Жаңалықтар

Кемелдікке бастайтын көне заңдар

ашық дереккөзі

Кемелдікке бастайтын көне заңдар

Мемлекет құрған әр халықтың тарихи даму барысында өзіне тән ұлттық ерекшеліктері мен табиғи жағдайы­на, экономикалық басқару жүйесіне сай заңдары болатыны белгілі. Ұлт ретінде қалыптасып, өз алдына жеке мемлекет құр­ғанына бес жарым ғасырдан асқан қазақ елінің де әр кез­де қоғамдағы реттеуші күшке айналған өзіндік құқықтық нор­малары болды. Солардың ең алғашқысы – «Қасым хан­ның қасқа жолы» деп аталатын, қазақтың ұлы хандарының бірі, Қазақ ордасының төртінші билеушісі Қасым ханның (1445-1521) атымен байланысты заң. Қазақ хандығының негізін қалау­шы­лардың бірі − Әз-Жәнібек ханның ортаншы ба­ласы Қасым хан Қазақ хандығының ішкі-сыртқы жағдайын нығайтып, өзі басқарып отырған мемлекеттің аумағын кеңейткен үлкен тарихи тұлға еді. Ол мемлекетті сая­си жақтан күшейту үшін тәртіп керек еке­нін және сол тәртіпті орнату үшін арнайы ере­же қажет екенін біліп, оны жасау үшін билер кеңесінің көмегіне жүгінген демократ билеуші еді. Солайша, құрылғанына онша көп бола қоймаған қазақ мемлекетінің алғашқы заңы «Қасқа жол» деп аталды. Ел арасында ханның абырой-беделінің мықты болғаны себепті ол бас болып жасалған заңды халық «Қасымның қасқа жолы» деп дәріптеді. «Қасқа жолдың» өзіндік ерекшеліктері болды. Мәселен, Қазақ хандығы  мұсылман елі саналса да, бірыңғай шариғат заңының ізімен кетпей, қазақ секілді көшпелі елдің өміріне − әдет-ғұрпы мен салт-санасына не­гізделген заң қабылдауы ұлттық өзге­шелікті есепке алу еді. Әрине, «Қасқа жол» та­қыр жерден пайда болған керемет емес, ке­рісінше, бұрыннан барды жүйелеп, нақ­тыландырып күшейту негізінде жасалған. Себебі ежелден қалыптасқан билер заңына (шартты түрде «жарғы» деп аталған) Қасым хан «ақсақалдар ережесі», «ата-баба жолы», «жөн-жосықтар» деген секілді толық­тыру­лар жасап, біртұтас заңға айналдырды. Со­ны­мен «Қасқа жол» негізінен мынадай бес жолды қамтыды: Мүлік заңы (мал-мүлік, жер-су, қоныс дау­ларын шешу ережелері); Қылмыс заңы (кісі өлімі, ел шабу, мал ұрлау, ұрлық т.б. қолданылатын жазалар); Әскери заң (қосын құру, аламан мін­деті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.). Елшілік жоралары (шешендік, әдеп­тілік, халықаралық қатынастардағы сы­пайы­­лық, сөйлеу мәнері); Жұртшылық заңы (шүлен тарату, ас-той, мерекелер мен жиындардағы ережелер, жылу, асар т.б.). Осылайша, біздің мемлекеттілігіміздің алғашқы жүйеленген заңы дүниеге келді. Ол ханның ел басқару ісін реттеп, тұтас елді тәртіпке бағындырды. Осы заң Қасым хан­ның қазақ хандығын күшейту, қазақ тай­паларын біріктіріп, этникалық жақтан тер­риториялық тұтастыққа жету жолында­ғы істеріне зор пайдасын тигізіп, елдің ішкі-сыртқы беделін көтерді. Содан болса керек, атақты орта ғасырлық тарихшы Мұ­хаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Ра­шиди» атты кітабында: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құ­діретті ешкім болған емес», − деп Қасымға жоғары баға берді. Қасымнан кейін Қазақ хандығының ай­барын асырған, 1598-1628 жылдары Қа­зақ ордасының билеушісі «Еңсегей бойлы ер Есім» атанған Есім хан тұсында «Қасым салған қасқа жол» түрленіп, толықтырылды. Бір ғасырдай хандықтың заңы болған «Қас­қа жол» сол дәуірдегі әскери-саяси, әлеу­мет­тік қажеттіліктерге, халықтың тұрмысы мен дәстүріне сәйкес жетілдіріліп, өзгеше сипат алды. Өзгерген заңдағы ережелер жер­ге, малға байланысты талап-арыз, қыл­мыстық іс туралы (ұрлық, кісі өлтіру және т.б.), әйелдердің жағдайы, әскери мін­деттілік, дәстүрлі шаралар, кедейлерге кө­мектесу секілді мәселелерді қамтыды. Міне, осы заңдық нормалар «Есім ханның ескі жолы» аталып, ел ішінде дау-шарды ше­шер­де билердің білуі міндеттелді. Қазақ арасында жиі дау болатын мә­се­ленің бірі  кісі өліміне қатысты болған. Мұ­ны құн төлеумен реттеткен  Есім хан­ның арнайы заңы бойынша, өлген адамға кісі өлтіруші жақ құн төлеуге міндеттелген. Ер адамның құны жүз жылқы, алты түйе деп белгіленген және ол құн өлген адамның бай не кедей екеніне, жас не кәрі екеніне қара­май, тең дәрежеде талап етілген. Осы­ларға үстеме Өнер құны, Сүйек құны деген құн төлеу де белгіленген. Өнер құны − ақын­­­дар мен балуандарға белгіленген. Яғни, өлген кісі ақын, жыршы секілді өнерпаз не жүл­де алған балуан болса, айыпты жақ олар­ға екі кісінің құнын төлеуге міндет­телген. Ол екі жүз жылқы, он екі түйе бо­лып белгіленген. Ал Сүйек құны − өлген адам­ның сүйегі үшін төленген құн, яғни, өлген адамның сүйегі жақындарына бе­рілмей, жоқ болып кетсе, оған да жо­ғары­дағыдай екі адамның құны берілетін бол­ған. Қазақтардағы маңызды бір дау − жесір дауы болса, оның да шешімі «Есімнің ескі жо­лында» анық көрсетілген. Мысалы, қыз­дың атастырылған күйеуі мал берген же­сірін алмай тұрып өліп кетсе, жесірге айт­тырылған жерінен күйеу таңдауға мүм­кіндік берілген. Егер жесірдің таңдаған ада­мы одан бас тартса, әйелдің басы босап, қа­лың малы қайтарылатын болған.