Атажұрттан жеткен ән шашу
Атажұрттан жеткен ән шашу
Таяуда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен шетелдегі қандастарға арналған «Ұлы дала елінен» деген онлайн концерт өтті. Айтулы шараны Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» және «Қазақконцерт» ұйымы бірлесіп ұйымдастырды.
Өнерімен талайы тамсандырған TURAN этно-фольклорлық ансамблінің бұл жолғы онлайн концертін де көрермен қауым жоғары бағалады. Өнерпаздар халық ұлттық музыкалық мұрасын жаңғыртып, ұмыт бола бастаған төл аспаптардың сүйемелдеуімен өздерінің үздік туындыларын тыңдарманға ұсынды. Көненің көзіндей сақталған дәстүрлі әуендерді заманауи жаңа форматта қайта жаңғыртты. Өнер әлемінің табалдырығын аттаған 12 жыл ішінде әлемнің 70 еліне гастрольдік сапарға шығып, 600-ден астам жеке концерт берген. Ұлт мәдениетінің дамуына зор үлес қосып жүрген ансамбл мүшелері Серік Нұрмолдаев, Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев сынды таланттарымызды айрықша атап өтуге болады.
– Әлемнің 44 мемлекетінде біздің қандас бауырларымыз тұрады. «Ұлы дала елінен» деген концерт шеттегі ағайынды қолдауға арналады. Басты мақсатымыз – әлемді дүрліктірген індет кезінде шетелде тұрып жатқан барша қандастарымызға медеу болып, рухани тұрғыда демеу беру, сондай-ақ қазақ тілін меңгеру және салт-дәстүрімізді дамыту.
Жұқпалы індетке байланысты бірқатар жобаға түзетулер енгіздік. Бұл – үлкен жобамыздың алғашқысы. Жоспарымызда тағы осындай екі концерт ұйымдастыру бар, – дейді «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов.
Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген өнерпаздар концерті шетелдегі қазақ диаспорасын қолдауға, қандастармен мәдени және рухани байланысты нығайту мақсатында өткізіледі.
– Сіздерге өзіміздің өнерімізді паш еткелі отырғанымызға қуаныштымыз! Көңіліміз толқып, қуанып отырмыз. TURAN этно-фольклорлық ансамблі 2008 жылы құрылған. Ол кезде топ мүшелері жап-жас консерватория студенті едік. Одан бері міне 12 жыл өтті, біраз жетістікке жеттік. Өнеріміздің арқасында әлемнің біршама жеріне бардық. Қазақтың ұлттық аспаптарын барған жерімізде кеңінен таныстырдық. Басты мақсатымыз – ұлттық өнерімізді насихаттау, – дейді TURAN этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі Мақсат Медеубек.
Шетелде тұрып жатқанымен, қандастар Қазақстандағы жағымды жаңалықтарды қалт жібермей бақылап, қуанышымызбен бөліседі. Алыстағы ағайын атажұрттан әуелеп жеткен музыкалық сәлемді қабыл алып, жылы лебіздерін жеткізді.
Гаухар ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ (Иран):
– «Отандастар қоры» онлайн концерт болады» деп хабарлағанда атажұрттан жеткен жаңалықты асыға күткен жайымыз бар. Танымдық мәні зор, санадағы образдарды қайта жаңғыртып, рух берген концерт болды. Бұл топ шет елдерде «Қазақ елінікі» деп мақтанып, таныстыруға лайықты музыкалық туындылар ұсынып жатқанына қуаныштымын. Орындаушылар мен ұйымдастырушыларға мың да бір алғыс!
Шабан Серкан ДИНЧТҮРК (Түркия):
– «Отандастар қоры», Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Қазақконцерт» ұйымы қандастарымыз үшін тамаша бір концерттік жобаны ұсынды. Жүрегімізге жігер, жанымызға рух берген ұлттық аспаптарымыздан орындалған музыкалық тартуды зор ықыласпен қабыл алдық. Жүрегіміз тебіреніп, көңіліміз босап онлайн өткен концертті тамашаладық. Қандастар атынан ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілегімді жеткізгім келеді.
Торғын ТӘШЕНОВА (Ресей):
– Қазіргі уақытта ұмыт бола бастаған ұлттық аспаптарымыздан сан түрлі әуендер шертілді. Шеттегі қандастарға осындай ұлттық дәстүрімізге тән рухани шараларды көптеп ұйымдастырса дегім келеді. Себебі атажұрттағы бауырларымыз бізге арнап өткізген кез келген шара қуаныш сыйлайды. Онлайн өткізілген концертті көре алмаған қандастарымыз қордың Youtube желісіндегі Otandastar channel каналынан көре алады.