Жаңалықтар

ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы

ашық дереккөзі

ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдау жариялады. Жолдаудың толық нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.  Құрметті отандастар! Құрметті Парламент палаталарының төрағалары, депутаттар, Үкімет мүшелері! Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы күрделі кезеңде басталып отыр. Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды. Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бей-жай қалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер айрықша табандылықтың және зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Бұл Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі деп санаймын.