Жаңыл Мұратхан, кәсіпкер: Қазақстанда қазақы туризм кенжелеп тұр
Жаңыл Мұратхан, кәсіпкер: Қазақстанда қазақы туризм кенжелеп тұр
Ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміздің түрлі үлгілерін бүгінде мұражайлар мен көрмелерден, театрлардан ғана кездестіретініміз рас. Жылына бір келетін наурыз мейрамында тігілген киіз үйлер ізін ала қайта жинастырылып жатады. Ал көптеген әлем елдері тарихи мұралары мен әдет-ғұрпын брендке айналдырып, сол арқылы мәдениетін дәріптеп, туризмді дамытып отыр. Қалай дегенмен, ұлттық болмысты боямасыз көрсететін, бәрін бір өзіне біріктіре алған көрнекті жерлер керек-ақ. Бір қуантарлығы, соңғы уақытта халқымыздың салт-дәстүрін, қолөнерін, ұлттық құндылықтарын дәріптейтін этноауылдар қатары көбейіп келеді. Көмескі тартқан, ұмытылуға жақын қалған мұраларымызды санада қайта жаңғыртуға, елімізге келген кез келген шетелдікке қысылмай көрсетіп, «қазақ деген осындай халық екен ғой» деп ой түйгізетін этноауылдың бірі – Бурабайда орналасқан. Осы орайда, Атамекеніне көшіп келіп, көркіне сөз жетпес өлкеде қазақылықтың қаймағын бұзбай отырған қандасымыз Жаңыл Мұратханмен сұхбаттасқан едік.
– Әуелі «Атажұртқа қашан көшіп келдіңіз?» деген дәстүрлі сауалымыздан бастайық. Одан кейін этноауыл ашу идеясы жайлы айтып берсеңіз.
– Қазақстанға 2005 жылы Қытай Халық Республикасының Алтай өңірінен Талдықорған облысына көшіп келдім. 2007 жылы Ақмола облысына ұзатылдым. Жұбайым да атажұртын аңсап, осында көшіп келген қиырдағы қазақтардың бірі.
Ал этноауыл ашу жайына келер болсам, жалпы, халқымыздың кең пейілі, қонақжайлығы, мәдениеті хақында көп айтылады, сол құндылықтарымыздан алшақтап бара жатқанымыз жасырын емес те. Осыдан 3-4 жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты көптеген жоба жүзеге асырылып, өткенімізден қол үзбеуіміз керек екені, тарихымызды дәріптеп, сол арқылы болашаққа нық қадам баса алатынымыз айтыла бастады. Алғаш рет этноауыл ашу идеясы сол кезде пайда болды. Сөйтіп, 2017 жылы бірден осы ойымызды жүзеге асырдық.