Коронавирустан қалай емделіп жүрміз?
Коронавирустан қалай емделіп жүрміз?
Коронавирус індеті көпшілікті тығырыққа тіреп, бойын қорқыныш пен үрей алып, сеңдей теңселтіп жібергені рас. Тіпті, ауырып, ауруханаға түсіп, ешбір ем-шараға көнбей қанша адам көз жұмып, өмірлерімен қоштасып жатыр? Расын айтқан жөн, тәжірибелі инфекционист дәрігерлердің өзі бұл ауыр індетті қалай, немен емдеу жолын таппай, дағдарыста жүргені жасырын емес. Бүкіл әлемнің белді вирусолог ғалымдары да қиындыққа тап болып отыр. Жұмбағы аз болып тұрған жоқ, бұл COVID-19 індетінің. Дәрігер болғандығымнан болар, менің телефоныма күндіз-түні тыныштық жоқ. Туыстарым, достарым, әріптестерім мен таныстарым жандары қиналып, өз жағдайларын немесе жақынының халін айтып, кенеттен келіп жабысқан дерттен қалай емделу керек екенін білгісі келіп немесе ауруханаға жатқызуға қолұшымды беруді сұрап, өтініш жасап шырылдап, тіпті көз жастарына ерік беріп жатады.
Короновируспен науқастанған кісіні қалай емдеу керегі Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық протоколына қарап жүргізілетіні барлығымызға аян. Бір өкініштісі, ол қайта-қайта толықтырылып, өзгертіліп, жетілдіріліп жатқаны. Елімізде коронавирус індеті басталғаннан бері ол протокол 10-11 рет өзгертіліпті. Шындығына келгенде, оның тым көлемділігінен дәрігерлер сол ұсыныспен жүре танысады, негізгі көңіл бөлетін жері – диагностикалық және ем-домдық шара алгоритмі. Дерттің ағымына қарай дәрігерлер оны бірнеше түрге бөледі: симптомсыз (клиникалық белгісі жоқ), жеңіл, орташа және ауыр түрі. Стационарларға орташа және ауыр түрлері жатқызылып, қажетті ем жүргізілуде. Ал симптомсыз және жеңіл түрлері үй жағдайында, яғни амбулаториялық ем қабылдауда. Олардың біразы дәрігерге бармай, өз бетінше «өзімбілемдікпен» ем қабылдап жүргендері де рас. Мысалы, жуырда Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетінің студенттері қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, «Дәріні сізге кім тағайындады?» деген сұраққа жауап іздеді. Сонда олардың 54 пайызы дәрігер тағайындады десе, 24 пайызы өзін-өзі емдейтінін айтқан. Ал 10 пайызы коронавирустан емделудің жолын іздеп, интернетке жүгінсе, 12 пайызы әртүрлі себептермен жауап беруден бас тартқан. Сөйтіп, сауалнама қорытындысына қарасақ, әлі де 40 пайыздан астам жұрт дәрігерге бармай, өз беттерінше ғаламтордың, таныстарының кеңестері бойынша емделуде екен.
Расында да, соңғы кезге дейін көптеген қазақстандық үшін КВИ өздерінде бар немесе жоқ екенін анықтау, дәрігерлерге көріну, дәріханалардан ыстығын түсіретін және де басқа дәрі-дәрмектерді (цитрамон, антибиотиктер, аскорбин қышқылын), тіпті қорғану құралдарын (бетперде, антисептиктерді) табу қиындап кеткені белгілі. Айқай-шу шыққаннан кейін ғана дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектерді «СҚ-Фармация» компаниясы жеткізді. Айтушылар ол дәрілер қоймаларда қорап-қорап, қап-қап болып қозғалысқа түспей жатқанын жеткізіп, қынжылысын білдіруде.
Коронавирус тыныс жолдары арқылы өкпеге еніп, оның ең нәзік альвеоларын қабындырып, қанды қоюландырып, майда, жіңішке тамырларда тромбтар (ұйыған қан түйіршіктері) пайда болып, оларды бітейді. Ол бірте-бірте дендеп, өкпенің көп учаскелерін қабындырып, одан басқа инфекциялар қосылып, өкпе тіндері өлі (некроз) еттеніп, фиброзға айналып, тынысты тарылтады, дем (оттегі) жетпей, қара терге малынып, одан науқас қатты қиналады. Рентгендік немесе компьютерлік томографиялық зерттеу өкпенің қабынғанын, яғни бактериялық пневмонияның, оның көлемін көрсетеді. Дер кезінде ем жүргізілмесе, ауру асқынып, жүрек, бауыр, бүйрек, орталық нерв жүйесі сияқты ағзаларға әсер ете бастайды. Тіпті, кейде полиоргандық жетіспеушілік дамып, ауру одан қайтыс болып кетуі әбден мүмкін.
Егер сізде КВИ-дің алғашқы белгілері (бойда дел-салдық, әлсіздік пайда болып, тамақтың дәмін сезінбеу, дене қызуы көтерілу және с.с.) біліне бастаса, уақыт оздырмай ем-дом жүргізуге кіріскеніміз орынды. Глюкоза ерітіндісіне аскорбин қышқылын («С» витаминін) қосып көктамырға енгізген жөн. Дене қызуы 38-ден асса, аспиринмен дене қызуын басып, қан сұйылтатын дәрінің (аспирин немесе кардиомагнил) бірін, тәулігіне ең кем дегенде 2,5-3,0 литр сұйықтықты (сорпа, лимонды шай, шұбат, саумал, кампот, сок, минералды су және т.б.) ішкеніміз орынды. Антибиотиктерді дәрігермен кеңесіп барып пайдаланыңыз. Өйткені антибиотиктер иммундық жүйені (ауруға қарсыласу күшті) жоятыны жайлы мәліметтер бар. Сыртқа шықпай үй жағдайында емделіңіз. Егер көшеге шықсаңыз, бетперде (маска) киюді, жиірек қол жууды, антисептиктермен қолды өңдеуді ұмытпаңыз. Тіпті, қысылмай қолдарыңызға резинка қолғап кигеніңіз артық емес.
Иммундық жүйесі сақталған адамдар мен балаларда КВИ-дің симптомсыз түрі жиі ұшырасуда. Олар өздерін оқшау ұстағандары жөн. Өйткені олар да вирусты ортаға таратып, басқа адамдарды бұл қауіпті ауруға ұшырататыны белгілі. Сақтану, сақ болу – әрбір саналы жанның қолынан келетін шара.
Қазіргі күндері коронавирустан сеңдей соғылған халық кімді тыңдарын білмей дал болуда. Дәрігерлердің кеңесіне қосымша халық емін қолданып жүргендер аз емес. «Ой, не дейсің? Саумал, қымыз, шұбат ем екен» деген сөз желдей ескенде. Қара халық саумал, қымыз, шұбат іздеп табандарынан таусылды. Қойдың құйрығы адамның вирусқа және де басқа ауруларға қарсыласу күшін арттырады екен деген сөзге сеніп, базар мен дүкендерден құйрық іздеп кеткендер аз болмады. Құйрықты қойлардың бағасы базарда бірден шарықтап кетті. Қой етінің сорпасы да көптің есінен шықпады. Интернет пен әлеуметтік желілерде, газеттер мен телевидениеде коронавируспен қалай күресу керек туралы мәліметтер, дәрігерлік кеңестер күн құрғатпай жарыса жарияланып жатты. Қандай кеңес болмады шіркін! Қалай дұрыс демалу керегі туралы, денешынықтыру гимнастикаларының бірнеше түрі, бетперде (маска) астына дәкеге спирт құйып демалу, арақты түтікше арқылы үрлеу, тамақты сода ертіндісімен немесе сарымсақ тұнбасымен шаю, коньякты үш мезгіл 50 мл-ден ішу және т.б. Халық олардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ажырата алмай, «суға кеткен тал қармайды» дегендей қолда барын жасап көруде. Бірақ өкінішке қарай, олардың арасынан да КВИ-ге шалдыққандар табылып жатыр. Қатерлі мына вирус адам, оның жасын, қызметін, байлығын таңдамайтынын көрсетті.
Таяуда «Түркістан» (23.07.2020) газетінде журналист Арайлым Бимендиеваның академик Төрегелді Шармановпен сұхбаты шықты. Көп жылдардан бері тамақтану проблемасымен айналысып, сол проблемалармен айналысатын академияны басқарып жүрген беделді ақсақалымыз газет оқырмандарына біраз орынды мәлімет беріпті. «...Бұл вирус былай қарасаң баяғы инфекциялық аурулардың бірі сияқты, ал шын мәнісінде бұрынғы вирустардан күрделі, өзгеше, бөлек болып отыр. Тез өзгеріске ұшырайтын вирус болғандықтан да, еліміздің медицина саласы беймәлім дүниеге дайын болмады. Сондықтан да күрделілігімен, тез өзгеруімен ерекшеленетін, өмірімізге кездейсоқ келген вирусқа «жауап беру», тосын жағдайға білек сыбанып кірісу оңай болмады. Медицина саласына әлі қаншама құрал-жабдықтар қажет екені білінді. Болашақта осы мәселені шешуді ойлау керек. Кездейсоқ келген вирустан дәрігерлер көп зардап шекті. Бұл соғыста дайындықсыз ұрысқа кірген олар бірінші болып «оққа ұшты». Олар нағыз батырлықтың үлгісін көрсетіп, өздерін құрбандыққа шалып жіберді деп айтуға болады. Оны жұрт бағалай бермейді. Денсаулық сақтау саласында іс-шараларды ұйымдастыру жағы кемшін түскен болуы мүмкін. Біздің оқу жүйемізде осындай тез болатын вирус жағдайына дайындық керек екені де білінді», – деп бастапты сөзін сұңғыла ғалым. Ал «Коронавирус халықты не нәрсеге үйретті?» деген сұраққа академик: – Вирус бейқам қалмауға үйретті. Біздің қазақ далада өскендіктен, менталитетінде «ештеңе етпейді» деген түсінік бар. Бейқам қалып, дәрігерлер емдеп алады демей, дәрігермен бірге болу үшін оларға көмекші болыңыздар».
Көпті көрген, көпті білген, парасатты, тәжірибесі мол ғалым Т.Шарманов дұрыс айтады. Пандемия кезінде тамаққа орынды көңіл бөліп, дәрігерлердің кеңесіне құлақ асқан артық емес. Әйтпесе, кім не айтпайды? Имам көбірек Аллаға жалынып, құран оқы десе, емші мына шөп дәріні іш, ал дәрігер ақуызы құрамында мол тағамдарды пайдаланыңыз дейді. Түсіну, ұғу, илану қиын болып тұр емес пе дәл қазіргі «жау жағадан алып» тұрған сәттерде.
Жаңа сөз ретінде қымыз, шұбат, саумал адам бойындағы ауруға қарсыласу күшін (иммунитетті) арттырады екен дедік. Оны академик Төрегелді Шарманов мырза да растады. Шынында, қазір халық аузында «саумал ішіп жүрмін», «елден қымыз, шұбат алдырдым. Бірақ бағалары аспандап барады. Тұрлаусыз өмір басталып кеткендей...» дейтіндерін естіп жүрміз. Әйтеуір, бағасына қарамай, індеттен пана болып, ем болса жарады да!
Қазіргідей сын сағатында, еліміздің әр өңірінде қымыз бен саумал жиып (мысалы, Қарағанды өңіріндегі Жаңаарқа ауданының тұрғындары және басқалар), арнайы ас пісіріп, ауруханалардағы науқастарға, дәрігерлерге жеткізіліп жатқанын естіп, теледидардан көріп жүрегіміз жылып, бойда қуат, сенімдік пайда болады. «Бір жеңнен қол, бір иықтан бас шығарып», түсіністікпен қарап жатқан саналы, түйсігі мол, қолдары ашық, пейілдері кең, жомарт азаматтарға көпшіліктің рақметтен басқа айтары жоқ.
Сөз соңында айтарымыз, коронавирустан емделу үшін әртүрлі кеңестерге құлақ аса бермей, дәрігерлердің нұсқауы бойынша ем-дом қабылдаған жөн. Өзін-өзі емдеуден бас тартып, ғаламтордағы түрлі кеңестерге жүгінбегеніңіз орынды. Өзімбілемдікке салынып, «Артық қыламын деп тыртық қылып алма», яғни дертті асқындырып, ертең бармақ шайнап, өкінішке ұрынып қалмағанымыз орынды.
Дана қазақ «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Ендеше, көпшілік болып жауапкершілікті сезініп, бұл қасіреті мол індеттің тезірек ортамыздан алыстап, дертке шалдыққандардың ауруынан тез айығып кетуін тілейік. Пандемия кезінде бірге болып барлығымыз карантин талаптарын бұлжытпай орындасақ, бұл індеттен тезірек құтыламыз, КВИ-ді жеңеміз. Ел-жұрт аман болсын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор, денсаулық сақтау саласының үздігі