Гүлжамал Мұратова: Сайлаудың әділ өтетініне толық сенімдімін
Гүлжамал Мұратова: Сайлаудың әділ өтетініне толық сенімдімін
Праймеризге Жамбыл облысынан қатысуға ынталы Мұратова Гүлжамал Алметқызы – Меркі ауданындағы 12 жылдық білім беретін №16 мектептің директоры. Қоғамдағы түрлі мәселелерді шешуге үлес қосу үшін партияішілік іріктеуде бақ сынағалы отырған ұстаз сайлауға үлкен сенім артып отырғанын айтады.
Еліміздің өркендеуіне үлесін қосқысы келетін, жігерлі де талапты, өз ісіне жауапты жандарға бұл праймериз даңғыл жол ашып отыр. Өзім ұстазбын, білім саласында жүргеніме 25 жылдан асты. Қазіргі кезде Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы 16 мектепте директормын. Мұғалімдердің қашан да қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүретіні заңдылық қой. Мен де ұстаз болғалы аудандық деңгейдегі қоғамдық және мәдени шаралардан шет қалмай келемін деп нық сеніммен айта аламын. Енді облыс, република көлемінде өткізілетін түрлі игі шараларға атсалысқым келеді.
Мақсатым – ауылымның көркеюіне септігімді тигізу, көпбалалы аналардың мәселелерін билікке жеткізу. Қазіргі уақытта үлкен проблема болып отырған отбасындағы зорлық-зомбылық қатты алаңдатады. Жеке кәсіпкерлерді қолдауға да ынталымын.
Партияішілік іріктеу – алға қойған мақсаттарды орындауға таптырмас мүмкіндік. Науқанның басы-қасында жүргеннен кейін сайлаудың әділ өтетініне толықтай сенімдімін.