Қандастар кедергісіз білім алуы тиіс
Қандастар кедергісіз білім алуы тиіс
Ел егемендік алғаннан бастап шетелден келген қазақ жастары жоғары оқу орнының даярлық курсында оқи бастады. Сонымен қатар бірден ЖОО-на да түсіп, білім алып шыққандар көп. Бұл көші-қон саясатындағы тиімді стратегиялық бағыттың бірі десек те болады. Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылы шығарған №554 бұйрығы 2014 жылғы қазанда толық жүзеге аса бастады. Еліміздің 24 жоғары оқу орнында шетелдік қазақ жастарын оқытатын Foundation факультеті құрылды. Бұл бөлімнің мақсаты – Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерді жалпы білім беруге дайындау және деңгейін арттыру. Сонымен қатар қандастарды Қазақстанда өмір сүруге бейімдеу.
Осы уақытқа дейін мемлекеттік грант негізінде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Иран, Түркіменстан, Ауғанстан, Қырғыз Республикасы және Еуропаның біраз елдерінен қазақ жастары келіп, білім алды. Мәселен, 2013 жылы мемлекеттік гранттың арқасында әлемнің 9 елінен келген 1 101 ұлты қазақ талапкер емтиханнан өтіп, дайындық курсында оқыды. Өзбекстаннан – 557, Қытайдан – 282, Моңғолиядан – 186, Түркіменстаннан – 17, Қырғыз Республикасынан – 10, Ресейден – 2 және Австрия, Түркия, Иорданиядан бір-бір студент келген. 900-дей талапкер оқуға түсіп Қазақстанда тұрақтап қалып, кейін Қазақстан азаматтығын алған. Білім және ғылым министрлігі республика бойынша дайындық бөліміне жыл сайын 1 мыңға жуық грант бөліп келеді. Атап айтсақ, 2018-2019 оқу жылы 1 200 грант бөлініп, 992 қандасымыз оқуға келген болатын. 2019-2020 оқу жылына 1 238 өтініш тапсырып, оның 1 000-на грант бөлген еді.
Білім алушылардың визасы ұзартылды
Биыл әлемді жайлаған пандемия салдарынан көптеген шетелдік студент өз елдеріне қайта алмай қалды. Оның ішінде шетелден келіп білім алып жатқан қандастар да бар. Осыған орай, «С9» санатындағы білім алуға арналған виза Қазақстанның білім беру ұйымдарында оқып жатқан студенттерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне беріледі. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанға келуіне шақыру ресімдеу, Қазақстан визасын беру, күшін жою, қалпына келтіру, сондай-ақ оның қолданылу мерзімін ұзарту және қысқарту қағидасы қолданыстағы заңнаманың 49-тармағымен (Қазақстан Сыртқы істер министрінің м.а. 2016 жылғы 24 қарашадағы №11-1-2/555 және Қазақстан Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 28 қарашадағы №1100 бірлескен бұйрығы) реттеледі. Ал визаның қолданылу немесе Қазақстан аумағында болудың рұқсат етілген визасыз мерзімі өткенге дейін Қазақстанның аумағынан кетуге кедергі болған форс-мажорлық жағдай орын алса, я болмаса рейс, пойыз немесе өзге көліктері кешіккен жағдайда «В20» санатындағы виза беру қарастырылған. Осыны ескере отырып, көші-қон мәртебесін реттеу және шығу визасын ресімдеу үшін көші-қон қызметінің аумақтық басқармасы мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе отырып, Қазақстан азаматтығы жоқ ұлты қазақ студенттердің елде жүру мерзімін ұзартуға жеңілдік жасалды.
733 қандасымыз ҰБТ-ға онлайн қатысты
Биыл тұңғыш рет ҰБТ онлайн форматта өтті. Ол шетелден елге келе алмай қалған қандастарға жасалған үлкен жеңілдік әрі мүмкіндік болды. Қандастарды оқуға қабылдауға арналған квота 2 пайыздан 4 пайызға өсті. Атажұртта білім алғысы келетін талапкер жастардың саны жыл сайын артып келеді. Биыл ҰБТ тапсыруға 2025 қандасымыздан өтініш келіп түскен. Талапкер жастардың басым бөлігі ҰБТ-ны ел ішінде тапсырды.
– Әлемдік пандемияға байланысты елге келе алмай ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен шет қалған қандастардың мәселесі туындады. Бұл жұмыс үш ай уақытқа созылды. Нәтижесінде, Білім және ғылым министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Ұлттық тестілеу орталығының қолдауымен, Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында шетелде қалған талапкер қандастарға ҰБТ-ны онлайн өткізу шешімі қабылданды. Бұған дейін елімізде ҰБТ онлайн режимде өткізілмеген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірігіп атқарған жемісті қызмет аясында 733 қандасымыз 19 шілдеде онлайн ҰБТ-ға қатысты. Қандас талапкерлердің онлайн тест тапсыруына атсалысқан барша маманның қызметіне ризашылығымды білдіремін», – дейді «Отан-дастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов. Шеттегі қандас талапкерлеріміз «Отандастар қоры» көтерген мәселенің оң шешім табуына ықпал еткен Ұлттық тестілеу орталығы, Сыртқы істер министрлігі және Білім және ғылым министрлігіне алғысын жеткізді.