Үнзила Шапақ: Конституция – мемлекет пен азаматтар арасындағы жария шарт

Үнзила Шапақ: Конституция – мемлекет пен азаматтар арасындағы жария шарт

Үнзила Шапақ: Конституция –  мемлекет пен азаматтар арасындағы жария шарт
ашық дереккөзі
– Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 25 жыл болады. Ширек ғасыр уақыт ішін­­де Ата заңымыздың ай­ба­ры, заңдық қуаты қай дең­гей­де болды? Бір сөзбен айт­қан­да, Тәуелсіз жас мемле­кет­тің азаматтарын құқықтық тұр­­ғы­дан толық қорғай алды ма? – Конституция дегеніміз – ұлт­­тық сая­си-құқықтық жүйенің өзегі, еліміздің мем­ле­кеттілігі мен егемендігінің, қолданыстағы заң­нама мен құқық қолдау практика­сы­ның, заң­дылықтың құқықтық не­гізі. Конституция – мемлекет мен адамдардың арасында құ­рыл­ған қоғамдық жария шарт. Қа­зақ­стан Конс­титуциясы «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қа­зақ­стан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және та­ту­лық мұраттарына берілген бей­бітшіл азаматтық қоғам деп ұғы­на отырып, дүниежүзілік қоғам­дас­тықта лайықты орын алуды ті­лей отырып, қазіргі және бола­шақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құ­қығы­мызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деп басталады. Кіріс­педе Қазақ­стан Республикасы мемле­кетінің, оның егемендігінің, тәуелсіздігі мен конституциялық құрылы­сы­ның тұ­ғыры Қазақстан халқы еке­ні көрсетілген. Осы жылдар ішінде Қазақ­стан­ның Конс­титуциясы өзінің жо­ғары әлеуетін көр­сетіп, бейбітшілікті, татулықты және елдің берекелі дамуын, қазақстандық­тар­дың әл-ауқатының өсуін қам­тамасыз етті. Конституцияның басты ерекше­лік­тері­нің бірі – ол елдің бүкіл аума­ғын­да тікелей қолданылуы және бұлжыт­пай орындалуы. Қолданыстағы Конституцияда мемлекет адамның және азаматтың әлеуметтік құқықтарына шынайы кепілдіктер берген. Оларға неке мен отбасы, ана мен әке жә­не бала мемлекеттің қорғауында болуы, әр­кімнің еңбек ету және кәсіпкерлік қыз­метпен айналысу бостандығы, тұрғын үй­мен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау, заң­мен мөлшері көрсетілген медициналық тегін көмек алу, тегін орта білім алу, кон­курстық негізде ақысыз жоғарғы білім алу, жасына қарай әлеуметтік қамсыздандыру, әлеу­меттік сақтандыру, сонымен бірге ауыр­ған, мүгедек болған, асыраушысынан айы­рылған жағдайда әлеуметтік қамсыз­дандыру және қайырымдылық көтермелену т.б. жатады. Бүгіндері осы конституциялық құқық­тар қолданыстағы заңдардың нақты нормаларында баянды етіліп, адамдардың күн­делікті өміріне берік енді. Мысалға, мемлекет азаматтарға тегін ор­та білім алу құқығына кепілдік береді. Бұл ретте азаматтардың орта білім алу міндеті белгіленген. Азаматтардың орта білім алу міндеті әлемнің көптеген дамыған демократиялық мемлекеттерінің конституцияларында бекітілген. Көрсетілген міндет олардың азаматтығына қарамастан, осы мемлекеттің юрисдикциясындағы бар­лық жеке тұлғаларға қатысты. Нәтижесінде мұндай міндет тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да жүк­те­леді, сондай-ақ отбасына қосылу мақса­тында Республикаға келгендердің де білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуына Рес­публика азаматтарымен құқығы бірдей. Қазақстан Республикасында азаматтардың жо­ғары білім алуы міндетті емес. Азамат мем­лекеттік жоғары оқу орнында конкурс­тық негізде тегін жоғары білім алуға құ­қылы. Халық денсаулығы туралы ҚР кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің ке­пілдік берілген көлемі Қазақстан  азаматтары мен қандастарға, сондай-ақ Қазақ­станның аумағында тұрақты тұратын шет­ел­діктерге және азаматтығы жоқ адам­д­арға бюджет қаражаты есебінен ұсы­ны­лады және барынша дәлелденген тиімділігі бар профи­лактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер көр­сетуді қам­тиды. Қазақстан Үкіметі белгілеген халық санаттары үшін паллиативтік көмек және мейірбике күтімі кіреді. Бұдан басқа, белгілі бір жағдайларда те­гін медициналық көмектің кепілдік бе­рілген көлемін көрсету үшін дәрілік заттармен қамтамасыз ету көзделген. Қажетті саяси-құқықтық, әлеуметтік-эко­номикалық және басқа да жағдай­лар­дың жетілуіне қарай Республиканың Конституциясы да қазіргі заманғы сын-қатер­лер мен трендтерге барабар жетілдірілді. Осылайша, оның жасампаздық мүмкін­діктері кезең-кезеңімен кеңінен ашылып, азаматтар мен мемлекеттік органдардың оған деген қажеттілігі артты. Ширек ғасыр ішінде: 1998, 2007 және 2017 жылдары үш конституциялық реформа жүргізілді. – Бұған дейін үш рет конституция­лық реформа жүргізілді дедіңіз. Қара­пайым халық Ата заңға не себептен өзгеріс енгізілетіні жөнінде хабарсыз. Қан­дай жағдайда Конституцияға өз­герістер мен толықтырулар енгізіледі? Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз. – Конституцияға қандай жағдайда өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізілетіні жө­нінде Конституцияда арнайы бап бар. Ол 91-бап. Мұнда кейбір баптарға мүлде өзгеріс енгізуге болмайтыны да айқын көр­сетілген. Конституцияға екі жолмен ғана өзгеріс енгізуге болады. Оның біріншісі, референдум арқылы жүзеге асады. Референдум өткізілген жағдайда халық түгел қатысып дауыс бере алады. Қазіргі Конституция 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Екіншісі, Парламент депутаттарының дауыс беруі арқылы негізгі заңға өзгеріс енгізуге болады. Парламент депутаттары дауыс бермес бұрын ен­гізілетін өзгеріс жөнінде алдын ала қо­ғамдық талқылау болады. Егер талқ­ы­лау­ларда халық өкілдерінің қарсылығы басым болса, онда өзгеріс енгізілмейді. Мәселен, 2017 жылы Конституцияның 26-бабына қа­тысты енгізілетін өзгеріс халық қарсы­лығы ескеріліп, өзгертілген жоқ. 1998 жылғы 7 қазандағы Қазақстан заңы­на сәйкес Негізгі заңның үш жылдық қол­данылуы негізінде Конституцияның он то­ғыз бабы нақтыланды және толық­ты­рыл­ды. Парламент Мәжілісінің тепе-тең өкіл­дік ету жүйесі бойынша ауыстырылатын құрамы он мандатқа артты. Прези­дент­тің айрықша құзыреті және қосымша депутаттық бақылау өкілеттігі, сондай-ақ заң шығарушылардың Мемлекет басшысы келіспейтін конституциялық түзетулер енгізу мүмкіндігі есебінен Парламенттің по­зициясы біршама күшейтілді. Конституция әкімдерді (облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астанадан басқа) Республика Президентi айқын­дай­тын тәртіп бойынша сайлау (немесе та­ғайын­дау) туралы ережемен толықтырыл­ды. Еліміз XXI ғасырдың басында қол жет­кіз­ген жетістіктердің жаңа жағдайында сая­­си жүйені ауқымды түрде демокра­ти­зация­лау 2007 жылғы 21 мамырдағы Қазақ­стан заңы негізінде жүзеге асырылды. Екін­ші рет Конституцияның қырық бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. – Үшінші рет – 2011 жылғы 2 ақпандағы Қа­зақстан заңымен Конституцияның бір ғана 41-бабы түзетілді. Ол Республика Пре­зидентінің кезектен тыс сайлауын өткізу мүм­кіндігі туралы 3-1-тармақпен толық­тырылды. Толықтыру енгізу Парламент қа­былдаған заңмен және Конституциялық Кеңестің шешімімен Республика Пре­зи­дентінің өкілеттігін референдум арқылы ұзарту туралы бес миллионнан астам қа­зақ­стандықтың бастамасы арасындағы ке­неттен туындаған коллизияны алып тас­тау бойынша ел Президенті – Елбасының әрекетімен болды. Конституциялық реформаның төртін­ші кезеңі 2017 жылғы 10 наурыз-дағы ҚР заңы­на сәйкес жүзеге асырылды. Конс­ти­туция­лық Кеңестің Жолдауында атап өтіл­гендей, 2017 жылғы конституциялық реформа «Қазақстан – 2050» Стратегиясының, Қазақстанның бәсекеге қабілетті отыз мем­лекеттің қатарына кіруі аясында қоғам мен мемлекетті кезең-кезеңмен және жан-жақ­ты өзгеруі жолында жаңа әрі заңды са­ты болды. 2017 жылғы 10 наурыздағы ҚР заңына сәйкес мемлекеттік биліктің бірлігі мен бөлінуі принципі негізінде Президент, Парламент және Үкімет арасында билік өкілеттіктерін қайта бөлу жүзеге асырылды, Мемлекет басшысының конституция­лық мәртебесі нақтыланды, оның кейбір функциялары Үкіметке берілді, Үкіметтің Парламентке есеп беруі және бақылауында болу тетігі күшейтілді, Жоғарғы Соттың сот жүйесіндегі функцияларын айқындайтын түзетулер және т.б. енгізілді. Бесінші рет – елорда Астана қаласының атауы Нұр-Сұл­тан деп өзгертілді.  width= – Жалпы, біздің халқымыздың құ­қық­тық сауаты қай деңгейде деп ой­лай­сыз? – Құқықтық сауаттылықтан бұрын құ­қық­тық мәдениет деген ұғым бар. Қо­ғам­ның құқықтық мәдениетін арттырмайынша, конституциялық құндылықтарын то­лық түсінбейінше әлеуметтік теңдікті ұғы­ну, толыққанды бостандықты сезіну, мейірімділікке бөлену және бақытқа ұмтылу сияқты басты құндылықтардан қағылатын болады. Конституцияда көрініс тапқан, бекітілген құндылықтар мен адам толыққанды игерген нақты құндылықтар сәйкес келгенде ғана әлеуметтік теңдік ор­найды. Адамдар армандаған, Негізгі заң­да бекіткен қоғамында өмір сүре алады. Құқықтық мәдениет деңгейі төмен қоғамда конституциялық құндылықтар да қауқар­сыз. Олар тек жазылған декларациялық сипаттағы ережелер болып қалады. Конс­титуциялық Кеңес негізгі қызметінен бө­лек, конституциялық құндылықтарды түсіндіру мен насихаттау және қоғамның конституциялық мәдениетін арттыру жө­нінде жүйелі шаралар өткізеді. Оқушы жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру жөнінде мақсатты жұмыстар жүргізілуде (конкурстар, іскерлік ойындар, кездесулер, ашық есік күндері, отырыстарға шақыру және басқалар). Биыл жылдың басынан бастап мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар оны іске асыруға кірісті. Ұлттық жоспардың шеңберінде 25 жыл ішіндегі Конституцияның тарихына, адамның конституциялық құқықтарының дамуына арналған деректі фильмдер дайын­далды. Қазірдің өзінде Президенттің Телерадиокешені, Қазақстан ұлттық арнасы, Хабар телеарналары, Nur Media холдингімен және басқа да БАҚ-тармен бірлесіп фильмдер, бейнероликтер түсірілді. Жыл басынан бері барлық өңірде конференциялар, дөңгелек үстелдер, дәрістер, ашық са­бақтар және басқа да іс-шаралар өт­кі­зілуде. Оларға еңбек ұжымдары, ЖОО, колледж пен мектеп оқушылары тартылды. Прак­тика көрсеткендей, қатысушылар өздерінің конституциялық құқықтары мен міндеттерін, оларды қорғау мен қалпына келтірудің заңды құралдарын білуге үлкен қызығушылық танытады. Арнайы әде­биетті шығару бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Конституциялық Кеңес 7 кітап пен жинақ басып шығарды. Өздеріңізге белгілі болғандай, елорда күні қарсаңында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасының Тәуелсіз Қазақ­станның конституциялық құрылысындағы рөлі» кітабының таныстырылымы өтті. Негізгі заңды әзірлеу мен оның ережелерін іске асырудың бастауында Елбасы тұрды. Биыл  «Жыр арқауы – Ата заң» деген ақын­дар өлеңдерінің жинағы жарық көрді. Жинаққа қазақстандық ақындардың Конституция мен онда бекітілген құндылықтар туралы шығармалары енгізілген. Сол сияқ­ты «Бала өрген Ата заң» атты балалар сурет­терінің жинағы, еліміздің жоғары оқу орындарымен бірлесіп, алғаш рет «Қазақ­стан Республикасы Конституциясының энциклопедиялық анықтамалығы» қазақ тілінде жарық көрді. – Сіз Конституциялық Кеңестің мү­­шесісіз. Кеңесте 7 мүше болатынын бі­леміз. Не себептен тек қана 7 адам? Со­нымен қатар осы кеңестің қызметі жә­не кеңес мүшелерінің мәртебесі мен мін­деті жөнінде айта кетсеңіз. – Қазақстанда  Конституциялық ба­қы­лау институты 1989 жылғы Қазақ КСР Конс­титуциясына толықтыру енгізген кез­ден бастау алады. Конституцияның ал­тыншы бөлімі Республикада консти­ту­ция­лық бақылауды іске асыратын Конс­ти­туциялық Кеңестің тұғырын қалайтын нормаларды баяндайды. Ол Сот жүйесіне кір­мейді, Қазақстан бүкіл аумағында Негізгі заң ретінде Республика Конституция­сы­ның жоғары тұруын қамтамасыз етеді. Конс­титуциялық Кеңес жеті мүшеден тұра­ды. Төрағасы мен екі мүшесін ел Пре­зи­денті тағайындайды, Парламенттің Сенат мен Мәжілістен екі-екі мүшеден алты жылға тағайындалады. Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады. Сонымен қатар Республиканың экс-Президенттері құқығы бойынша ғұ­мыр бойы Конституциялық Кеңестің мү­шесі болып табылады. Осылайша, Конс­ти­туциялық Кеңестің құрамы Конституция­ның кепілдігі – Мемлекет басшысының, сон­дай-ақ Парламент палаталарының қа­тысуымен қалыптасады. Конституциялық Кеңес өз мәртебесіне сәйкес  өкілеттігін жүзеге асыру кезінде дербес және мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдардан және азаматтардан тәуелсіз, Республика Конституциясына ғана ба­ғы­нады әрі саяси және өзге себептерді негізге алмайды. Конституциялық өндіріс Қазақ­стан Президентінің, Парламент палаталары Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бө­лігінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша қозғалады. Конституциялық Кеңес­ке жүгінетін субъектілердің қатарына азаматтар кірмейді. Олардың конс­ти­туция­лық құқықтары мен бостандықтары тек жалпы юрисдикциялы соттарда қорғалады, ал Конституциялық Кеңесте Консти­туция­ның 78-бабына сәйкес, сот қолданып отыр­ған заңы немесе нормативтік құқықтық актісі адам және азаматтың Конституцияда көзделген құқықтар мен бостандық­тары­на қысым жасап тұрғаны байқалса, қол астындағы өндірісті тоқтата тұрып осы актіні Конституцияға сәйкес емес деп тану туралы өтініш түсіреді. 1996 жылғы қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін Конс­титуциялық Кеңеске 200-ге жуық өтініш келіп түскен, оның ішінде. Мемлекет басшысынан – 26 өтініш, Парламент палата Төрағаларынан және оның депутаттарынан – 80, Премьер-Министрден – 27, Соттардан – 71. Конституциялық Кеңестің қыз­меті  азаматтар құқықтарының үстем­дігін және жалпы мемлекеттік құнды­лық­тарды бекітетін елдің Негізгі заңының мыз­ғымастығын қамтамасыз етуге бағыт­талған. – Алда Конституция күні – мереке. Биыл­ғы пандемия жағдайына байланысты бүкілхалықтық мерекелік шаралар өткізу қиын. Жалпы, осы Конституция күнін тойлаудың халық үшін тәрбиелік мәні қандай? – Жоғарыда атап өткенімдей, қоғам­ның құқықтық мәдениетін қалыптастыру үшін, азаматтардың заңдық сауаттылығын кө­теру үшін, ақпараттық, насихаттық, кон­курстық негіздегі іс-шараларды ұйым­дас­тырудың  маңызы ерекше. Конституцияның 25 жылдығына арналған ұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде Конституциялық Кеңес 24 тамыздан бастап 30 тамыз аралы­ғында «Негізгі заң аптасы» жобасын өткі­зеді. Жобаның мақсаты – қоғам мен мемлекетті жаңғыртудағы Конституцияның рөлін терең ұғыну, Негізгі заңға халықтың кең ауқымының назарын аудару, Рухани Жаңғыру жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде қоғамның конституциялық мә­дениетін арттыру. Конституциялық Кеңестің негізгі серіктестері – Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі, облыстардың және Нұр-Сұл­тан, Алматы мен Шымкент қалаларының әкім­діктері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа да ұйымдар. Елдегі эпи­демиологиялық жағдайға байланысты олар­дың барлығы онлайн режимде өтеді. Осы жоба шеңберінде бүкіл ел бойынша онлайн конференциялар, дөңгелек үстел, тегін заң консультациялары, веби­нар­лар, қайырымдылық акциялары, жаңа объектілерді пайдалануға беру, пәтер кілттерін табыстау, жеке куәліктерді табыс ету және басқа да іс-шаралар ұйымдас­ты­рылатын болады. Іс-шаралар күнтізбесін бірлесіп ұйымдастырушылардың, оның ішінде Конституциялық Кеңестің сайттарынан табуға болады.

Сұхбаттасқан

Бейбіт ТОҚТАРБАЙ