Мықтылар айқындалатын дода – Нұртөре ЖҮСІП
Мықтылар айқындалатын дода – Нұртөре ЖҮСІП
– Елбасы Н.Назарбаев алдағы праймериз «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып саналатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Ал бүгінгі қоғам «Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты бойынша шынайы және мықты көшбасшыларды партия қатарына тарту мен белсенді және бастамашыл азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» құруға қаншалықты дайын?
– Елбасы «Бүкіл еліміз бойынша ауқымды праймериз өткізу биліктегі партияның «қайта жаңғыруының» нәтижесі болады» деді. Шынын айтуымыз керек, бұған дейін елімізде мұндай партияішілік іріктеу өткізілген жоқ. Халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылып жүрген партия белсенділерін ашық таңдаудың бұл тәсілі елдегі бастауыш партия ұйымына үлкен серпін беретіні сөзсіз. Праймериз өткізудегі басты мақсат – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді тұлғаларды анықтау. Яғни, партияның әр өңірде өткізетін ішкі сайлауы десек те болады. Праймериз арқылы партияда білек сыбана іске кірісетін белсенділер іріктеледі. Әрі халықтың партияға деген сенімін нығайта түспек. Бұл ел өміріне елеулі серпіліс әкеледі. Азаматтар өз қарым-қабілетін сынап көреді. Елмен бетпе-бет жұмыс істеуге қабілетті жаңа толқын саясат сахнасына шығатын күн алыс емес деп ойлаймын.
– Праймеризге қатысуға «Nur Otan» партиясының мүшелерімен қатар қоғам өміріне бейжай қарамайтын, дарынды да креативті барша қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Осы ретте праймеризге қатысушылар саны көп болғанымен, сапасы қалай болар екен деген сауалдың туындайтыны анық.
– Сапасы дегенде, бір нәрсені анық ұғынуымыз қажет. Праймериз дегеніміз – демократияның көрінісі әрі әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ететін ішкі саяси дода. Демек, қарапайым азаматты да, ертең Мәжіліс, Мәслихатта отыратын азаматты да әлеуметтік лифт арқылы қалыптастыруға болады деген сөз. Ол үшін идеясы бар, көшбасшы ретінде танылған, кез келген сәтте халықтың ортасынан табылатын, халықтың ішінен шыққан, жөн білетін азаматтар партияға келгені жөн. Біз сонда ғана жемқорлықтан арылып, әділдікке жол ашамыз. Дамудың даңғыл жолына түсеміз десек, осындай саяси додалар қажет-ақ.
– Кей әкімдер мәслихатқа өзіне ыңғайлы, қарсы шықпайтын депутаттардың сайланғанын қолай көретіні жасырын емес. Праймериз мықтыларды анықтайды десек, осы мәселеде белсенді жастардың билікке келуіне кедергі болатын жайттармен қалай күресу керек?
– Праймериз ашық түрде, электронды, онлайн форматта жүргізіліп жатқандықтан, «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді деп есептеймін. Кез келген адам интернет арқылы барлық жаңалықты бақылай алады. Қазір праймеризге кім қатысып жатқаны, кім ұсынылғаны, қай аудан, қай облыстан қандай кандидат бар, бәрі ашық көрсетіліп тұр. Бұл жерде сіз айтқан әкімдердің белсенді жастардың билікке келуіне кедергі жасайтын да мүмкіндігі жоқ. Сондықтан праймериз әділ өтіп, «кіл мықтының ішінен кім мықты?» дейтіндей, кіл мықтылар оза шауып, партияда жаңару процесі жүзеге асады деген сенім мол.
– Праймериз ашық және әділ өтуі үшін қандай мәселелер назардан тыс қалмауы керек?
– Праймериз дегеніміз – партия ішіндегі «айтыс». Яғни, ертең сайлау науқаны басталғанда ел арасына шығып, қоғамды дамытуға арналған бағдарламасын таныстырып, ашық пікірталас арқылы өздерін көрсете алатын тұлғалар қалыптасады. Осылайша, үміткерлердің саяси ұстанымы мен ұсыныстары ел алдында ашық, жариялы түрде саяси пікірталаста анықталатын болады. Суырылып шыққан мықтылар, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілінеді.
Тағы бір мәселе бар. Бізде әлеуметтік желідегі энергетика өте қуатты: жұрт кейде не болса соны сөз етіп, бөстекі әңгіме, желікпе жағдаяттарға ден қойып жатады. Енді осы нәрсе өзгеретін шығар. Біз жер-жерде жергілікті бюджеттің қалыптасуын және орындалуын қадағалауымыз қажет. Әлеуметтік желідегі белсенділер осындай өмірлік мәселелерге бет бұрса жөн болар еді.
– Праймериз біздің елде алғаш өтіп тұр. Десе де, өзге өркениетті елдерде мұндай жолмен іріктеу жасау бұрыннан бар. Осындай тәжірибелерге сүйенсек, жалпы бұл жүйенің басты тиімділігі неде деп ойлайсыз?
– Бұл – Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер бастауы. Ең бастысы – ашықтық, еркіндік. Шын жүйріктер топқа түсетін дода болған соң, мұның қоғамға беретін тұсы да көп. Заман өзгерісі осындай үрдіске алып келді. Өркениетті қоғам құру басты мұратымыз болса, әлемдегі оңтайлы саяси технологияларды пайдаланғаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ