Шеткі ауыл көшсе, ортаңғы ауыл шет болады
Шеткі ауыл көшсе, ортаңғы ауыл шет болады
Бүгінде барлық саланы «жасарту», яғни әр салаға жас мамандарды жұмылдыру қарқынды түрде іске асып, игі үрдіске айналғаны рас. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің, партия қатарын жаңашыл жастармен толықтыру, мәслихат пен парламентке жастарды тарту қоғамның әлеуметтік сұранысы, заман талабы десек болады.
Қазіргі уақытта біз мемлекеттің дамуы үшін жаңа, тың идеялар мен көзқарастар жоқ дегенді жиі айтамыз. Сондықтан билік институттарына, әсіресе заң шығарушы органдарға жастар ауадай қажет-ақ. Күн сайын қарыштап дамыған әлемнің бір кірпіші болып қалану үшін жаңа, прогрессивті нарықтық сананың, технократтық ойлау мен жаңашыл болмыстың керек екені айтпасақ та түсінікті. Бір жағынан жастардың жауапты қызмет атқарып, қоғамдағы мәселелерге араласуы ұрпақаралық вакуумның пайда болмауына да септігін тигізетіні анық.
Заң шығарушы органдардағы жастардың үлесі қандай?
2016 жылғы 20 наурызда Мәжіліске кезектен тыс сайлау өткізілді. VI сайланған Мәжіліс депутаттарының орташа жасы – 55 жас. 40 жасқа дейін – 7 депутат, 40-тан 60-қа дейін – 77 депутат, 60 жастан асқан 23 депутат бар. Ал мәслихаттарда 2020 жылдың 1 қаңтарында 3 335 орын болса, олардың ішінде 20-29 жас аралығындағы 53 жас қана бар екен. Жақында сайланған Сенат депутаттарының орташа жасы – 56 жас.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың мамыр айында «Саяси партиялар туралы» Қазақстан заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. «Бұл заң қоғамдық-саяси қатынастардың демократиялық жолмен одан әрі дамуына ықпал етеді деп ойлаймын», – деді Президент Ұлттық сенім кеңесі отырысында. Жаңа заңға сәйкес енді Парламенттегі депутаттар санына келсек, 30 пайыздан 100 пайызға дейін әйелдер мен жастар болады. 30 пайыз ең төменгі көрсеткіш болып белгіленді, бұдан да көп болуына ешқандай кедергі-тосқауыл жоқ екені де көп айтылды.
– Бұл заңдардың жобасы қаралған кезде Мәжілістің жұмыс тобына мен өзім де қатыстым. Талқылап, жан-жақты қарастырып, осы 30% болу керек деген тоқтамға келдік. Бұл – ең төменгі көрсеткіш. Одан әрі жоғары болатын болса, оған ешкім шектеу қоймайды. Егер саяси партиялардың тізімінде әйелдер мен жастардың үлесі 40, 50, 70 пайыз болса, оған ешкім шектеу қоймайды деген ұсынысқа тоқталдық. Сол қабылданды, – дейді «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың праймериз кезінде сапалы сайлауалды партиялық тізімдерді жастар үшін 20 пайыздық квотаны енгізу арқылы қалыптастыру жөніндегі ұсынысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрамы 300 адамнан тұратын Жастар кадрлық резервін қалыптастыру туралы шешімін тудырған болатын. Олардың мемлекеттік қызметтің барлық сатысында жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар. Бұл қатарға қосылғысы келген жастардың қатары қалың болды. Байқаудың әділ өткенін, кейбір атақты кәсіпкерлер мен белгілі саясаткерлердің балалары өтпей қалғанын ақпарат құралдары жарыса жазды.
Көптеген елде өз жемісін берген жоба бізде де жақсы нәтиже беретініне, осыдан санаулы күндер бұрын басталған праймериз, партияішілік іріктеу де жастар үшін көптеген мүмкіндікке жол ашатынына зор үміт артылып отыр. Үміттің ақталуы, әрине уақыт еншісінде.
Жас келсе, іске…
Квоталау саясаты, негізінен айтарлықтай кең таралған халықаралық тәжірибе саналады. Арнайы партиялық квоталар Еуропа елдерінде жиі қолданылады, атап айтсақ Германияда, Норвегияда, Францияда және Бельгияда жиі кездеседі. Аталған нормалар заңмен бекітіледі.
Жоғарыда атап өткеніміздей, жастардың билікке келуі әлемдік тенденцияға айналғалы қашан. Мәселен, Италияда XVIII легислатура депутаттарының палатасына сайланған парламентшілердің орташа жасы 44 жас екен, бұл жақта өмір сүру ұзақтығы да жоғары екенін атап өткен жөн.
Жастардың жауапты әрі маңызды қызметтерді атқаруы осы заманда ғана үрдіске енбегенін тарихтан білеміз. Қаншама хандарымыз, батырларымыз бен билеріміз жиырмаға жетпей-ақ жасындай жарқылдаған. Әлем тарихы мен әдебиетінде де мысалдар жетерлік. Сондықтан жастардың тәжірибиесіздігін алға тарту арқылы ғана жауапты жұмыстардан шектеуге болмайтыны анық.