Жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың екінші толқынына дайындалуда

ашық дереккөзі

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың екінші толқынына дайындалуда

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық шараларын жасауда. Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта 185 медициналық ұйымның 132-сі рентгендік диагностикалық кешендермен қамтылған. 2020 жылдың қазанына дейін халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тағы 53 рентген аппараты сатып алынады және жеткізіледі. Бұл ауруханалар мен емханаларды қажетті жабдықтармен 100% қамтуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, биылғы қазан айына қарай өңірлердегі ауылдарға 100 жылжымалы медициналық кешен жеткізіледі. Олар рентген аппараттарымен, УДЗ, ЭКГ және гинекологиялық тексеру құрылғыларымен жабдықталады. «Ауруханалардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 23 890 төсек-орынға оттегі сатып алу жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, 2 578 өкпені жасанды желдету аппараты алынып жатыр, оның 1500-і қазақстанда жасалған, 1 078-і жергілікті бюджет пен демеушілік көмек есебінен алынған. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда 1 958 өкпені жасанды желдету аппараты бар», – деп түсіндірді министрлік. Жедел және шұғыл медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда жасалған 1 967 санитарлық көлік сатып алынды. Тағы 360 көлік отандық тауар өндірушілерден лизинг аясында сатып алынады. Сонымен бірге, елімізде 13 жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр, олар да 2020 жылдың қазанына қарай қолданысқа берілуі тиіс. Нәтижесінде Қазақстанда барлық халықаралық стандарттарға сай келетін 16 жаңа аурухана жұмыс істемек.