Жаңалықтар

Ағылшындар да қымызға қызығып отыр

ашық дереккөзі

Ағылшындар да қымызға қызығып отыр

Жылқы сүті еуропалықтар мен америкалықтардың қызы­ғу­шылығын арттырып отыр. Жыл­қы сүтінен жасалған қыш­қыл сүт өнімінің денсаулыққа пайдасы туралы зерттеуші Ми­шель Факсия және оның әріп­тес­тері Animals журналында ғы­лыми мақала жариялады. Бүгінде бүкіл әлем тұтынатын сүт­тің 82 пайызы – сиыр сүтінің үле­сінде. Қалған бөлігі ешкі және қой сияқ­ты жануарларға тиесілі. Тек 1 пайызға жетер жетпес сүт жылқы, түйе, есек және қодастан сауылады екен. «Бүгінгі таңда соңғыларының сүті тек инновациялық өнім емес, со­нымен қатар денсаулыққа пай­да­лы екенін дәлелдейтін ғылыми із­деністер көп»,  – дейді ғалымдар. Әлем бойынша жылқы саны 60 мил­лионнан асады. Сиыр сүтіне қа­ра­ғанда жылқы сүтінің майы және ақуызы аз, бірақ лактозаға бай және ана сүтіне ұқсас екен. Пандемия кезінде қымызға де­ген сұраныс артқан. Сусынның құ­ра­мында вирустан қорғап, им­мунитетті нығайту үшін керек С дәру­мені бар. Сондықтан дәрігерлер аурудың алдын алу үшін немесе одан оңалған кезде қымыз ішуге кеңес береді. Жылқы сүті, сонымен қа­тар өмірлік маңызы бар А, В1, В2, В6, В12, К сияқты дәрумендерге бай. Олар­дан бөлек, құрамында жоғары қан қысымын төмендетіп, уайым­шыл­дықтан сергітетін калий ми­нералы бар. Сонымен қатар жылқы сүті тез қо­рытылады. Ас қорыту жүйесіне жеңіл әсер етіп, іштің кебуі және қатуы, асқазанның бұзылуы сияқты симптомдардың азаюына ықпал етеді. Адамға күш-қуат беретін темір, кальций және фосфор сияқты ми­нералдар да осы қымыздан та­бы­лады. Оның адам терісіне тигізетін пайдасы да көп. Псориаз және эк­земамен ауыратын адамдарға тап­тырмас ем. Жылқы сүті құрамын­да мик­робқа қарсы қасиеті бар лизо­цим ферменті бар, – дейді брита­ния­лық «Кромвель» фермасына тие­сілі интернет дүкен. Ұлыбританияда көпшіліктің сұра­нысына ие болып келе жатқан компанияның парақшасында жа­зыл­ғандай, мұнда жылқы сүтінен жа­салған өнімдердің түр-түрі сау­даланады. Бағасына келетін болсақ, орта есеппен алғанда органикалық, пастерленген құтыдағы қымыздың 250 грамы ұлттық валютамызға шақ­қанда 3 650 теңге тұрады. Бұдан бөлек, компания жылқы сүтінен жа­салған қол күтіміне арналған 50 миллиграм кремдерді 10 000 теңгеге сатады. «Кромвель» фермасы Англияның оңтүстік-батысындағы «Сомерсет» ағылшын графтығындағы Комб-Хэй ауылында орналасқан. Бұл – 40 жыл­дан бері келе жатқан отбасылық бизнес және Ұлыбританиядағы жыл­қы сүтінің саудасымен айналы­сатын жалғыз компания.