Абай мен оның ұлдарына ескерткіш қойылды

Абай мен оның ұлдарына ескерткіш қойылды

Абай мен оның ұлдарына ескерткіш қойылды
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың Семей қаласына сапарында Абай музейі аумағында ұлы ойшыл мен оның ұлдарына орнатылған жаңа ескерткішті таныстырды. Әкімнің айтуынша, Абайдың 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев Семейдегі барлық нысандарды қарап шықты. Оның арасында жаңартылған Абай алаңы бар және 3 труппа қызмет ететін Абай театры актерлер үшін ғана емес, қала тұрғындары үшін де нағыз сый болды. Бұл ретте Абай музейі де жаңаша келбетте көрінді. Келушілер ұлы ақынға тиесілі жәдігерлерді, құжаттарды қарап қана қоймай, мультимедиялық жоба көмегімен Абайдың өмір сүрген кезеңіне саяхаттап, ұлттық аспаптардың қалай дыбыстайтынын ести алады. «Музейдің орталық бөлігінде «Абай және ұлдары» мүсіні қойылған. Авторлар мұнда портреттік ұқсастықты ғана емес, басты ойды – ұлдардың ұлы әкесіне деген махаббаты мен мақтанышын да жеткізе алды», – деп атап өтті Д.Ахметов. Сонымен бірге, әкім Ақшоқы ауылында ақынның отбасына арналған музей ашылғанын жеткізді. Ал Қарауыл ауылындағы жаңа мектепте заманауи IT және физика, химия, робототехника сыныптарынан бөлек жас журналистердің мультимедиялық студиясы да бар. Абай саябағы маңында келешекте жаңа заманауи шағынаудан салынады. «Әрине, басты нысан – Жидебайдағы мемориалдық кешен. «Абай – Шәкәрім» кешенінің жаңа келбеті, заманауи архитектуралық формалары нысанның маңызын арттыра түскені сөзсіз. Бұл қазақстандықтар мен қонақтарымыздың ең көп баратын жері боларына сенімдімін», – деді Даниал Ахметов.