Мұғалімдерді мектепті жөндеу жұмысына тартқан басшылар жауапқа тартылды – министр

Мұғалімдерді мектепті жөндеу жұмысына тартқан басшылар жауапқа тартылды – министр

Мұғалімдерді мектепті жөндеу жұмысына тартқан басшылар жауапқа тартылды – министр
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке «Педагог мәртебесі туралы» заң нормаларын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмысты жалғастыруды тапсырды. Бұл құжаттың маңызды ережелерінің бірі – мұғалімді міндетіне жатпайтын функцияларға тартудан қорғау, орынсыз есептіліктен босату. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов фейсбук-парақшасында жазды.  «Бұл нормалар жаңа оқу жылы қарсаңында өте өзекті. Министрліктің осыған қатысты қатаң ұстанымдарына қарамастан, өкінішке орай, осы ережелерді бұзу фактілері әлі де кездеседі. Осыдан бірнеше апта бұрын Ленгір мектеп-интернатында әкімшілік іс қозғалды, онда педагогтерді лауазымдық міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартқан. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті оқиға орнына барып, қызметтік тексеру жүргізді. Фактілер расталды және мектеп директорының м.а. әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп жазды министр. Ведомство басшысы бұған дейін Түркістан облысы Кентау қаласындағы Молда Мұса атындағы мектепте де қызметтік тексеру жүргізілгенін айтады. Онда мұғалімді мектепті жөндеу жұмыстарына тартқаны белгілі болған. Бұл факті тексеру барысында расталды. Мектеп директорының міндетін атқарушы да, Кентау қалалық білім бөлімінің қызметкері де әкімшілік жауапкершілікке тартылған. «Жалпы осы қысқа уақыттың өзінде Білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерге жүзден астам өтініш келіп түсті. Нәтижесінде лауазымды тұлғаларға да, білім алушылардың ата-аналарына да қатысты 30-дан астам әкімшілік жаза қолданылды. Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізілетін болады. Заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларға қатысты шаралар мұнымен шектелмейді. Әкімшілік жазалардан бөлек, жұмыстан босату туралы шешімдер де қабылданады. Мұғалімдердің құқығын қорғау – жергілікті аумақтық орган басшыларының да, мектеп директорларының да тікелей міндеті», – деді министр.