Праймериз – ашықтық пен әділдікке негізделген
Праймериз – ашықтық пен әділдікке негізделген
«Nur Otan» партиясында партияішілік праймеризде дауыс беруді байқаушылардың міндеттері мен өкілеттігін айқындайтын ереже бекітілді. Бұл туралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Құрметті достар! Бүгінде Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Nur Otan»-ның партияішілік сайлауына қатысуға бүкіл ел бойынша үміткерлерді ұсыну мен тіркеу жүріп жатқанын жақсы білесіздер. Тек алғашқы екі күннің өзінде 3 209 азамат өтініш берді. Олардың 1 138-і – әйелдер, оның ішінде 48-і – көпбалалы ана. 788 кандидат – 35 жасқа дейінгі жастар, сондай-ақ 31-і – ерекше қажеттіліктері бар азамат. Бастауыш партия ұйымдары арқылы 1 079 адам ұсынылса, 2 130 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар. Кез келген сайлау процесінің айқындығы мен легитимділігінің ажырамас белгілерінің бірі тәуелсіз байқаушылардың қатысуы болып табылады. Сондықтан біз өңірлердегі партиялықтармен бірге жан-жақты талқылай отырып, байқаушылардың міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайтын ережені бекіттік. Сонымен, кандидаттың сенім білдірген тұлғасы (партия мүшесі) байқаушы бола алады. Дауыс беру күні ол дауыстарды санау рәсімдері мен учаскелерде дауыс беру қорытындыларын ресімдеуді бақылауға, тасымалданатын урналардың қасында жүруге, ұсыныстар беруге және есеп комиссиясының шешімдері бойынша шағым жасауға, сондай-ақ пайдаланылмаған бюллетеньдерді жою кезінде басында болуға құқылы. Фото және бейнежазба жасауға рұқсат етіледі. Бұзушылық фактілерін анықтаған жағдайда байқаушы есеп комиссиясының мүшелерін хабардар етеді. Олқылықтар жойылмаған немесе негізделген бас тарту ұсынылмаған жағдайда, ол аймақтық және аумақтық партиялық бақылау комиссиясына шағымдануға құқылы. Аталған орынның берген қарастыру нәтижелерімен келіспеген жағдайда, байқаушы шағымды komek@nurotan.kz электронды почтасы бойынша Орталық партиялық бақылау комитетіне жолдай алады. Ол екі күн ішінде түпкілікті шешім шығаруға міндетті. Сондай-ақ 8 (800) 080 4441 арнайы жедел желісі ұйымдастырылған. Сонымен қатар онлайн-дауыс беру өткізу үшін біз отандық ІТ-мамандармен бірлесіп «Праймериз» ақпараттық жүйесін әзірледік. Ол сайлау барысына қандай да бір заңсыз араласу немесе кенеттен «іркіліп» қалу ықтималдығына жол бермей, дауыстарды нақты уақыт режимінде санау мүмкіндігін көздейді. Жалпы, қазіргі кезде ашық та әділ партияішілік сайлаудың өтуіне қажетті барлық жағдай жасалған. Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев праймериз басталар күні атап өткендей, бастысы – айқындық пен тазалықты, барлық қатысушыларға тең мүмкіндік пен бәсекелестікті қамтамасыз ету. Тағы да баршаңызды праймеризге қатысуға шақырамын. Үміткерлерді ұсыну мен тіркеу мерзімінің бітуіне небәрі бір аптадан астам уақыт қалды. Байқаушыларға арналған ережемен толығырақ nurotan.kz және primaries.kz сайттарында орналастырылған нұсқаулықтан танысуға болады», – деп жазды Бауыржан Байбек.
Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Nur Otan» праймеризі тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі. Праймеризге қатысу үшін өтінішті https://primaries.kz/ сайтында «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн жолдауға немесе аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өтініш беруге болады. Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады.