Жаңалықтар

Airbus A320 ұшағының "қара жәшігіндегі" жазба жарияланды

ашық дереккөзі

Airbus A320 ұшағының "қара жәшігіндегі" жазба жарияланды

ВВС-дің хабарлауынша, немістің «Bild аm Sonntag» газеті Францияның оңтүстік-шығысында апатқа ұшыраған Airbus A320 әуе кемесінің «қара жәшігіндегі» жазбаның үзінділерін жариялады. Мәтінде борт капитаны З.Патриктің ұшар алдында дәретханаға бармағанын айтқаны, екінші ұшқыш Андреас Любицтің: «кез келген уақытта ұшақты өз басқаруына алуға дайынмын», – деген сөздері анық жазылған. Бірнеше минуттардан кейін бірінші пилот А.Любицке ұшақты басқаруды тапсырып, өзі кабинадан шығып кеткен. Көп ұзамай ұшақ төмендей бастаған кезде кабинада автоматты дабыл естіледі. Әуе кемесінің командирі кабинаға кіруге тырысып жатқаны, артынша есікті ашу үшін жасалған ауыр соққылардың дыбыстары да жазылып қалыпты. Бірінші ұшқыш: «Құдай үшін мына есікті ашшы!», – деп айқайлаған. «Қара жәшікке» жолаушылардың үрейлі дауыстары да жазылған. Алайда бұл дерек бойынша тергеу жүргізушілер әлі ешқандай ақпарат таратпаған. Тек ұшақ апатында қаза болған 150 адамның 78-інің мүрдесі ДНК арқылы танылғанын хабарлады. Тергеушілер анықталған мәйіттердің арасында әуе кемесінің екінші пилоты Андреас Любицтің денесі де болғаны туралы алдын-ала жарияланған мәліметтерді жоққа шығарды.