Жаңалықтар

Даладай дархан, баладай аңғал...

ашық дереккөзі

Даладай дархан, баладай аңғал...

«Қарты бар елдің қазынасы бар» еке­ні ақиқат. Қаладағы ұл-қыз­да­ры­ның үйіне келген сайын немере-шө­берелері мен жиендерін айналып-тол­ғанып отырып, олар «Әже, әңгіме ай­тыңызшы» деп қол­қалағанда өз өмі­рі­нен небір қызық­ты хикаяларды шерте жө­нелетін Ұл­мекен Жаманқұлқызы апа­мыздың үл­гісі, өнегесі бүгінгі за­ман­дастарымызға үлкен сабақ болып қал­ғаны анық.  Ол кісі он үш жасынан бастап колхоз­дың есе­бін жүргізіп, өз кәсібіне әбден төсел­ген жан. Сондықтан да, үнемі көпшілікпен ара­ласып, ауылдағы барлық істің басы-қа­сында жү­реді. Бірақ өз үйінің тіршілігіне қо­лы тие бер­мейді. Сол себепті үй тірлігіне қа­тысты бар­лық жұмыс менің мойнымда. Таңер­теңгілік малға қараудан бастап, қора тазалау, үй ішін жинастыру, кір жуу, бау-бақ­ша суғару сияқты толып жатқан жұ­мыс­тардың бар­лығы маған қарап тұрады. Оның арасында Қанекеңнің үйге ертіп келетін қонақтары тағы бар. Оларға арнап дастар­қан жайып, қой сойып, бас үйітіп жатамыз. Се­бебі колхозда қонақүй, асхана деген­дері­ңіз атымен жоқ. Бола қалған күннің өзінде қо­нақтарға үй көрсетпей қайтару ата сал­ты­мызға қайшы. Қазақ деген атымыз бар емес пе?! Кейде ауылда қой соятын адам болмай қа­­лады. Әр үйдің өзіне лайық тіршілігі бар. Бі­реу базарға, біреу ауданға, енді біреу құда­лыққа кетеді. Ондай кездерде тым болмаса, қойды бауыздап беретін еркек кіндікті та­был­­мас па екен деп зыр жүгіремін. Ата сал­­ты­мызда әйел адамға мал бауыздауға бол­­май­ды ғой... Әне, сөйтіп, қазан көтеріп, қонақ күтіп абыр-сабыр болып жатушы едік. Оқта-текте үй ішінде Қанекең екеуміз оңаша қалып, шай ішіп отырғанда: «Әй, осы біз колхозға кел­­ген кісілердің бәрін неге күте береміз? Бас­­қа үйлер де бар емес пе?» деп мұң шақ­қан­дай боламын. Оны несіне жасырайын. Қа­­некең болса, менің бетіме қадала қарап, аз-кем ойланып қалады да: «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген, қонақ күткеннен біз зиян шекпейміз. Керісінше, ырыс-несібеміз арта түседі. Ал енді... басқалар да бар емес пе де­геніңе келсек, «Арқыраған жігітті үйінде көр» дегендей, кон­торда керіліп-созылып оты­ратын кейбір жі­гіттердің ондайда жүні жы­ғылып қала­ты­нын көзіміз көріп жүр. Мен саған, ризамын, Қазақ» деп басын шұл­ғып, жымиып қояды. Әйтсе де, затың әйел болған соң үй шаруа­­сына көп алаңдайсың. Қонақ күтуді айт­пағанда, күнделікті отбасымызға қа­жет­ті азық-түлік, киім-кешек, қорадағы малдың жем-шөбі – бәрі-бәрі ойыңда тұрады. Оны да кейде отағасына наз етіп айтасың. Ал ол кісі өз кезегінде «бүгін-ертең бәрін үйіп-тө­гіп әкеліп тастаймын» демегенімен, жылы қа­бақ танытып, жарайды десе, көңіліңе әжеп­тәуір демеу болып қалады. Әйел кісі бір жағынан, күйеуіне өкпесін айт­қан болып отырып та шер тарқатады емес пе? Сондай күндердің бірінде мен де Қанекеңе: «Колхоздың жұмысынан басқа ештеңені ойламайсың. Таң атқанда кетесің, күн батқанда келесің. Елдің еркегіне қа­ра­шы әне, азанда малына қарап, кешке тү­ген­деп, қорасына кіргізіп, жем-шөбін салып жа­тады. Сенің онымен ісің жоқ. Өзің де қо­нақ сияқты келіп-кетуді ғана білесің» дей­мін. Қанекең жарықтық, менің сөзімді бөл­мей, басын шұлғып отырып тыңдайды. Содан соң: «Еңбек күнін Қансейіт есептеп, ауданға есеп беріп, ай сайынғы жалақысын қо­лына әкеліп беріп отырған соң, олар малға да, жанға да қарауға уақыт табады. Ал ақшаларын уақытылы ала алмай, арыз айтып жүрсе, бәрі де өз басымен қайғы болып ке­тер еді. Мен солар үшін жұмысқа ерте ба­рып, кеш қайтып жүрген жоқпын ба?..» дей­ді. Әрине, Қанекеңнің айтып отырған сөзі рас. Ертелі-кеш ел қамын ойлайтын кісілер бол­маса, ауылың тарап кетуге айналады. Осы ауылдан көшеміз дегенімізде, қалың көп­шіліктің Қанекеңе қолқа салып: «Тым бол­маса тағы бір жыл жұмыс істеп, өзіңізге із­басар дайындап кетіңіз. Сіз келгелі ең­бе­кақымызды кешіктірмей алып, еңсеміз кө­теріліп қалды!» дегенін қалай ұмытайық? Сонда да болса, әуелгі өкпенің сарқын­ды­сын­дай: «Еш болмаса, азанда жұмысқа барарда қорадағы малға бір көз салып, қарап кет­сең болады ғой» деген бір сөз аузымнан шы­ғып кетеді. Сөйтіп жүргенде бір күні әдет­тегідей ерте оянып, жылы киініп, қора­ға келсем, Қа­н­екең шарбаққа асылып, қора­дағы малға қарап тұр. – Әй, не болды? – деймін оған жақындай бере. – Не болушы еді? Малға қарап тұрмын ғой, – дейді Қанекең. – Қойлар аман ба екен? Сиыр орнында ма? – деймін оның қораға  қарағанынан біртүрлі күдіктеніп. – Бәрі орнында. – Ендеше неге тесіліп қарайсың? – Әй, Қазақ, өзің емес пе ең, күнде: «Мал­ға қара, малға қара!» деп құлағымның құ­рыш етін жеп жүрген. – О, тоба-а! Өзімнен-өзім таңғалып, басымды шай­қап күліп жатырмын. – Ойбай-ау, «малға қарау» деген осы ғой деп тұрмысың?! Оған су беру, шөп салу, қора та­залау деген болмай ма?! – Әй, Қазақ, – дейді Қанекең жымиып. – Бүгінге менің осы қарағаным да жетер. Жаңа­ғы айтқандарыңды кейін істейін. Ал, мен жұмысқа кеттім! Сөйтті де, Қанекең конторға қарай тарт­ты. Ал мен болсам, оның соңынан қа­рап тұрып, бұл өзі, шынымен-ақ әзілі ме, шы­ны ма деп екіұдай күйде қала бердім. Бі­р­ақ Қанекеңнің өстіп «малға қарауының» өзі-ақ иығымдағы біраз жүкті жеңілдетіп кет­кендей болды. *** Қазір анық есімде жоқ, одан бері көп уа­қыт өтті ғой. Жаңылмасам, күз мезгілі еді-ау деймін. Күндегідей қора жаққа барсам, біреу есік­ті ашып, қойды өріске шы­ға­рып жіберіпті. Көршілердің бірі ме екен де­дім де қойдым. Ауыл арасында бір-бірімізге ондай-ондай қолғабыс жасайтын кез­дері­міз жиі болып тұрады. Әсіресе, бірер күн­ге қыдырып, ағайын-туыстарға барып қайтқан кезде үй-жай, қора-қопсыны емін-еркін тап­сырып жүре береміз. Бірақ олар малды мұн­шалықты ерте шығармаушы еді деп ойлаймын ішімнен. Сол күні ертелетіп үйге бір әпкеміз бен жез­деміз қыдырып келіп қалды. Таңғы шай­ды ішіп отырып екеуі айтсақ па, айтпасақ па  де­гендей бір-біріне қарап, бір кезде: «Әй, сен­дер қойды қасқырға бақтырып қоятын болғансыңдар ма? Жаңа ауылға кіре берісте қалың шеңгелдің арасынан бір топ қой ай­дап бара жатқан көк бөрілерді көрдік» демесі бар ма? Жүрегім су ете қалды. Бүгін қо­ра­дан ерте шы­ғып кеткен біздің қойлар бір бәлеге ұрын­баса жарар еді деген күдік кел­ді ойыма. «Сендер шайды өздерің құйып іше беріңдер» деп атып тұрдым. Сөйтіп, есім шығып, әлгі жаққа ентігіп жү­­гіріп келсем, ауылдың бір-екі кісісі әр жер­де жайрап жатқан қойларға қарап, басын шайқап тұр екен. Бәрі де өзіміздің адал ең­бек, маңдай терімізбен тапқан малымыз. Көз алдым қарауытып, басым айналып кет­ті. Қараңқалғыр қасқырлар жеті қой, бір еш­кімізді жайратыпты... Ауыл іші у-шу. «Бұл қойлар неге бөлек жайы­­лып кеткен? Неге ауылдың малына қо­сылмаған?» дейді. «Білмеймін. Бүгін қора­дан өздері шығып кетіпті» деймін мен күй­зе­ліп. Аудан орталығына ерте аттанып кеткен Қа­не­кең бүгінгі болған жайды кешкілік ес­тіп, мені жұбатуға кірісті. – «Малым – жанымның садағасы» деген, Қа­зақ. Сен оған бола күйінбей-ақ қой. Бас аман болса, мал табылады. Бәле-жаланың бәрі сонымен кетсін! – Жарайды... Шайыңды іш, – деймін мен ен­ді өзімнен өзім басылып, даусым жұм­сарып. Екеуміз біраз уақыт үнсіз отырып шай іше­міз. – Құдай-ай, кім екен қойларды таң атпай шығарып жіберген? – деймін мен шыдай алмай. Қанекең  «тағы да бастадың ба?»  дегендей ақырын ғана басын шайқап: – Мен білемін кімнің шығарғанын, – дей­ді. – Кім? – деймін мен оның бетіне қадала қа­рап. – Қазір барып, шаңын аспанға шы­ға­райын! – Кім болушы еді?.. – дейді Қанекеңнің дау­сы пәсейіп. – Мен... мен едім... – Қа... қалай? – деймін шайға қақалып қа­ла жаздап. – Сен қораға жоламаушы ең ғой?.. – Өзің емес пе, өткенде: «Малға қарау де­ген былай болады» деп үйреткен. Содан... ен­ді... қой қорадан ертерек шығып, жайыла бер­сін дегем... – Ойбұ-ұй, – деймін мен бетімді шымшып. – Таң атқалы бері қойларды кім шы­ға­рып жіберді деп айран-асыр боп жүрсем. Кінәлі адам үйде отыр екен ғой! Кешкі тамақты жеп, шайға тойып алған Қанекең басын шұлғып, езу тартып қояды. «Енді қалай жазаласаң да, өзің біл, Қазақ» дегендей сыңай байқалады түрінен. «Өмір – күрес» деген екен ғой бір даныш­пан кісі. Ендеше, сол майданда ер адам  жауынгер, әйел адам  тылдағы еңбеккер се­кілді болмай ма? Қанекең бұл жолы бай­қамай өз ауылын өзі шаба жаздаған аңғал батырға ұқсап отыр. Не де болса, үндемедім. Іштен тындым. Ең бастысы, ер-азамат аман болсын. Бүгінгі шығынның орнын ертең өзі толтырар. Осы орайда тағы да бір оқиғаның есіме тү­сіп отырғанын қарашы. Ендеше, оны да іркіп қалудың жөні бола қоймас. Айта кетейін. Ол кезде Қайнарбұлақтан көшіп, Бөген сов­хозының орталығындағы қара шаңы­ра­ғымызда отырғанбыз. Бір күні күтпеген жер­ден тауық соятын болдық та қалдық. Қа­некеңнің ыстық сорпа ішкісі келді ме, әлде бір-екі таныс кісі үйге кіріп-шығамыз деді ме, анығы есімде жоқ. Әйтпесе, үйде жыл­қының да, қойдың да еті бар еді. Тауық­ты Қанекеңнің өзі соймақ болды. «Апыр-ай, мынау бір жақсы жаңалық екен» деймін ішімнен күліп. Біраздан соң немерелеріміздің бірі жү­гіріп келіп: «Атам бір құманға жылы су құйып әкел» деді деп, бір құман су алып кет­ті. Артынан тағы біреуі: «Атам шылапшын әкел» деп жатыр деп, есік алдында тұрған ескі кіржуғыш шараны ала жөнелді. «Апыр-ай, Қанекең тауық союды ың­ғай­сыз көріп, қой союға кірісті ме екен?» деп қоямын. Бір кезде қораның ішінен пытыр-пытыр еткен дыбыс шықты да, бала-шаға улап-шулап бірдеңені қуып кеп берді. Ары-беріден соң мен де шыдай алмай, сонда бар­дым. Сөйтсе-е-ем... Басы жоқ бір тауық өңе­­шінен қан шапшып, зырылдап қашып жүр. Бір қолына пышақ, бір қолына тауық­тың басын ұстап, Қанекең аңтарылып қа­рап тұр. О, тоба-а! Бұрын қой түгілі, лақ сойып көр­меген отағасы әлгі байғұс тауықтың ба­сын шорт кесіп алып, осымен іс бітті деп тастай салған ғой. Ал анау, жаны шықпаған құс қанатын са­балап, бет алдына қаша жөнелген. Иә, сөй­тіп... сондай да бір қызықты көргенбіз, шы­рағым. Осы оқиғадан кейін Қанекең көп­ке дейін: «Әй, Қазақ, сенің қолыңнан ке­летін тіршілік менің қолымнан келмейді екен» деп өкініп жүрді. Ал мен оған: «Қа­неке-ау, оның есесіне сенің қолыңнан келетін тірлік жұрттың қолынан келмейді ғой» деймін. Бұл әрине, имандай шыным. Қазір, міне, күліп отырып көзіме жас ала­тын кездерім болады. Себебі ол күндер­дің бәрі де Қанекеңмен бірге алыстап кетіп, са­ғынышқа айналды. Бұл күнде соның бір үзігін еске алғанның өзіне қуанасың. Ең бас­тысы – ертелі-кеш елім деп, жерім деп тер төгіп жүрген азаматтың қолы бір қалт ет­кен шақта үй ішіне, өмірлік жарына қол­ғабыс етсем деген асыл ниеті, шынайы көңі­лі қымбат қой, шіркін.  

Әңгімені жазып алған

Нұрғали ОРАЗ