Астанада қант, ұн және жарма арзандайды

Астана қаласының әкімдігі қант, ұн және жарма өнімдерін жеткізетін компаниялармен бағаны арзандату туралы келісімге келді.  Осылайша соңғы күндері күрт көтерілген қант бағасы реттеледі.

«Қазір біз Астана қаласының әкімдігімен өзара келісімге келдік. Алдағы уақытта қант бағасын алты теңгеге арзандатамыз. Жаңа бағаны егін жинау науқаны аяқталғанға дейін ұстап тұрамыз. Дегенмен, баға тағы бір ай құбылып тұрады», – деді Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісіне қатысқан «Мир круп» компаниясының директоры Мұхамедияр Саудагеров.

«Астық логистика» компаниясы да қала әкімдігімен келісімге келіп, ұн бағасын бір бағада ұстап тұрмақ. Слндай-ақ «Сапа нан» компаниясының директоры Владимир Савинов жуық арада нан бағасы да арзандайтынын айтты.

«Бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыс істеп, қазір нан жеткізетіндермен келісімге келдік, енді нан бағасы қымбаттамайды. Алдағы уақытта меморандумға қол қойып, зауыттан шығатын бағаны 70 теңге көлемінде сақтаймыз»,-деді ол.

Қала әкімі Әсет Исекешев пен ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қаладағы сауда нысандарына барып қайтты. «Шапағат» сауда орнын аралау кезінде қала тұрғыны шенеуніктерге жақындап, азық-түлік бағаларының жоғарылағанын айтқан болатын.

«Азық-түліктің бағасы күн сайын өсіп жатыр. Жұмыртқалардың қанша тұратынын қараңызшы? Ұнның бағасы да жоғарылады, қант 350 теңге тұрады, сырт жақтарда 270 теңгеден сатып жатыр. Ал көкөністер мен жемістер қанша тұрады? Өрік 350 теңге, алма да 350 теңге тұрады», – деді әйел шенеуніктерге.
Бұл қымбатшылық бас қалада ғана емес, республиканың шалағй аймақтарын тегіс қамтыған. 

Back to top button