Түркістанда көп балалы кәсіпкер ана праймеризге тіркелді

Түркістанда көп балалы кәсіпкер ана праймеризге тіркелді

Түркістанда көп балалы кәсіпкер ана праймеризге тіркелді
ашық дереккөзі
Түркістан облысында праймеризге түрлі сала өкілдері өтініш беріп жатыр. Ауыл-аймақтарда да бұл саяси қадамға қызығушылық жоғары. «Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалына көпбалалы ана арнайы келіп, праймеризге қатысуға өтініш берді. Күзенбаева Жұмагүл Абдушамитқызы 1986 жылы дүниеге келген. Бұл үміткер – 7 баланың анасы және «Алтын алқа» иегері. «Nur Otan» партиясының мүшесі. Көпбалалы ана жеке кәсіпкерлікпен айналысады. «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы грант ұтып алып, Шәуілдір ауылында сұлулық салонын ашқан. Бүгінде Жұмагүл 7 қыз-келіншекті тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Талапты» бастауыш партия ұйымы атынан ұсынылған үміткердің жоспарлары аз емес. «Ойлана келе «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуды жөн көрдім. Құжаттарымды өткіздім. Бұл – әр азамат үшін қоғамдық-саяси өмірге араласуға үлкен мүмкіндік. Праймеризден өтіп, депутат болсам көпбалалы аналардың құқығын қорғап, оларға қолдан келгенше жағдай жасағым келеді. Өз замандастарымның, ардақты аналардың проблемаларын жақсы білемін», – дейді Жұмагүл Күзенбаева. Жалпы Түркістан облысында бір аптада 500-ден астам үміткер өтініш тапсырды. Тұрғындардың белсенділігі жақсы. Партияның осы өңірдегі 80 мыңнан астам мүшесі өзара үздіктерді анықтап, кадрлық резерв жасақталады.