық компаниясы» балансына беру туралы қаулысы шығады. Одан кейін дербес шоттарды заңдастыру басталады», – деді Ә.Масабаев.