Праймериз – ашықтық пен әділдікке негізделген

Праймериз – ашықтық пен әділдікке негізделген

Праймериз – ашықтық пен әділдікке негізделген
ашық дереккөзі
«Nur Otan» партиясында партияі­ші­лік праймеризде дауыс беруді бай­қау­шылардың міндеттері мен өкілеттігін ай­қындайтын ереже бекітілді. Бұл ту­ралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында жазды. «Құрметті достар! Бүгінде Елбасы, пар­тия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен қолға алынған «Nur Otan»-ның партияішілік сайлауына қатысуға бүкіл ел бойынша үміткерлерді ұсыну мен тіркеу жү­ріп жатқанын жақсы білесіздер. Тек ал­ғаш­қы екі күннің өзінде 3 209 азамат өтініш бер­ді. Олардың 1 138-і – әйелдер, оның ішін­­де 48-і – көпбалалы ана. 788 кандидат – 35 жас­қа дейінгі жастар, сондай-ақ 31-і – ерек­ше қажеттіліктері бар азамат. Бастауыш пар­тия ұйымдары арқылы 1 079 адам ұсы­нылса, 2 130 кандидат – өзін-өзі ұсын­ған­дар. Кез келген сайлау процесінің айқын­ды­ғы мен легитимділігінің ажырамас бел­гі­лерінің бірі тәуелсіз байқаушылардың қа­тысуы болып табылады. Сондықтан біз өңір­лердегі партиялықтармен бірге жан-жақ­ты талқылай отырып, байқаушылардың міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайтын ережені бекіттік. Сонымен, кандидаттың сенім білдірген тұлғасы (партия мүшесі) байқаушы бола алады. Дауыс беру күні ол дауыстарды санау рәсімдері мен учаскелерде дауыс беру қорытындыларын ресімдеуді бақылауға, тасымалданатын урналардың қасында жүруге, ұсыныстар беруге және есеп комиссиясының шешімдері бойынша шағым жасауға, сондай-ақ пайдаланылмаған бюллетеньдерді жою кезінде басында болу­ға құқылы. Фото және бейнежазба жасауға рұқ­сат етіледі. Бұзушылық фактілерін анық­таған жағдайда байқаушы есеп ко­миссиясының мүшелерін хабардар етеді. Олқылықтар жойылмаған немесе негіз­дел­ген бас тарту ұсынылмаған жағдайда, ол ай­мақтық және аумақтық партиялық ба­қылау комиссиясына шағымдануға құқылы. Атал­ған орынның берген қарастыру нәти­желерімен келіспеген жағдайда, байқаушы шағымды komek@nurotan.kz электронды почтасы бойынша Орталық партиялық бақылау комитетіне жолдай алады. Ол екі күн ішінде түпкілікті шешім шығаруға міндетті. Сондай-ақ 8 (800) 080 4441 ар­найы жедел желісі ұйымдастырылған. Сонымен қатар онлайн-дауыс беру өткізу үшін біз отандық ІТ-мамандармен бірлесіп «Праймериз» ақпараттық жүйесін әзірледік. Ол сайлау барысына қандай да бір заңсыз араласу немесе кенеттен «іркіліп» қалу ықтималдығына жол бермей, дауыстарды нақты уақыт режимінде санау мүмкіндігін көздейді. Жалпы, қазіргі кезде ашық та әділ партияішілік сайлаудың өтуіне қажетті барлық жағдай жасалған. Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев праймериз басталар күні атап өткендей, бастысы – айқындық пен тазалықты, барлық қатысушыларға тең мүмкіндік пен бәсекелестікті қамтамасыз ету. Тағы да баршаңызды праймеризге қатысуға шақырамын. Үміткерлерді ұсыну мен тіркеу мерзімінің бітуіне небәрі бір аптадан астам уақыт қалды. Байқаушыларға арналған ережемен толығырақ nurotan.kz және primaries.kz сайттарында орналас­ты­рыл­ған нұсқаулықтан танысуға болады», – деп жазды Бауыржан Байбек. Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмасымен «Nur Otan» праймеризі тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұ­мы­сын «қайта жандандыру» бағдар­ла­масының қорытынды кезеңдерінің бірі. Праймеризге қатысу үшін өтінішті https://primaries.kz/ сайтында «Праймериз» ақ­параттық жүйесі арқылы онлайн жолдауға немесе аумақтық ұйымдастыру комитет­теріне жеке өтініш беруге болады. Кан­дидаттарды ұсыну және тіркеу 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады.