Илон Масктың жобасында жұмыс істейтін қазақ қызы: Мұнайға тәуелділіктен арылып, болашақтың технологиясын жасауға талпынсақ...
Илон Масктың жобасында жұмыс істейтін қазақ қызы: Мұнайға тәуелділіктен арылып, болашақтың технологиясын жасауға талпынсақ...
Әлемге аты мәшһүр америкалық кәсіпкер және өнертапқыш Илон Маск 2013 жылы жылдамдығы жоғары Hyperloop вакуумды пойызының жобасын ұсынған болатын. Қазіргі таңда бұл жоба жан-жақты әзірленіп, түрлі тексерістен өту үстінде. Десек те, бұл жобаның маңызын арттыру және Hyperloop концепциясы бойынша мұның прототипін құрастыру мақсатында Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының АҚШ-тың Калифорния штатындағы базасында студенттік командалар арасында жыл сайын байқау ұйымдастырылады. Аталған байқауға қатысу мүмкіндігін иеленген, Hyperloop вакуумды пойыз құрастырумен айналысатын студенттік команда сапында отандасымыз Жанна Ықылас та бар. Жанна қазіргі таңда Флорида университетінің студенті. Отыз адамнан құралған студенттік команданың ішінде жалғыз қыз инженер болып қызмет етіп жүрген небары жиырма жастағы Жаннамен арнайы сұхбаттасқан едік.
– Жанна, әлеуметтік желідегі жазбаларыңызды ақтарсам, әу баста инженер емес, қонақүй менеджменті бойынша білім алғыңыз келген екен. Әдетте қыздар инженер мамандығының қыр-сырын меңгеруге онша ұмтыла бермейді, әйтсе де сізді инженерия саласы несімен қызықтырды?
– Сізге бір қызық айтайын, 14 жасымда әйгілі Marvel киностудиясы әзірлейтін «Темір адам – 3» киносын көріп, мұндағы басты кейіпкер Тони Старктың әлемді құтқару жолында көрсеткен ерлігі мен өжеттілігіне таңғалып, өзім де бұл кейіпкердің әйел нұсқасы болуды армандайтынмын. Оның үстіне, бұл кейіпкердің Илон Масктың прототипі бойынша құрастырылғанын білген кезде, мен тіпті мұндай адамның тек кинода емес, өмірде де бар екеніне ерекше қуанып, мұндай өнертапқышпен бірге немесе дәл қасында болмаса да, оның иелігіндегі жобада жұмыс істегім келген. Десек те, есейе келе өзімді қай саланың маманы болғым келетінін білмей, ұзақ ойланып, қайда оқуға барарымды білмей жүрдім. Сөйтіп, шетелге оқуға тапсыру үшін түрлі агенттіктердің көмегіне жүгіндім. Сондай агенттіктердің бірі Швейцарияның бір жоғары оқу орнындағы қонақүй менеджменті мамандығын жақсылап жарнамалаған соң, көңілім соған сеніп қалды. Сөйтіп, соған түсу үшін француз тілін оқуды қолға алған болатынмын. Алайда менің болашағыма алаңдаған ата-анам бірде: «Мұны бітірдің делік, сосын кім болып жұмыс істейсің? Қонақүйде ресепшнде тұрасың ба? Басқа жөні түзу мамандық таңда!» деп қарсы болды. Сосын француз тілін үйретіп жүрген мұғалімім Францияның оқу орындарына түсу үшін бағымды сынап көруді ұсынды. Оның үстіне, үйден оқу орындарын жарнамалайтын көрмелердің бірінен алып келген кітапшаны тауып алып, мұның арасындағы бір оқу орнына ерекше қызықтым.
Бұл оқу бағдарламасының ережесі бойынша, алдымен екі-үш жыл бойы Францияда, сосын қалған екі жылын әлемнің кез келген мемлекетінде оқып, нәтижесінде қос университеттен қос диплом алып шығасың. Сөйтіп, 2016 жылы Ақтаудағы экономикалық лицейді бітірген бойда Францияның Антип қаласының маңында, анығырақ айтқанда, Ницца мен Канн қаласының ортасында орналасқан Ницца-София Антиполис университетіне (University of Nice-Sophia Antipolis) бизнес және инженерия факультетіне оқуға түстім. Францияда үш жыл оқыған соң, бағдарлама ережесі бойынша мұндағы университетпен серіктестік орнатқан өзге оқу орындарының арасынан келесі оқитын жерді таңдау қажет болды. Сөйтіп, бұл тізімнен әлем бойынша жетекші университеттердің бірі саналатын АҚШ-тағы Флорида университетін таңдадым. Осылайша, Еуропадан Америкаға көшіп, мұндағы Флорида университетінде білім алып жатқаныма бір жарым жыл болды.
– Жалпы, кезінде Илон Маск ұсынған Hyderloop жобасының қажеттілігін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл жобаның басы-қасында жүрген сіз оның маңызын түсіндіріп берсеңіз.
– Hyderloop жобасы негізінен екі компоненттен құралған: капсула және тоннель. Капсула вагоны іспетті дүние. Капсуланы вакуумды тоннель арқылы жүргізеді. Капсуланың іші ұшақтағыдай жасақталады, яғни мұның ішіне кірген жолаушы өзін ұшақта отырғандай сезіне алады. Жалпылама айтсақ, аталған инновациялық технология пойыз бен ұшақтың қосындысы. Десек те, мұны пойыз немесе метро секілді қолдану оңай, қалаған станцияңызға келіп, жоғары жылдамдықпен діттеген жеріңізге лезде жете аласыз. Мәселен, болжаулы түрде айтсам, бұған мінсең, Ақтаудан Алматыға екі сағатта жетуге болады. Мұны қазір мамандар бесінші транспорт түрі деп атап жүр. Қазіргі таңда бұл жоба тек бірнеше маманнан құралған топқа ғана қолжетімді.
– SpaceX компаниясы осы жоба шеңберінде капсула құрастырудан үш-төрт жылдан бері өз базасында студенттік командалар арасында байқау ұйымдастыратыны белгілі. Былтыр сіз командаңызбен аталған байқаудың келесі кезеңіне өткеніңізді хабарлап жаздыңыз. Қазіргі таңда пандемияға байланысты бұл байқау жалғасын таппай қалғаны түсінікті жайт, әйтсе де бұған қатысты қандай жаңалықтар бар?
– Иә, біз былтыр командамызбен Флорида штатынан Калифорния штатына арнайы барып, SpaceX компаниясының ұйымдастыруымен өтетін байқауға қатысқанбыз. Түсінуімше, бұл сайыстың мақсаты – Hyderloop концепциясын іске асыруға болатынын дәлелдеу, жоғары жылдамдықты транспорт жасауға болатынын көрсету, сонымен қатар студенттерге және әуесқой инженерлерге бұл жобаның құрастырылуына атсалысуға мүмкіндік беру. Мұнда тек америкалық командалар емес, сонымен қатар өзге құрлықтан да студенттік топтар бақ сынасады. Қатысушылар SpaceX инженерлері құрастырған тоннельдің ішінде өздері әзірлеп әкелген капсулаларын тексерістен өткізеді. Келесі кезеңнің өтетін мерзім бастапқыда 2020 жылға шегерілді, кейіннен ұйымдастырушылар 2021 жылға дейін шегеріп тастады. Бұған қоса, жарыс өтетін жерде жаңа тоннель салынып жатыр. Мұның өзі біраз уақытты алады. Оның үстіне, пандемия себебінен біз жұмыс істейтін гараж да жабық. Сол себепті қол қусырып отырмау мақсатында басқа жобалармен жұмыс істеудеміз. Ал негізі көздегеніміз – әлгі сайыста топ жару. Біздің команда мен келгенге дейін 2016 жылы бұл сайысқа қатысқан болатын. Жалпы, сайысқа әзірлеп апарған капсуланы SpaceX инженерлері егжей-тегжей тексереді, студенттер өз бетінше құрастырған капсуланың қауіпсіздігін тексереді. Бұрындары өзге командалардың капсуласы сол тоннельдің ішінде тексерістен өту кезінде жарылып кеткен жайттар болған екен. Сол себепті де қыруар қаражатқа салынған тоннельді құртып алмау үшін, мұның әр бұрышы дерлік мұқият тексеріледі. Менің командам сол 2016 жылы бұл жарысқа қатысып, қауіпсіздік тестінен ары өте алмаған. Десе де, былтыр тағы бір мәрте бағымызды сынап көрелік деп, екінші мәрте қатыстық. Илон Масктың өзі «Компанияма жұмысқа тұрғың келсе, жоғары біліміңді растайтын диплом керек емес. Бастысы – бірдеңе құрастыра білсең болғаны» деп айтады. Сол себепті бұл – оның таланттарды танбай тануға арналған жобасы.
– Жазбаңыздан белгілі болғандай, ара-тұра сізді «біздің анамыз» деп те атайды екен...
– Иә, негізі қалжыңдап айтады. Жұмыста әркімнің лақап аты бар. Кейде жұмысқа небір тәттілер әзірлеп әкелемін. Сосын үнемі хал сұрасып, жағдайларын бақылап жүремін. Жалпы, бұл біздің менталитетімізде бар дүние ғой. Оның үстіне, жоғарыда айтып кеткенімдей, бөгде елдің азаматымын. Олар менен Қазақстан туралы көп сұрайды. Сол себепті олар командасында мен секілді өзіндік ерекшелігі бар инженер қыз жұмыс істейтініне разы.
–Жаңа бір сөзіңізде мұндағы оқудың аяқталуына үш тоқсан қалғанын айтып қалдыңыз. Оқу аяқталғанда, аталған командадан кетесіз бе, әлде қалай?
–Иә, команда құрамында қалу үшін студент болуың керек. Ал мен үш тоқсаннан кейін оқуымды тәмамдаймын. Әлгі байқаудың келесі кезеңі оқуым аяқталғанша өткізіледі деп үміттенемін. Оның үстіне, Илон Маскты көзбе-көз көргім келеді. Себебі ол жыл сайын бұл байқаудың шымылдығын ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйлейді. Сосын жарыс барысында студенттермен араласады, өз ойымен бөліседі. Сол себепті онымен жақыннан танысу арманым орындалса екен деймін.
– Қос университеттің дипломын алған соң, қай жерде жұмыс істеуді жоспарлап отырсыз? Әлде оқуды әрі қарай жалғастырасыз ба?
– Алдағы екі-үш жыл болашақтың технологиясын әзірлеумен айналысатын ірі компанияларда инженер ретінде жұмыс істегім келеді. Ол болмаса, балама энергия көздерімен айналысатын компанияда қызмет еткім келеді, себебі өзім тек мұнайды қолданудан алшақтау керек екенін қос қолмен қолдап жүрген болашақ инженердің бірімін. Сосын әлбетте, бакалавриат бөлімімен шектеліп қалмай, магистратура бойынша білімімді ұштағым келеді. Жалпы, Gatorloop командасында жұмыс істеу білімім мен біліктілігімен үлкен ықпал тигізді, бұл кәдімгі жұмыс өтілі ретінде есептеледі. Сізге айтарым, мен мамандық таңдаудан жаңылыспаған жанмын. Осы ретте мамандық таңдауда екіойлы болып жүрген жастарға айтарым, әркім өз жүрегін тыңдау керек екен. Сосын өз-өзіңе деген сенімің нық болуы қажет. Мен инженерияны таңдар кезде көпшілігі түрлі пікір айтса да, ешкімді тыңдамадым. Бізде көп ретте мамандықтың мәніне бойламай, жүрдім-бардым таңдай салады ғой. Десек те, болашақта «өз табысым өзіме жетеді» деп отыратындай, ешкімге алақан жаймайтындай деңгейде жұмыс істейтіндей өзіңе ұнайтын маман иесі атануың керек. Сосын жастар тың дүние жасаудан қорықпаса екен деймін. Уақыт өзгеруде, заман ағымына бейімделу керек. Бұл – табиғат заңдылығы, кім бұған бой үйретпесе, эволюциядан қалыс қалады. Сол себепті небір үрдістер мен жаңалықтарға ілесетін қазақстандық студент болашақтың технологиясын құрастыратын мамандар қатарынан табылатынына сенімдімін.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ