Аpple компаниясында жұмыс істейтін қазақ: Кремний алқабы дүниеге көзқарасымды өзгертті

Аpple компаниясында жұмыс істейтін қазақ: Кремний алқабы дүниеге көзқарасымды өзгертті

Аpple компаниясында жұмыс істейтін қазақ: Кремний алқабы дүниеге көзқарасымды өзгертті
ашық дереккөзі
Әлемдегі ІТ саласының астанасы саналатын Кремний алқабында Apple, Facebook, Google, Yahoo! секілді алпауыт компаниялардың бас кеңсесі орналасқаны мәлім. Болашағын ақ­параттық технологиямен байланыстырған әр кәсіби маман дәл осы алқапта жұмыс істеп, өсіп-өнгісі келеді. Сондай-ақ бұл саланың қыр-сырын енді танып-біліп жатқан студент­тер де сол жердегі әйгілі Стэнфорд универ­ситетінде білімін шыңдауды армандайды. Сөйтіп, олар аталған университеттің қабыр­ғасында оқи жүріп, Google компаниясының негізін қалаған әлемге танымал кәсіпкерлер Лар­ри Пейдж және Сергей Брин секілді жаңа­лық ашып, жаһанға танылғысы келеді. Сайдың тасындай кіл мықтылар оқитын бұл университеттің магистратура бөлімін тәмамдаған Тараз қаласының тумасы Темірлан Сейдахметов бүгінде сол Кремний алқабына қарасты Купертино қаласындағы Apple компаниясының бас штаб-кеңсесінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда Apple өнімдерінің ішінде Apple Books жобасына жауапты командада аналитикалық мәліметтерді талдауға жауапты маман қызметін атқаратын Темірланмен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Темірлан, ақпараттық технология бойын­ша маман әзірлеуден ешкімге дес бермейтін әйгілі Стэнфорд университетінде білім алу екінің бірінің қолы жете бермейтін мүмкіндік екені рас. Бұған сіз қалай қол жеткіздіңіз? Жал­пы, ІТ саласын таңдауыңызға не түрткі болды? –Негізі, бұл университетке түсуіме де, ІТ саласын таңдауыма да себеп көп. Әңгімені әріден бастасам, алдымен Тараз қаласындағы №45 гимназияда оқып, кейіннен қазақ-түрік лицейінде білім алдым. Мектепте әрі лицейде оқып жүргенде физика пәнінен мектепішілік, облыстық, президенттік, республикалық, халықаралық олимпиадаларға көп қатысатынмын. Бұл сайыстарға қатысу менің бі­лімге деген құштарлығымды арттырды. Сөйтіп, шетелдің мықты университетінде білім алғым келіп, өз бетімше дайындалдым. Сөйтіп жүргенде мен мектеп бітірген жылы Астанада Назарбаев универ­ситеті ашылды. Университет өкілдері Таразға ар­найы келіп, алғашқы студенттерді қабылдау үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Осылайша, атал­ған университетке оқуға түсіп, бастапқыда бір жыл дайындық курсын оқыдық, кейіннен мамандық бойын­ша түрлі бағыттарға бөліп оқытты. Мектеп қабырғасынан бері физиканы оқып келе жатқандықтан, мұны әрі қарай жал­ғастыра бергім келген. Алайда мұның пай­даланылу аясы тым тар екенін түсіндім. Зерт­теу жағы жоқ. Сосын Қазақстанда фи­зик болып, нені зерттеймін деп, химиялық ин­женерия саласын таңдадым. Мұны бітір­ген соң, жоғарыда айтқан шетелде білім же­тілдіру арманымды жүзеге асырғым келіп, іздене бастадым. Маған ғалымдармен топ­та­сып жұмыс істейтін, тәжірибе жинайтын ор­та керек болды. Сосын Алматыда жыл сайын он үздік оқушыны дүниежүзілік зерт­ханаларға жіберіп, кейіннен жетекші уни­верситеттерге түсуге көмектесетін Шах­мардан Есенов атындағы білім қоры бар еке­нін білдім. Шетелде оқуды бірден бастап кету қиын, себебі көпшілігінің тәжірибесі жоқ, әрі жаңа ортаға үйрену де уақыт алады. Аталған қордың ережесі бойынша, грант ұтып алған студентті ортаға бейімделуі үшін ал­дымен үш айға оқуға жібереді. Сөйтіп, осы қор­дың грантын ұтып алып, үздік бестікке кі­ретін Калифорния технологиялық инс­титутына үш айлық оқуға бардым. Мұнда жер­гілікті студенттермен бірлесе оқи жүріп, олардың білім-білігі менен асып түспей­тініне көзім жетті. Қазақстандық студенттер ара­сында «шетелдік студенттер кілең ақыл­ды, бізден күшті» деген пікір қалыптасқан ғой. Ал мен олай демес едім. Менің бай­қауым­ша, Қазақстанда нақты ғылымдар, мә­селен математика мен физика бойынша оқу бағдарламасы жақсы. Сыртқа шықпаған соң, мұны көбі біле бермейді. Осындай оқу бағ­дарламасының нәтижесінде тоқтап қал­май, біліміңді әрі қарай жетілдіргің келіп тұрады. Негізінен, сол уақытта өз ма­ман­дығым бойынша тәжірибе жинақтау үшін Ақтау қаласындағы мұнай-газ компа­ния­сында үш ай, Ресейдің Тула қаласында Procter & Gamble компаниясында бірнеше күн тренингтен өтіп жүргенмін. Қайсысына барарымды білмей жүргенде, мен құжат тапсырған әлемдік университеттерден оқуға қабылдау туралы ұсыныс хат алдым. Сөйтіп, арасынан Стэнфорд университетінің ұсы­нысын қабыл алып, осында келдім. – Сонда оқуыңызды Шахмардан Есе­нов атындағы қор қаржылан­дырды ма? – Иә. Жалпы, Стэнфорд университетінің ма­гистратура бөліміне грант сирек беріледі. Әу баста қордың грантын ұтып алғандықтан, олардан оқуымды қаржыландыруды сұра­дым. Жалпы, бұл университетте үш тоқсан­нан құралған тоғыз айлық және бір жарым жыл­дық оқу бағдарламасы бар. Ұзағын оқы­саңыз қаражат көп төлейсіз, мерзімі азын оқысаңыз, сәйкесінше аз төлейсіз. Оның үстіне, тұратын жерің, тамағың, киі­мің бар. Сөйтіп, шамаға қарап, қордағыларға үш тоқсандық оқу жүйесін таңдағанымды ай­тып, тоғыз ай ішінде бітіруге тура келді. Мұнда ғылым және инженерияны басқару мамандығы бойынша білім алдым. Десек те, ІТ саласына қатысты түрлі бағдарлама, жо­баға қызыққаным соншалық күні-түні зерт­тей бастадым. Сосын оптимизация, мәлі­меттерге талдау жүргізу бағыты бойынша да ізден­дім. – Тоғыз айдың ішінде күрделі бағ­дарламаны интенсивті оқу оңай бол­маған шығар? – Әлбетте, оңайға соққан жоқ. Ең қиын­ға түскені – оқу мерзімінің қысқа болуы, бұл маған екі есе жүк болды. Бұған қоса, жаңа орта, жаңа жер, сіңісіп кету үшін уақыт ке­рек болды. Сосын сабақ бірден басталып кет­ті. Оның үстіне, Назарбаев универ­си­те­тінде барлық сабақты ағылшын тілінде оқы­сам да, мұнда келгенде тілдік кедер­гі­лерге тап болдым. Бірден сөйлесіп кете ал­май­сың, түсінісуің керек. Тағы бір қиынды-ғы – бірінші мамандығым химиялық инже­нерия болғандықтан, аналитикаға қатысты оқуға қажетті кейбір маңызды кітаптарды оқымағанмын. Түптің түбінде барлығының негізі бір болса да, жаңадан оқуды қажет ете­тін тұстары баршылық. Сөйтіп, уақытым тап­шы болып, бір қиын кезеңнен өттім. Де­сек те, адамның уақыты неғұрлым аз болса, жұмысы соғұрлым тиімді болады екен. Оқу­мен жанталасып жүріп, каратэ класына бар­дым. Дәл сол жылы жұбайым Әселмен та­ныстым. Қазір шегініс жасап, артыма қа­расам, қанша қиын болса да, ең нәтижелі жыл болды деп еске аламын.  width= – Жаңа өзіңіз нақты ғылымға ма­ман­дан­ған студенттер шетел­дік­тен асып түспесе, кем түспейтінін айттыңыз. Десек те, америкалық білім беру жүйесінің құрылы­мын біздікімен салыстыруға әлі ерте екені сөзсіз. Екі елдің оқу жүйесімен етене таныс маман ретінде бізде нені жақсартып, нені жетілдіру ке­рек деп ойлайсыз? – Назарбаев университеті шетелдік жүйе бойынша толығымен ағылшын тілінде оқыт­са да, мұнда өзге университеттермен бә­секелестік аз, сосын университет және ин­дустрияның арасында ынтымақтастық жоқ, ақша тек бюджеттен келеді. Теория жағы жақсы оқытылғанымен, практикаға кел­генде ақсап жатады. Мәселен, мен оқыған Стэнфорд университетіне түрлі компа­ниялар ақша құяды, университет әкімшілігі сол компаниялармен байланыс орнатып, сту­денттерді жұмылдыру арқылы ғылыми жаңалық жасайды. Мұндағы профессорлар­дың әрқайсысы гений, ғылым саласында әйгілі адамдар. Студенттердің түгелі дерлік кілең үздік оқуға тырысады, мұнда екілік алу деген түсінік жоқ. Олардың әрқайсысы өз елі­нің, өз саласының маңдайалды маманы еке­нін байқайсың. Ал бізде көп студенттер төрт жыл бойы оқығанын бұйым көрмей, көп жағдайда басқа мамандықтың жетегінде кетіп қалады. Оқыған білімінің пайдасын көр­мейді. Мәселен, машина құрастыру ма­мандығын ескірген технология бойынша оқытады. Қазіргідей технологияның бәсі биік заманда мұны ешқайда қолдана алмай­сың. Таныстарымның арасында «Әйтеуір оқуды бітірсем болды. Дипломды қайтсе де алу керек, әйтпесе ұят» деп жүргендер көп бол­ды, әйтсе де диплом алудың жұмысқа тұру­ға түк ықпалы жоқ секілді көрінеді. – Ендігі кезекте Apple компа­ния­сындағы қызметке орналасуыңыз жайлы сөз етсек. Мұнда Стэнфорд уни­верситетін бітіре сала, жұмысқа тұр­дыңыз ба? – Жоқ. Стэнфорд университетінде оқып жүргенде үш ай бойы мобильді қосымша дәрігер шақыра алатын стартап жобада тәжірибе жинақтадым. Ол кезде, яғни 2015 жылы бұл жобаның пайдасы қаншалықты екеніне бас қатырып, ізденіп жүр едік, ал қа­зіргідей пандемия кезінде мұндай қо­сым­шалардың қажеттігіне көз жетті ғой. Со­сын университеттің студенттік пор­та­лында Чикагода орналасқан CCC компаниясының жұмыскер іздеп жүргенін көріп қалып, құжат тапсырдым. Олар бірден жұмысқа ша­қы­рып, ақырында сол қалаға көшіп бар­дым. Мұнда мәліметтерді талдау маманы бо­лып жұмыс істедім. Жалпылама айтсақ, атал­мыш компания көліктер апатқа ұшыра­ғанда оны суретке түсіріп, жөндеу жұмы­сы­ның құнын бағалайды. Соңында бұл мә­ліметті жөндеуге жауапты сақтандыру ком­паниясына жібереді. Бұл ортада екі жыл жұмыс істеген соң, Калифорния штатына қайтып оралғым келді, мұндағы Кремний алқабында орналасқан компаниялардың бірінде жұмыс істеуді көздедім. Осылайша, түрлі компанияға құжат тапсырып, жауабы келгенше өз бетіммен дайындалып жүрдім. Сөйтіп, жүргенде Apple және Google компанияларынан шақыру келді, мұның арасынан ұсынған позиция, бірге істейтін команда әрі істелініп жатқан жоба жағынан Apple компаниясын тиімді деп таптым. Бүгінде Apple-дің осындағы, яғни Кремний алқабына қарасты Купертино қаласындағы бас кеңсесінде жұмыс істеп жатқаныма екі жылдың жүзі болды. – Мұндағы нақты міндетіңіз қан­дай? – Мұнда аналитика жасауға жауапты команда қатарындамын. Apple-дің Iphone, Macbook, Іpad секілді құрылғыларына ор­натылатын түрлі қосымшаларымен жұмыс істеймін. Дәл қазіргі таңда Apple Books жо­басындамын. Біздің команда Apple Books жүйесінде оқырманды кітап оқуға қызық­тыру үшін дизайн, инженерия жағынан қолайлы жағдай жасауға жауапты. Жалпы, оқу процесін немесе аудио кітап тыңдауды жақсартуға атсалысу өте қызықты іс. Бұл жоба арқылы тегін кітаптар сатып алуға бо­лады, сатып ала алмасаңыз, аудио және элек­тронды нұсқадағы кітаптарды оқы­саңыз болады. Таппай жүрген кітаптар­ды осы қосымшадан табуға болады. Айналысып жүрген ісім адамзатқа пайдалы іс болған­дықтан, өзіме қатты ұнайды. Кітап оқыған­нан зиян көрген адамды кездестірген емес­пін. – Қазақстанның ІТ индустрия­сын­да жұмыс істемесеңіз де, оның аяқ алы­сын, даму барысын ара-тұра бақылап тұрасыз ба? – Өзіңіз айтқандай, Қазақстандағы ІТ са­ласында көп жұмыс істемегендіктен, әрі бұл салаға енді бас сұғып жатқандықтан, ел­дегі ол саланың мән-жайы туралы біле­ті­нім аз. Десек те, қазір әупірімдеп дамып жат­қанын білемін. Бірақ бізге даму қар­қы­нын жоғарылату керек. Қазіргі таңда data science Америкада өте қатты дамып жатыр. Data science дегеніміз – ақпаратты талдау, сан мыңдаған мәліметтің ішінен пайд­а­лы­сын табу. Сонымен қатар бұл – үш саланың қосындысы, мұнда бизнес, математика және бағдарламалауды жаңғақша шағуың керек. Мәселен, бүгінде Тesla компаниясы көлікті ав­топилот арқылы, яғни өздігінен жүргізу жобасын дамытып жатыр. Мұнда көліктің жан-жағына орнатылған камерадан экранға картина ұсынылады, бұдан көліктің алдын­да, артында не тұрғанын біліп, жолдың қай жо­лағына шығу керек екенін басқарып оты­расың. Бұл кәдімгі математикалық алгоритм, компьютерлік модель. Енді бұған сұраныс қалай болады, өтімді өнім бе, бұл бизнес ма­мандарының бас қатыратын ісі. Осы­лайша, осы үш саланы біріктіру арқылы көп та­бысқа кенелуге болады. Қазақстанда осы data science саласын дамытуға күш салып, ІТ саласында алдына жан салмай дамып келе жат­қан мемлекеттердің қатарына кіруге ты­рысу керек. – Күн сайын небір жаңалықтар ашылып, түрлі қызықты жобалар әзірленіп жатқан ортада жұмыс істей жүріп, жеке стартап жоба ашу туралы ойланатын боларсыз? – Әлбетте, ойланамын. Алдағы уақытта Қа­зақстанға пайдасы тиер жоба жасағым келеді. Негізі, бастапқыда сыртта бірнеше жыл жұмыс істеп, елге ораламын деп ой­лағанмын. Десек те, елге келіп елең етерлік жаңалық ашу үшін тәжірибе жинау керек екенін ұқтым, оның үстіне дәл қазір бір үлкен жоба ашуға дайын емеспін. Оның үстіне, Қазақстанда ІТ жобаны өрістетудің проблемасы көп, әрі қиынға түсетіні анық. Оған қоса, он сегіз миллион халықтың ішінде қазақ тіліндегі қосымшаларды қолданатыны тіпті аз, сол себепті қазақ тіліндегі стартап жобаны әзірлеу тиімді болмай тұрғаны рас. – Орыс журналисі Юрий Дудьтің Кремний алқабы туралы түсірген деректі фильмінен кейін көпшілік, соның ішінде ТМД елдеріндегі жас­тардың бұл салаға қызығушылығы арта түскендей. ІТ астанасы атанған, өзіңіз жұмыс істеп жүрген Кремний алқабы жайлы сіз не айтасыз? – Иә, бізде ақша табу көзін дүкен, мей­рам­хана немесе автокөлік жуу орындарын ашу­мен байланыстырады, одан қалса, сауда-сат­тықпен айналысып, түрлі елден тауар та­сиды. Ал ІТ өнімдері арқылы бұдан да жақ­сы, сапалы әрі нәтижелі дамуға болаты­нын түсіне бермейді. ІТ саласының ең ұта­тын тұсы – сенің әзірлеген жобаңды күллі әлем­нің қолданушылары пайдалана алады. Мы­салы, сіз белгілі бір өніммен айналы­са­тын зауыт ашсаңыз, бұл өнімді дүние жүзіне өт­кізу қиын, себебі мұның логистикасы бар, өз­ге елдерде тура осы өнімді шығаратын бә­се­келесіңіз бар әрі шетелдіктерге мұның сапасы ұнамай қалуы мүмкін. Ал ІТ сала­сын­да басқаша. Жалпы, бағдарламалау тілін біл­сеңіз, әлемнің кез келген ірі компания­сында жұмыс істей аласыз. Сосын өз еліңізге тә­жірибелі маман статусында келіп, өз жо­баңызды аша аласыз, өзгелерді үйрете ала­сыз. Кремний алқабы туралы сөз етсек, мұн­да әлемдік ірі компаниялардың бас кең­­­селері мен бірқатар университеттер ор­наласқан. ІТ десе, ішкен асын жерге қоятын ма­мандар осында шоғырланған. Кішігірім стартап жобаларды әзірлеушілердің бар­лығы осында келеді, себебі мұнда сол бей­мә­лім, шағын жобаңды әлемдік деңгейге кө­теруге көмектесетін инвесторлар бар. Мә­се­лен, ақшасы бар адамдар бір жобаны әзір­­­леу­шілерге қаржылай көмек білдіріп, ай­на­лымға түсіп, өзін мойындатқан компания дең­гейіне жеткенде инвесторлар да, стартап әзір­леушілер де пайдасын көреді. Мысалы, мен тұрып жатқан қалаға ІТ саласында жұ­мыс істеу үшін әлемнің әр түкпірінен ағы­лып келеді. Мұнда «мен әлемге әйгілі Apple компаниясында жұмыс істеймін» деп кеуде соқпайсың, себебі мұнда бұл компанияда мен сияқты жұмыс істейтіндердің қарасы көп.  width= – Тіпті, демалыстың өзін тиімді өткізбесең, қатарыңнан қалып қал­ғандай сезінетін боларсыз? – Ол рас, мұнда қай жағынан болсын бә­секе жоғары, тіпті демалысты да тиімді өткізуге тырысады. Үйде жай отырып, еш­теңе істегің келмей, демалғың келсе, ай­налаңдағы адамдар жатпай-тұрмай, қи­мыл­дап, түрлі әрекеттер жасап жүреді. Мұндайда өзіңді әлемнен қол үзіп қалғандай сезінесің. Мұн­дағы тұрғындардың өмір сүру моти­вация­сы жоғары, сол себепті пайдалы тамақ, са­лауатты өмір салтын ұстанады. Осы жа­ғынан алғанда Кремний алқабы менің дү­ниеге көзқарасымды өзгертті деуге болады. – Жоғарыда Стэнфорд универ­си­тетінде оқи жүріп, болашақ жұбайыңызбен таныс­қаныңызды ай­тып қалдыңыз. Оның да ма­ман­дығы ІТ саласымен байланысты ма? – Жоқ, әйелімнің мамандығы – ди­зай­нер. Степногорск қаласының тумасы. Алды­мен сол қалада көркемөнер мектебінде оқып, кейіннен Сан-Францискодағы өнер ака­демиясында білім алған. Танысқаннан кейін екі жылдан соң, Таразда тойымызды өт­кізіп, осында қайта оралдық. Қазіргі таңда ар­хитектура бойынша әлемдегі ірі ком­па­ниялардың бірі саналатын Gensler компа­ниясында интерьер дизайнер болып жұмыс істейді. – Болашақта сіз секілді Apple ком­паниясында жұмыс істеп, тә­жірибе жинақтағысы келетін оқу­шы­ларға, студенттерге не айтар едіңіз? – Қазір барлығын саралап қарасам, мен оқы­ған қазақ-түрік лицейі, Назарбаев уни­вер­ситеті, Стэнфорд университетінің түле­гімін деп айту оңай-ақ, десек те ешқайсысы оңайға соқпады. Мәселен, физика пәнінен олимпиадаға дайындалғанда сабақтан келе сала, кешкі он бірге дейін дайындалатынмын. Стэнфорд университетінде оқып жүр­ге­німде, күн сайын таңғы алтыда тұрып алып, са­бақ басталғанша ағылшын сөздерін жат­тайтынмын. Apple компаниясына жұмысқа келерде де көп іздендім. Мәселен, Малкольм Гладуэлл «Генийлер және аутсайдерлер» кі­табында әлемдік деңгейдегі маман атану үшін 10 000 сағат жұмыс істеу керек, ал егер ор­таша деңгейдегі маман болғыңыз келсе, 2 000 сағат жұмыс істеу қажет екенін алға тар­тады. Сол секілді егер оқушы немесе сту­дент 2 000 сағат өз білімін арттыруға арнаса, алдағы уақытта кез келген ірі компанияға жұ­мысқа тұратын әлеует қалыптастырады. Осы­лайша, күніне өзінің осал тұсын жақ­сартып, ал мықты жағын одан сайын ұштай түссін деймін. Тағы бір айта кетерлігі, мен бас­тапқыда, математика мен физика, сосын химиялық инженерияны оқыдым, ақырында ІТ саласына келдім. Алдыңғы екеуін жұ­мыс­та қолданбаймын, десек те техникалық база бар. Сол себепті бірінші мамандығыңды дұрыс игере алмай қалсаң, бұдан қорқатын еш­теңе жоқ. Тек дер кезінде өзіңе қажетті бағытты таңдай біліп, бар біліміңді мұнымен бай­ланыстырып, өз жолыңды тауып алсаң бол­ғаны, қалғаны өз ретімен болады. Бола­шағын жарқын еткісі келетін жас маман алдымен дүкен ашудан да ауқымды, үлкен жоспарлар құрса деймін.

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ