Қытайда су тасқыны

Қытайда су тасқыны

Қытайда су тасқыны
ашық дереккөзі
Қытайда толассыз жауған жаңбырдың соңы су тасқынына ұласты. Аспанасты елінің солтүстігінде табиғат апатынан кем дегенде 75 адам опат болды. Хунань провинциясында толассыз жауған жауын-шашыннан 500 мыңға жуық адам зардап шегіп, 18 мың адам эвакуацияланды. 4 мың адам жедел көмекке мұқтаж, жалпы 46 мың гектар алаңды су басты. Гуанси-Чжуанск автономиялық ауданында екі адам қаза тауып, 290 мың адам зардап шекті. 610 үйді су басып, 12 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Қырыққа жуық тас жолда көлік қозғалысы тоқтатылды. Көптеген суландыру құрылғылары қирап қалды. Синьи қаласында алты сағаттың ішінде 429,5 мм ылғал түсті. 8 адам ажал құшып, төрт адам хабар-ошарсыз кетті. Метеорологтар   Юньнань,  Сычуань провинцияларында апат қаупі жоғары екенін ескертті. Айта кетейік, алғашқы жартыжылдықта осыған ұқсас төтенше жағдайлардан 576 адам қаза тапқан екен. Сонымен қатар, 600-ге жуығы із-түзсіз жоғалып кеткен. Осыдан бірер апта бұрын Янцзы өзені тасып, 300-ге жуық адам опат болып, 93 адам хабар-ошарсыз кеткен. 1508 округ пен 28 провинцияда су тасқыны болу мүмкіндігі алдын ала хабарланған болатын. Ал жалпы шығын көлемі 147 миллиард юань, яғни 22 миллиард долларды құраған. Осы қайғылы жағдайға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинге  көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Қытайдың бірқатар провинциясында көптеген адамның өмірін алып кеткен су тасқыны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдады. Қазақстан Президенті ауыр қайғыға ортақтаса отырып, дүлей апаттан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев су тасқыны салдарын тезірек жойып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.