Аpple компаниясында жұмыс істейтін қазақ: Кремний алқабы дүниеге көзқарасымды өзгертті
Аpple компаниясында жұмыс істейтін қазақ: Кремний алқабы дүниеге көзқарасымды өзгертті
Әлемдегі ІТ саласының астанасы саналатын Кремний алқабында Apple, Facebook, Google, Yahoo! секілді алпауыт компаниялардың бас кеңсесі орналасқаны мәлім. Болашағын ақпараттық технологиямен байланыстырған әр кәсіби маман дәл осы алқапта жұмыс істеп, өсіп-өнгісі келеді. Сондай-ақ бұл саланың қыр-сырын енді танып-біліп жатқан студенттер де сол жердегі әйгілі Стэнфорд университетінде білімін шыңдауды армандайды. Сөйтіп, олар аталған университеттің қабырғасында оқи жүріп, Google компаниясының негізін қалаған әлемге танымал кәсіпкерлер Ларри Пейдж және Сергей Брин секілді жаңалық ашып, жаһанға танылғысы келеді.
Сайдың тасындай кіл мықтылар оқитын бұл университеттің магистратура бөлімін тәмамдаған Тараз қаласының тумасы Темірлан Сейдахметов бүгінде сол Кремний алқабына қарасты Купертино қаласындағы Apple компаниясының бас штаб-кеңсесінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда Apple өнімдерінің ішінде Apple Books жобасына жауапты командада аналитикалық мәліметтерді талдауға жауапты маман қызметін атқаратын Темірланмен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Темірлан, ақпараттық технология бойынша маман әзірлеуден ешкімге дес бермейтін әйгілі Стэнфорд университетінде білім алу екінің бірінің қолы жете бермейтін мүмкіндік екені рас. Бұған сіз қалай қол жеткіздіңіз? Жалпы, ІТ саласын таңдауыңызға не түрткі болды?
–Негізі, бұл университетке түсуіме де, ІТ саласын таңдауыма да себеп көп. Әңгімені әріден бастасам, алдымен Тараз қаласындағы №45 гимназияда оқып, кейіннен қазақ-түрік лицейінде білім алдым. Мектепте әрі лицейде оқып жүргенде физика пәнінен мектепішілік, облыстық, президенттік, республикалық, халықаралық олимпиадаларға көп қатысатынмын. Бұл сайыстарға қатысу менің білімге деген құштарлығымды арттырды. Сөйтіп, шетелдің мықты университетінде білім алғым келіп, өз бетімше дайындалдым. Сөйтіп жүргенде мен мектеп бітірген жылы Астанада Назарбаев университеті ашылды. Университет өкілдері Таразға арнайы келіп, алғашқы студенттерді қабылдау үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Осылайша, аталған университетке оқуға түсіп, бастапқыда бір жыл дайындық курсын оқыдық, кейіннен мамандық бойынша түрлі бағыттарға бөліп оқытты.
Мектеп қабырғасынан бері физиканы оқып келе жатқандықтан, мұны әрі қарай жалғастыра бергім келген. Алайда мұның пайдаланылу аясы тым тар екенін түсіндім. Зерттеу жағы жоқ. Сосын Қазақстанда физик болып, нені зерттеймін деп, химиялық инженерия саласын таңдадым. Мұны бітірген соң, жоғарыда айтқан шетелде білім жетілдіру арманымды жүзеге асырғым келіп, іздене бастадым. Маған ғалымдармен топтасып жұмыс істейтін, тәжірибе жинайтын орта керек болды. Сосын Алматыда жыл сайын он үздік оқушыны дүниежүзілік зертханаларға жіберіп, кейіннен жетекші университеттерге түсуге көмектесетін Шахмардан Есенов атындағы білім қоры бар екенін білдім. Шетелде оқуды бірден бастап кету қиын, себебі көпшілігінің тәжірибесі жоқ, әрі жаңа ортаға үйрену де уақыт алады. Аталған қордың ережесі бойынша, грант ұтып алған студентті ортаға бейімделуі үшін алдымен үш айға оқуға жібереді. Сөйтіп, осы қордың грантын ұтып алып, үздік бестікке кіретін Калифорния технологиялық институтына үш айлық оқуға бардым. Мұнда жергілікті студенттермен бірлесе оқи жүріп, олардың білім-білігі менен асып түспейтініне көзім жетті. Қазақстандық студенттер арасында «шетелдік студенттер кілең ақылды, бізден күшті» деген пікір қалыптасқан ғой. Ал мен олай демес едім. Менің байқауымша, Қазақстанда нақты ғылымдар, мәселен математика мен физика бойынша оқу бағдарламасы жақсы. Сыртқа шықпаған соң, мұны көбі біле бермейді. Осындай оқу бағдарламасының нәтижесінде тоқтап қалмай, біліміңді әрі қарай жетілдіргің келіп тұрады. Негізінен, сол уақытта өз мамандығым бойынша тәжірибе жинақтау үшін Ақтау қаласындағы мұнай-газ компаниясында үш ай, Ресейдің Тула қаласында Procter & Gamble компаниясында бірнеше күн тренингтен өтіп жүргенмін. Қайсысына барарымды білмей жүргенде, мен құжат тапсырған әлемдік университеттерден оқуға қабылдау туралы ұсыныс хат алдым. Сөйтіп, арасынан Стэнфорд университетінің ұсынысын қабыл алып, осында келдім.
– Сонда оқуыңызды Шахмардан Есенов атындағы қор қаржыландырды ма?
– Иә. Жалпы, Стэнфорд университетінің магистратура бөліміне грант сирек беріледі. Әу баста қордың грантын ұтып алғандықтан, олардан оқуымды қаржыландыруды сұрадым. Жалпы, бұл университетте үш тоқсаннан құралған тоғыз айлық және бір жарым жылдық оқу бағдарламасы бар. Ұзағын оқысаңыз қаражат көп төлейсіз, мерзімі азын оқысаңыз, сәйкесінше аз төлейсіз. Оның үстіне, тұратын жерің, тамағың, киімің бар. Сөйтіп, шамаға қарап, қордағыларға үш тоқсандық оқу жүйесін таңдағанымды айтып, тоғыз ай ішінде бітіруге тура келді. Мұнда ғылым және инженерияны басқару мамандығы бойынша білім алдым. Десек те, ІТ саласына қатысты түрлі бағдарлама, жобаға қызыққаным соншалық күні-түні зерттей бастадым. Сосын оптимизация, мәліметтерге талдау жүргізу бағыты бойынша да іздендім.
– Тоғыз айдың ішінде күрделі бағдарламаны интенсивті оқу оңай болмаған шығар?
– Әлбетте, оңайға соққан жоқ. Ең қиынға түскені – оқу мерзімінің қысқа болуы, бұл маған екі есе жүк болды. Бұған қоса, жаңа орта, жаңа жер, сіңісіп кету үшін уақыт керек болды. Сосын сабақ бірден басталып кетті. Оның үстіне, Назарбаев университетінде барлық сабақты ағылшын тілінде оқысам да, мұнда келгенде тілдік кедергілерге тап болдым. Бірден сөйлесіп кете алмайсың, түсінісуің керек. Тағы бір қиынды-ғы – бірінші мамандығым химиялық инженерия болғандықтан, аналитикаға қатысты оқуға қажетті кейбір маңызды кітаптарды оқымағанмын. Түптің түбінде барлығының негізі бір болса да, жаңадан оқуды қажет ететін тұстары баршылық. Сөйтіп, уақытым тапшы болып, бір қиын кезеңнен өттім. Десек те, адамның уақыты неғұрлым аз болса, жұмысы соғұрлым тиімді болады екен. Оқумен жанталасып жүріп, каратэ класына бардым. Дәл сол жылы жұбайым Әселмен таныстым. Қазір шегініс жасап, артыма қарасам, қанша қиын болса да, ең нәтижелі жыл болды деп еске аламын.
– Тіпті, демалыстың өзін тиімді өткізбесең, қатарыңнан қалып қалғандай сезінетін боларсыз?
– Ол рас, мұнда қай жағынан болсын бәсеке жоғары, тіпті демалысты да тиімді өткізуге тырысады. Үйде жай отырып, ештеңе істегің келмей, демалғың келсе, айналаңдағы адамдар жатпай-тұрмай, қимылдап, түрлі әрекеттер жасап жүреді. Мұндайда өзіңді әлемнен қол үзіп қалғандай сезінесің. Мұндағы тұрғындардың өмір сүру мотивациясы жоғары, сол себепті пайдалы тамақ, салауатты өмір салтын ұстанады. Осы жағынан алғанда Кремний алқабы менің дүниеге көзқарасымды өзгертті деуге болады.
– Жоғарыда Стэнфорд университетінде оқи жүріп, болашақ жұбайыңызбен танысқаныңызды айтып қалдыңыз. Оның да мамандығы ІТ саласымен байланысты ма?
– Жоқ, әйелімнің мамандығы – дизайнер. Степногорск қаласының тумасы. Алдымен сол қалада көркемөнер мектебінде оқып, кейіннен Сан-Францискодағы өнер академиясында білім алған. Танысқаннан кейін екі жылдан соң, Таразда тойымызды өткізіп, осында қайта оралдық. Қазіргі таңда архитектура бойынша әлемдегі ірі компаниялардың бірі саналатын Gensler компаниясында интерьер дизайнер болып жұмыс істейді.
– Болашақта сіз секілді Apple компаниясында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағысы келетін оқушыларға, студенттерге не айтар едіңіз?
– Қазір барлығын саралап қарасам, мен оқыған қазақ-түрік лицейі, Назарбаев университеті, Стэнфорд университетінің түлегімін деп айту оңай-ақ, десек те ешқайсысы оңайға соқпады. Мәселен, физика пәнінен олимпиадаға дайындалғанда сабақтан келе сала, кешкі он бірге дейін дайындалатынмын. Стэнфорд университетінде оқып жүргенімде, күн сайын таңғы алтыда тұрып алып, сабақ басталғанша ағылшын сөздерін жаттайтынмын. Apple компаниясына жұмысқа келерде де көп іздендім. Мәселен, Малкольм Гладуэлл «Генийлер және аутсайдерлер» кітабында әлемдік деңгейдегі маман атану үшін 10 000 сағат жұмыс істеу керек, ал егер орташа деңгейдегі маман болғыңыз келсе, 2 000 сағат жұмыс істеу қажет екенін алға тартады. Сол секілді егер оқушы немесе студент 2 000 сағат өз білімін арттыруға арнаса, алдағы уақытта кез келген ірі компанияға жұмысқа тұратын әлеует қалыптастырады. Осылайша, күніне өзінің осал тұсын жақсартып, ал мықты жағын одан сайын ұштай түссін деймін. Тағы бір айта кетерлігі, мен бастапқыда, математика мен физика, сосын химиялық инженерияны оқыдым, ақырында ІТ саласына келдім. Алдыңғы екеуін жұмыста қолданбаймын, десек те техникалық база бар. Сол себепті бірінші мамандығыңды дұрыс игере алмай қалсаң, бұдан қорқатын ештеңе жоқ. Тек дер кезінде өзіңе қажетті бағытты таңдай біліп, бар біліміңді мұнымен байланыстырып, өз жолыңды тауып алсаң болғаны, қалғаны өз ретімен болады. Болашағын жарқын еткісі келетін жас маман алдымен дүкен ашудан да ауқымды, үлкен жоспарлар құрса деймін.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ