Советтік Қазақ автономиясы қалай әзірленді?

Советтік Қазақ автономиясы қалай әзірленді?

Советтік Қазақ автономиясы қалай әзірленді?
ашық дереккөзі
Бүкілресейлік Орталық Атқару Ко­митеті мен Халық Комиссарлары Советінің Қазақ Республикасын құру жөнінде шығарған Декретіне биыл 100 жыл толып отыр. Оны дайын­дау­ға екі жылдай уақыт кеткен болатын. Бүкілқазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің Жаһанша Досмұхамедов бас­таған делегациясы 1918 жылғы нау­рыз­дың соңында Мәскеуге келіп, Совнарком бас­шыларымен тікелей келіссөз жүргізген-ді. Екінші Жалпықазақ съезінің хаттамасын тапсырған, Кіші Совнаркомда жұмыс істеп, Алаш Ордасы мекемелерін советтік рельске ауыс­тыру жобасын жасаған. Совет үкіметі Ала­шорда делегациясына Наркомнац кұра­мында қазақ істерімен шұғылданатын арнайы комиссариат ашуға және таяу мезгілде қазақ автономиясын жария етуге уәде ет­ті. Сондай уәдені төте желі арқылы Семейдегі орталық Алашорда басшыларына да бер­ді. Бірақ делегацияға қомақты қаржы бө­ліп, Мәскеуден шығарып салысымен уағ­даластықтан тайқып кетті. Бұл «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің жергілікті советтермен санаспай, тікелей орталық Совет өкіметімен қарым-қатынас жасауынан шығарған қо­ры­тындылары болатын. Жер-жердегі кеңес­тік өкілдерге «досмұхамедовтердің бур­жуа­зиялық автономиясын мойындарынан сы­­пырып тастау» жөнінен жаңа нұсқаулар бе­рілді, «қазақ территориясының авто­номия­сын советтік негізде жариялау жо­бала­натыны» хабарланды. Содан Советтік Қазақ автономиясын дайындау жұмыстары басталды... 1918 жылғы 11 мамырда Ұлт істері жө­нін­дегі халық комиссариатының жанынан Қа­зақ бөлімін ашуға қаулы алынды. Әліби Жан­гелдиннің ұсынысы бойынша бөлім бас­тығы болып, совет идеяларын бірден қа­был алған, Жангелдиннің сенімді кө­мек­шісіне айналып, Торғай съезінде об­лат­ком­ның жауапты лауазымына сайланған ескі ре­жим интеллигенттерінің бірі Мұхамедияр Тұн­ғашин тағайындалды. Қазақ бөліміне күр­делі де жауапты міндеттер жүктелді. Ақ­­тардан азат етілген батыс аудандарда жер­гілікті Кеңестерді ұйымдастыру, Совет өкі­меті алаулатқан Қазан революциясының идея­ларын үгітшілер мен баспасөз арқылы май­данға шектес және ақтар билеп тұрған Жайық сырты даласындағы аудандарда на­сихаттау, шаруашылық мәселелерімен қа­тар ұлттық әскери бөлімдер құрумен шұ­ғылдану мәселелері ұдайы күн тәртібінде бол­ды. Кездесіп тұрған түрлі қиындықтарға қарамастан, Наркомнацтың қазақ бөлімі осы міндеттердің орындалуына әрдайым қол жеткізіп отырды. Бөлімнің негізгі жұ­мысы Бөкей ордасында жүргізілді. Петроградтан сатып алынған баспахана 1918 жылдың соңына қарай Ордаға орналастырылды. Баспаханада қазақ тілінде тарайтын «Дұрыстық жолы» газеті 10-15 мың данамен, cондай-ақ түрлі саяси әдебиет, кітапшалар, үгіт-насихат материалдары шығарылып тұрды. 1919 жылдың басынан Бүкілқазақ съе­зін шақыру және қазақ даласының Советтік автономиясын жариялау ісіне дайындық жасауға кірісті. ВЦИК-тің 1919 жылғы 4 сәуірдегі қау­лысында: «Қазақ істері бойынша ко­миссар. Тұнғашиннің сұраухатына жауап ретінде Бүкілқазақ съезін Орынбор қа­ласына шақыруға рұқсат етілсін», – делінді. Наркомнац соған сәйкес 5 сәуірде бас­тама­шы топ құрамын бекітті. Бастамашы топ­тың 1919 жылғы 25 сәуірде Ордада өт­кіз­ген алғашқы мәжілісінде «съездің бағ­дарламасын және халыққа үндеу жазу жж. Лукашев, Қаратаев, Счетчиков, Шомбаловқа тапсырылсын», – деген қаулы шықты. 26 сәуір­де болашақ автономиялық респуб­ли­ка­ның аумағы мен шекарасы, сайлау өткізу­ді ұйымдастыру, мемлекеттік елтаңба мен конституция жобасын жасауға конкурс жа­риялау мәселелері қаралды. 28 сәуірде бо­лашақ Бүкілқазақ съезінің күн тәртібі бе­кітілді. Сондай-ақ осы отырыста «жж. Қара­таев пен Счетчиков жазған үндеу толы­ғымен қабыл алынсын» деп шешілді. Бастамашы топтың қорытынды мәжілісінде съез­ге делегаттар сайлау принциптері мен тәртібі талқыланды. Бүкілқазақ съезі «1919 ж. жаңа стиль бойынша маусымның бас­тапқы күндерінде Орынбор қаласында, егер Орынборда өткізуге мүмкіндік болмаса, онда Орал, Хан ордасы немесе Ақтөбеде шақы­ры­лады» деп ұйғарылды. «Саған қазір бұрын орын­далмайтындай көрінген аңсаулы ар­маныңды жүзеге асыру мүмкіндігі берілді, саған қазір өзіңнің құқықтық дербестігіңді алу мүмкіндігі берілді!» – дей отырып, жұрт­шылыққа: «Қазақ бауырлар! Съезге жігерлене дайындалыңдар! Өздеріңнің толық се­нім­деріңе кірген өкілдерді делегаттыққа сай­лаңдар!..» – деген ұран тасталды. Наркомнацтың Қазақ бөлімі Автономия жариялауға дайындық жұмыс­тарын ерекше тиянақтылықпен жүргізген­мен, азамат соғысындағы күрделі жағдайға, май­дандарда туған жаңа қиындықтарға байланысты, көзделген съезд жобаланған уа­қытқа шақырылмады. 1919 жылғы ма­мыр­да Дала өлкесінің Төтенше комиссары Әліби Жангелдин Қазақ Совет авто­номия­сын құру мәселесі бойынша әуелі Наркомнац И.Сталиннің, одан Предсовнарком В.Ле­ниннің, сосын тағы да Сталиннің қа­был­дауында болып, ағымдағы жағдайдан туын­даған мәселелер мен оларды шешу жол­дары жөнінде ақылдасты. Ертеңіне Ста­линнің басшылығымен Ұлт істері хал­ко­матының оты­рысы өтті. Сол мәжілісте өл­ке­ні бас­қара­тын әскери-революциялық ко­митет құ­ру және оның ережесін жасау жайын­да маңызды шешім қабылданды. Құ­рылатын Қазақ революциялық комитетінің әртүрлі қырларын пысықтауды көздеген бірқатар комиссия мамыр-маусым айларында жұмыс іс­теді. Қазақ бөлімі тікелей қа­тысып, Қаз­рев­ком Ережесі жасалды. Жоба 1919 жылы 25 маусымда Ұлт істері, Ішкі істер, Жер-су, Сыртқы істер халкомат­тары­ның, Бүкілресей Бас штабы мен Түркістан Рес­публикасының өкілдерінен құралған ве­домствоаралық ко­­мис­сияда қазақ делега­циясының (Әліби Жан­гелдин, Мұхамедияр Тұнғашин, Құ­сайын Бекентаев, Байқадам Қаралдин) қа­тысуымен қаралды. Қазақ өл­кесін басқа­ра­тын Революциялық комитет туралы уақыт­ша ереже 1919 жылғы 10 шіл­деде Предсовнарком Лениннің төра­ға­лы­ғымен өткен РКФСР Халкомкеңесінің қау­лы­сымен бе­кі­тілді де, сол күні Ленин Қаз­ревкомды құру туралы Декретке қол қой­ды. Бұл құжат өл­кедегі жергілікті бас­қару органдары мен со­веттік автономияны жа­саудың басы, Қа­зақ Республикасын ұйым­дастырудағы ал­ғаш­қы қадам еді. Қазақ өлкесінің автономиясы жа­рия­ланғанға дейін өлкені басқаратын Революциялық комитеттің қолына өлкені бас­­қарудағы жоғарғы әскери-азаматтық би­лік шоғырландырылды. Қазревкомның ал­ғашқы құрамында ревком төрағасы – Ста­нислав Пестковский, мүшелері – Әліби Жан­гелдин, Бақытжан Қаратаев, Сейітқали Мең­дешев, Ахмет Байтұрсынов, Әбдірахман Әй­тиев болды. Қазақ өлкесінің террито-риясы Түркістан республикасының, Қазақ съе­зінің және орталық Совет өкіметінің ке­лісімімен анықталады делінді. Оған дейін Рев­комның қарауына Астрахан губерния­сындағы қазақ территориясы, Орал, Тор­ғай, Ақмола және Семей облыстары кіретіні атап көрсетілді. Ревкомның ұйымдас­ты­рылуы­на байланысты Наркомнацтың қазақ бөлімі таратылып, орнына ВЦИК жанынан Қа­зақ өлкесінің үш адамнан тұратын өкіл­дігі құрылды. Қазақ бөлімі құрған Бөкей ор­дасындағы комиссияның орнына Қазрев­комның жанынан ашылатын бөлім Қазақ өл­кесінің жалпы съезін шақыратын болды. Ере­жеде барлық атқарылуға тиіс мәселе 19 тар­­маққа бөлініп, нақты тұжырымдалды. 1919 жылғы 7 тамызда Ревком төра­ғасы Пестковский партияның Орта­лық комитетіне, Халкомкеңеске, Ұлт істері халкоматына, Ұлтхалкоматтың қазақ бөліміне жеделхат салып, Қазревкомның тұрақты жұ­мыс орнынан Орынборға келіп жеткенін ха­барлады. Ревкомның қысқа мер­зім ішінде ұйымдық тұрғыда қалып­тасуына РК(б)П Орынбор губерниялық ко­митеті жан-жақ­ты көмек көрсетті. Алғаш­қы кезде Қаз­рев­ком аппаратында тек мү­шелері мен бірлі-жа­рым жергілікті ин­тел­лигенттерден тар­тылған қызметкерлер істеді де, күш-жігер не­гізінен жергілікті ревкомдармен, Орал, Орын­бор басшы органдарымен байланыс ор­натуға және ере­же­ге сай қызмет жүргізуге қа­білеті жететін аппарат жасақтауға жұм­сал­ды. 1919 жылғы қыркүйектің басында бө­лімдер ұйым­дас­тырылды. Қазревкомның 12 қыркүйектегі отырысында алғашқы сай­лаулар өткізіліп, ашық дауыспен ревком тө­ра­ғасының орынбасары, әскери комиссар, ішкі істер, қаржы-шаруашылық, халық ағар­ту, азық-түлік жә­не әлеуметтік қамсыз­дан­дыру бөлім­дері­нің меңгерушілері сай­лан­ды. Кейінірек заң, жер өңдеу, денсаулық сақ­тау, еңбек, совнархоз (кеңестік халық шаруашылығы), ақ­парат, полиграфия бө­лім­дері, жалпы кеңсе, тергеу комиссиясы, өл­келік әскери трибунал, жұмысшы-шаруа инс­пекциясының өлкелік комиссариаты құ­рылды. Қазрев­ком­ның аппаратын құ­рай­тын осы мекеме­лердің барлығында 1919 жыл­дың соңына қарай 138 қызметкер іс­теді. Революциялық ко­митетке, оның бас­шы­лығы мен мү­ше­леріне өздеріне жүк­тел­ген міндеттерді орындау үшін кең көлемдегі өкі­леттілік берілді. Бұлар академик Салық Зи­мановтың ға­лымдар С.Дәулетова, М.Исма­ғұловпен бір­ге жазған «Казахский революционный ко­митет» атты еңбегінде жан-жақ­ты зерделенген. Қазревком облыстардағы халық шаруа­­шылығын, мәдени-әлеуметтік жә­не саяси-әкімшілік тыныс-тіршілікті ті­ке­лей де, облревкомдар, облаткомдар ар­қы­лы да басқаруды жүзеге асырды. Жергі­лікті Со­веттерді нығайту, оларды сайлау және қай­та сайлау шараларын ұйым­дас­тырды. Кеңес билігінің іргесін кеңейте түсу­ді қам­тама­сыз етті. Ресейдің көрші об­лыстарының қарауындағы қазақ жерлерін біріктіру жө­нінде елеулі жұмыстар атқарды (мәселен, Сі­бір ревкомы қарамағындағы Челябинск ау­дандық басқармасының құ­зырына беріл­ген Қостанай үйезін Қазақ өлкесі ревкомы­ның қарамағына қайтару жайында Ахмет Байтұрсынов егжей-тегжей­лі баяндама жа­сады, 1919 жылғы 13 қыр­күйек­те үш жер­ге – ВЦИК-ке, Ленинге және Қа­зақ өкіл­дігі­нің басшысы Құсайын Бекен­таевқа Қаз­ревком атынан жеделхат жолданды, ал 16 қыр­күйекте баяндаманың өзі табыс етілді). Рес­публикалық режимде жұмыс істеп тұр­ған дербес құрылым Батыс Алашордамен к­еліс­сөздер жүргізді. Бөлімшенің күллі әс­ке­рімен, қару-жарағымен, мүлкімен Кеңес өкі­меті жағына шығуына қол жеткізіп, 1920 жы­л­ғы 5 наурыздағы қаулысымен Алаш Ор­даны мемлекеттік орган ретінде мүлдем жойды. Ревкомның бірден қолға алған шаруа­сы – Бүкілқазақ съезін шақыру мә­се­­лесін тиянақтау болатын. Бұл ретте ол Нар­­комнацтың қазақ бөлімі жүргізген жұ­­мыстарды жалғастырды. 1919 жылғы 15 қыр­­күйекте Ерекше комиссия құрып, оған съез­­ді шақыру жөнінде нұсқаулық әзірлеуді тап­­сырды. Комиссия бірінші кезекте Кеңес­тер­дің Бүкілқазақтық съезіне делегаттар сай­лау тәртібін жасаумен шұғылданды. Уез­дерде Совет өкіметін құратын уақытша рев­комдар тағайындауға өкілеттілік беріп, өкіл­дерін жер-жерге іссапарға аттандырды. 1919 жылғы 17 желтоқсаннан «Ұшқын» (бү­гінгі «Егемен Қазақстан») газетін шығара бас­тады. Қазревкомның хабаршысын («Из­вес­тия Киргизского военревкома»), қа­зақ тілінде түрлі саяси-көпшілік әдебиетті, оқу құ­ралдарын, парақшалар мен үндеулер шы­ғаруды жолға қойды. 1919 жылғы жел­тоқ­санда ВЦИК Башқұртстан, Татарстан, Қа­зақстан істері бойынша мәжіліс өткізді. Бас­қа мәселелер қатарында Қазақ өлкесінің ше­карасы туралы мәселе қарап, түбегейлі ше­шімін табуды ВЦИК-тің әкімшілік ко­мис­сиясына тапсырды. Әкімшілік комис­сия­дағы даулы талқылауларға қатыса келе, Қаз­ревком 1920 жылғы 16 мамырда «Қазақ республикасының шекарасын айқындау жө­ніндегі комиссия туралы» арнайы мәселе қа­рады. Комиссияға қазақ республикасы тер­риториясына кіргізілуі тиіс аумақтарды ай­қындап, болашақ республиканың шека­ра­ларын дәл белгілеу, Совнаркомға ұсыныс, Бүкілқазақ съезіне баяндама жобасын әзір­леу, республиканың ішкі әкімшілік бө­лінісінің жобасын жасау тапсырылды. 20 ма­мырда Алашорданың бұрынғы қызмет­кер­лерін пайдалану жөнінде ұсыныс әзір­леу, «өлке шекарасын белгілеу жайындағы ко­миссияның» жұмысын нақты ұйымдас­тыру қаралды. Орал губерниясының Қазақ өл­кесі құрамынан бөлінуі туралы туындаған мәселе бойынша Орал губревкомымен мақ­сат­керлік келіссөз жүргізілді. Қазақ өлкесіне Ақмола, Семей облыстарын қосу мәселесінде де 1920 жылғы шілдеде қиыншылықтар ұшы­расты. Қазревкомның саяси комиссия­сы Омбы, Семей, Ақмолада жүргізген жұ­мыс­тар, Сібір ревкомымен келіссөздер оң нә­тиже бермеді. Осы шамада Сібревкомның әкімшілік бағынысындағы Петропавл, Көк­шетау, Омбы үйездері қайда қарайтынын шешу үшін Қазревком ВЦИК-тің Әкімшілік комиссиясына өтініш түсірді. Сондай-ақ Қазревком солтүстіктегі үйездер мен облыс­тарды қазақ өлкесіне қосу шаруасымен тү­бегейлі шұғылдану үшін өз тарапынан «Солтүстік комиссиясын» құрып, осы Комиссия 1920 жылғы маусымда іссапармен терістіктегі аудандарға шықты. Ал Қазақ өлкесіне Сырдария мен Жетісу облыстарын қосу шаруасы өзінше жеке қаралуы тиіс мәселе еді. Осы мәселе және аталған облыс­тар­мен қоса Маңғыстау, Красноводск үйез­дерін де Қазақ өлкесі құрамына беру жө­нінде келіссөз жүргізуі үшін Қазревком 1919 жылғы 11 қарашада өз өкілін тағайын­дап, Түркістан республикасына жіберген. 1920 жылы Қазревком бұл мәселені ВЦИК-тің қарауына шығарды. Ал 27 наурызда Түр­кат­комнан Орал облысына экономи­калық және саяси тұрғыдан аса жақын адайлықтардың Қазөлкенің әкімшілік ба­­ғы­нысында болуы дұрыстығын мойындауды ресми сұрап, Адай мен өзге де көш­пен­ділер істері бойынша Ерекше комиссия құр­­ды. Бүкіладайлық Кеңестер съезі өткі­зі­ліп, Адай үйездік ревкомы сайланды. Қазревком Түркаткомға, Каспий сырты (Закаспий) облревкомына тиісті өтініш жол­дап, «Маңғыстау үйезінің Қазөлкеге қо­сылуы­на қарсы еместігін» тұжырымдаған ке­лісімін алды. Мәселе болашақ респуб­ликаның аумақтық шектерін талқылаған Мәскеудегі тамыз мәжілістерінде біржола шешімін тапты. Осы қысқа шолудан байқалатындай, қа­зақ жерлерін біртұтас республика шаңырағы астына жинауда Қазақ ре­­волюциялық комитеті елеулі рөл атқарды. Қаз­ревком 1920 жылғы маусымда Ұлт істері жө­ніндегі халкоматқа «Қазақ өлкесінің ау­мағы мен шекаралары туралы» деген атпен Қазақ Совет автономиясын құру туралы жобаны әзірлеу алдындағы құжатын ұсын­ды. Онда «Қазақ республикасының шека­ра­ла­рын анықтағанда ең алдымен ескерілуге тиіс жағдайлар» көрсетілді. Өлкеде қа­зақ­тардан басқа, орыс шаруалары мен жұ­мыс­шыларының көптеген өкілдері тұратыны, өл­кенің өз экономикалық, өнеркәсіптік жә­не мәдени орталықтары мүлдем жоқ, олар­сыз қалыпты өмір сүру мен дамудың мүмкін болмайтыны айтылды. «Қазақ өл­ке­сі­нің саяси және өнеркәсіп орталықтары (Астрахан, Орал, Орынбор, Қостанай, Ом­бы, Семей, Ташкент) шет аймақтарда жатқандықтан» туатын қиындықтар тізіліп, аймақтарда қалыптасқан байланыстарды үзбеу керегі, сондай-ақ күрделі жер мәсе­лесін шешу бағыттары атап көрсетілді. Қаз­ревкомның бірер мүшесі өзінше ой қо­рытып, ревком бекіткен құжатта көрсетіл­ген аумақты бір жағынан, «буржуазия­лық ұлт­шылдар өз ықпалын арттыру үшін пай­даланып кетеді», екінші жағынан, «орыстар игерген терістік және шығыс жолақтарды Қазөлкеге беру ...осы аумақтардағы орыстар­дың толқуын туғызады» деген қауіп айтты. ВЦИК Төралқасы мәселені өз қолына алды. Қазреспубликаны басқару, оның шекаралары жайындағы мәселелерді талқылауға Омбы, Челябинск, Орынбор, Орал, Ташкент, Хан ордасынан өкілдер шақырды. Қазревком Сталиннен шақыру ал­ған бойда бірқатар дайындық жиынын өткізді. Айрықша комиссия құрып, оған Орталықта талқыланбақ мәселелерге байланысты қажет материалдар жинақтау міндетін жүктеді. Сонымен бірге ВЦИК-тің жанындағы Қазревком өкілдігі 22 адамнан тұратын «Мамандар комиссиясын» құрды. Комиссияға шұғыл түрде «өлкенің тарихи, этнографиялық, табиғи және экономикалық жағдайы туралы деректерге» сүйене отырып, Қазақ республикасы шекарасының жобасын және ықтимал шектерінің картасын жасау міндетін артты. Қазревком өл­келік делегацияның құрамын 1920 жылғы 8 және 20 шілдедегі шешімдерімен белгіледі. Мәжіліс Мәскеуде 9 және 10 тамызда, екі күн бойы болашақ қазақ автономиясы аумағын айқындауға байланысты мәсе­лелерді мұқият талқылады. 12 тамызда Ленин үшінші мәжіліске төрағалық етті, онда мәжілістің қорытындысы, талқылау кезінде бой көрсеткен келіспеушіліктер қаралды. Ленин мәселеге маңызды саяси мән берді, алауыздық туғызған күрделі мәселелердің бірқатарына өз пікірін білдіріп, дұрыс шешіп берді. 14 тамызда Нар­комнац алқасы Казақтың Советтік Республикасын құру туралы Декреттің жобасын бекіту туралы шешім қабылдады. Қазақ өлкесінің шектерін ресми рәсімдеу мәселесі осылай жұмысшы және ведомствоаралық комиссияларда келісілгеннен соң, оны 17 тамызда ВЦИК Төралқасының Әкімшілік комиссиясы қарады. Наркомнацтың ұсынған жобасы бірлі-жарым елеусіздеу өзгерістер жасалып бекітілді. Әкімшілік комиссия бекіткен осы жоба алғаш рет сол күні, 17 тамызда, екінші мәрте 24 тамызда Халкомкеңестің Ленин төрағалық еткен отырыстарында талқыланды. Құжат жобасы мақұлданып, ВЦИК-тің қарауына жіберілді. Қазақ халқының мемлекеттілігін жасауды әзірлеу жолында 1918 жылы мамырда Ұлтхалкоматтың қазақ бөлімі бастаған, одан Қазревком 1 жыл 1,5 ай жүр­гізген ізденіске толы үдеріс күтулі нәтижеге қол жеткізді: 1920 жылғы 26 тамызда тарихи Декрет дүниеге келді. Автономиялы Қазақ Республикасы Ресей Социалистік Федеративтік Советтік Республикасының бөлігі ретінде құрылды. Автономиялы қазақ мемлекеттігінің құрамына Семей облысы (Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қар­қаралы үйездерімен), Ақмола облысы (Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уез­дерімен) және Омбы үйезінің қазақтар тұратын бір бөлігі берілді. Қазревком мен Сібревкомға өзара келісіп, Омбы үйезінің Қазақ және Сібір бөліктерін дәл межелеу міндеттелді. Торғай (Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Торғай үйездерімен) және Орал (Орал, Ілбішін, Темір, Гурьев үйездерімен) об­лыстары, Закаспий облысының Маңғыс­тау уезі, осы облыстағы Красноводск үйезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахан губерниясының Синемор болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Теңіз жаға­лауы округтеріне жапсарлас бұрынғы қазыналық оброк жерлерінің аумағы республика құрамына қосылды. Қазревкомға Теңіз жағалауы жолағы және Сафронов, Ганюшкин, Николаев болыстары қаратыл­ды. Астрахан атқару комитеті жанынан Қаз­ревком мен Астрахан аткомының өкіл­дері кіретін комиссия құрып, халқы аралас облыстардағы өзара қарым-қатынастарды мұқият ретке келтіру көзделді. Ал Түрк республика құрамындағы қазақ тер­рит­о­рия­­ларын Қазреспублика құрамына қосу сон­да тұратын жұрттың ерік-жігеріне бай­ланысты шешіледі деп көрсетілді. ...Жетпіс бір жыл совет туын көтерген ғұмыры ақыры аңсаулы тәуелсіздікке ұласқан республикамыз бұдан жүз жыл іл­геріде дүниеге осылай келген еді...  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты