Кемелдікке бастайтын көне заңдар

Кемелдікке бастайтын көне заңдар

Кемелдікке бастайтын көне заңдар
ашық дереккөзі
Мемлекет құрған әр халықтың тарихи даму барысында өзіне тән ұлттық ерекшеліктері мен табиғи жағдайы­на, экономикалық басқару жүйесіне сай заңдары болатыны белгілі. Ұлт ретінде қалыптасып, өз алдына жеке мемлекет құр­ғанына бес жарым ғасырдан асқан қазақ елінің де әр кез­де қоғамдағы реттеуші күшке айналған өзіндік құқықтық нор­малары болды. Солардың ең алғашқысы – «Қасым хан­ның қасқа жолы» деп аталатын, қазақтың ұлы хандарының бірі, Қазақ ордасының төртінші билеушісі Қасым ханның (1445-1521) атымен байланысты заң. Қазақ хандығының негізін қалау­шы­лардың бірі − Әз-Жәнібек ханның ортаншы ба­ласы Қасым хан Қазақ хандығының ішкі-сыртқы жағдайын нығайтып, өзі басқарып отырған мемлекеттің аумағын кеңейткен үлкен тарихи тұлға еді. Ол мемлекетті сая­си жақтан күшейту үшін тәртіп керек еке­нін және сол тәртіпті орнату үшін арнайы ере­же қажет екенін біліп, оны жасау үшін билер кеңесінің көмегіне жүгінген демократ билеуші еді. Солайша, құрылғанына онша көп бола қоймаған қазақ мемлекетінің алғашқы заңы «Қасқа жол» деп аталды. Ел арасында ханның абырой-беделінің мықты болғаны себепті ол бас болып жасалған заңды халық «Қасымның қасқа жолы» деп дәріптеді. «Қасқа жолдың» өзіндік ерекшеліктері болды. Мәселен, Қазақ хандығы  мұсылман елі саналса да, бірыңғай шариғат заңының ізімен кетпей, қазақ секілді көшпелі елдің өміріне − әдет-ғұрпы мен салт-санасына не­гізделген заң қабылдауы ұлттық өзге­шелікті есепке алу еді. Әрине, «Қасқа жол» та­қыр жерден пайда болған керемет емес, ке­рісінше, бұрыннан барды жүйелеп, нақ­тыландырып күшейту негізінде жасалған. Себебі ежелден қалыптасқан билер заңына (шартты түрде «жарғы» деп аталған) Қасым хан «ақсақалдар ережесі», «ата-баба жолы», «жөн-жосықтар» деген секілді толық­тыру­лар жасап, біртұтас заңға айналдырды. Со­ны­мен «Қасқа жол» негізінен мынадай бес жолды қамтыды:
  1. Мүлік заңы (мал-мүлік, жер-су, қоныс дау­ларын шешу ережелері);
  2. Қылмыс заңы (кісі өлімі, ел шабу, мал ұрлау, ұрлық т.б. қолданылатын жазалар);
  3. Әскери заң (қосын құру, аламан мін­деті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.).
  4. Елшілік жоралары (шешендік, әдеп­тілік, халықаралық қатынастардағы сы­пайы­­лық, сөйлеу мәнері);
  5. Жұртшылық заңы (шүлен тарату, ас-той, мерекелер мен жиындардағы ережелер, жылу, асар т.б.).
Осылайша, біздің мемлекеттілігіміздің алғашқы жүйеленген заңы дүниеге келді. Ол ханның ел басқару ісін реттеп, тұтас елді тәртіпке бағындырды. Осы заң Қасым хан­ның қазақ хандығын күшейту, қазақ тай­паларын біріктіріп, этникалық жақтан тер­риториялық тұтастыққа жету жолында­ғы істеріне зор пайдасын тигізіп, елдің ішкі-сыртқы беделін көтерді. Содан болса керек, атақты орта ғасырлық тарихшы Мұ­хаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Ра­шиди» атты кітабында: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құ­діретті ешкім болған емес», − деп Қасымға жоғары баға берді. Қасымнан кейін Қазақ хандығының ай­барын асырған, 1598-1628 жылдары Қа­зақ ордасының билеушісі «Еңсегей бойлы ер Есім» атанған Есім хан тұсында «Қасым салған қасқа жол» түрленіп, толықтырылды. Бір ғасырдай хандықтың заңы болған «Қас­қа жол» сол дәуірдегі әскери-саяси, әлеу­мет­тік қажеттіліктерге, халықтың тұрмысы мен дәстүріне сәйкес жетілдіріліп, өзгеше сипат алды. Өзгерген заңдағы ережелер жер­ге, малға байланысты талап-арыз, қыл­мыстық іс туралы (ұрлық, кісі өлтіру және т.б.), әйелдердің жағдайы, әскери мін­деттілік, дәстүрлі шаралар, кедейлерге кө­мектесу секілді мәселелерді қамтыды. Міне, осы заңдық нормалар «Есім ханның ескі жолы» аталып, ел ішінде дау-шарды ше­шер­де билердің білуі міндеттелді. Қазақ арасында жиі дау болатын мә­се­ленің бірі  кісі өліміне қатысты болған. Мұ­ны құн төлеумен реттеткен  Есім хан­ның арнайы заңы бойынша, өлген адамға кісі өлтіруші жақ құн төлеуге міндеттелген. Ер адамның құны жүз жылқы, алты түйе деп белгіленген және ол құн өлген адамның бай не кедей екеніне, жас не кәрі екеніне қара­май, тең дәрежеде талап етілген. Осы­ларға үстеме Өнер құны, Сүйек құны деген құн төлеу де белгіленген. Өнер құны − ақын­­­дар мен балуандарға белгіленген. Яғни, өлген кісі ақын, жыршы секілді өнерпаз не жүл­де алған балуан болса, айыпты жақ олар­ға екі кісінің құнын төлеуге міндет­телген. Ол екі жүз жылқы, он екі түйе бо­лып белгіленген. Ал Сүйек құны − өлген адам­ның сүйегі үшін төленген құн, яғни, өлген адамның сүйегі жақындарына бе­рілмей, жоқ болып кетсе, оған да жо­ғары­дағыдай екі адамның құны берілетін бол­ған. Қазақтардағы маңызды бір дау − жесір дауы болса, оның да шешімі «Есімнің ескі жо­лында» анық көрсетілген. Мысалы, қыз­дың атастырылған күйеуі мал берген же­сірін алмай тұрып өліп кетсе, жесірге айт­тырылған жерінен күйеу таңдауға мүм­кіндік берілген. Егер жесірдің таңдаған ада­мы одан бас тартса, әйелдің басы босап, қа­лың малы қайтарылатын болған.  width= Елдегі мал-мүлік дауы да басты мәсе­ле­нің бірі. Қазақтың басты байлығының бірі мал десек, біреудің малына суық қолын ти­гізген ұрыларға Есім ханның қатал бол­ғаны белгілі. Ол жөнінде «Есім ханның ескі жолында»:  «Мал-дүние ұрлаған ұрылардың ұрлық үстінде қолға түскендеріне: киімін тонап, көлігін аударып алған, қорлықпен байлап, сабап берген ақірет-азалары жоқ­талмайды. Егер де ұрының денесінің бір же­ріне кемістік келтірілсе, көзі шықса, қо­лы сынса, құлағы кесілсе, сақалы жұлынса, т.б. ол кезде зәбір беруші жағы ұрыға тиісті айы­бын тартатын болады», − деп көр­се­тілген. Сондай-ақ  Есім ханның заңында жер-су, жайлау-қыстау, көшу-қону қоныстары туралы болып тұратын күрделі дау-жан­жал­дарды шешу мәселесі қаралған. Мәс­е­лен, мұрагерлік, мирасқорлық мал мөлшері жайы атап көрсетілген. Мирасқорлыққа бөлінетін мал-мүліктердің бөліну мөлшері туған ұлдарына  екі еседен, туған қыз­дары­на, баласыз әйелдеріне  бір еседен, өгей бала­ларына  жарты еседен, есігінде еншілес болып жүрген құлы яки күңі болса, ширек еседен сыбаға тиісті болған. Ал «Есім хан­ның ескі жолындағы» қызға төленетін қа­лың малдың кесімді мөлшерінің мынадай бес түрі көрсетілген:
  1. «Жүз қырықтың қалыңы» – жүз қой, қы­рық қара деген кесім байлар мен билер­дің қызының қалыңы;
  2. «Жүз жиырманың қалыңы» – жүз қой, жиырма қара деген кесім одан кейінгі ор­таша қызының қалыңы;
  3. «Қырық жетінің қалыңы» – жеті қара, кырық қой деген кесім (байлардың, билер­дің «қатын үстіне» алатын кедейлердің қыз­дарына төленетін қалыңы);
  4. «Он екі қара» – «дөңгелек қалың» − қа­тыны өлгендердің кедейдің қызын айт­тырғанда төлейтін қалыңы;
  5. «Сегіз қара» − жарлы-кедейлердің бір-бірімен құда болып қызын айттырғанда тө­лейтін қалыңы. Әйел құны да осыған сәй­кес болған.
Қасым ханнан кейін қазақ хандығын қуатты елге айналдыру жолында тер төккен Есім ханнан қалған заңдар жинағы Тәуке ханның заманына дейінгі қазақтың негізгі заңы болды да, Тәукенің тұсында «Қасқа жол» да, «Ескі жол» да жаңарып, «Жеті жар­ғыға» айналды. Тәуке хан немесе Мұхамед Ба­тырхан (1635-1715) тұсында халқы кө­бейіп, жері кеңейген Қазақ хандығына ыдырау қаупі төнген тұста, Салқам Жәңгір хан­ның баласы, әділдігімен аты шығып, «әз-Тәуке»  атанған  Тәуке хан елдің тұтас­ты­ғын сақтау, бірлігін күшейту үшін жаңа қа­былдаудың қажеттілігін танып, халық­тың әдет-ғұрып заңдары мен өзінен бұрын­ғы хандардың кезінде қабылданған заңдар­ды, атап айтқанда «Қасымның қасқа жолы» мен «Есімнің ескі жолын» жетілдіріп, кеңей­туді ойлады. Осылайша, ол үш жүздің игі жақсыларының басын қосып, үйсін Төле би Әлібекұлы (1663-1756), арғын Қазыбек би Келдібекұлы (1665-1755), әлім Әйтеке би Байбекұлы (1644-1700) секілді атақты би­лерді бас қылып, Күлтөбенің басында кеңес құрып, қазақ үшін жаңа заңды бекітті. Ол «Тәукенің Жеті жарғысы» деген атпен та­рихта қалды. «Жеті жарғы» мынадай жеті бөлім­нен тұрады:
  • 1-жарғы. Көтеріліс жасап, бүлік шығар­ған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын.
  • 2-жарғы. Түркі халқының мүддесін са­тып, елге опасыздық еткендер өлім жаза­сы­на бұйырылсын.
  • 3-жарғы. Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырыл­сын.
  • 4-жарғы. Өзге біреудің әйелімен зи­нақорлық жасап, ақ некені бұзушылар өлім жазасына бұйырылсын.
  • 5-жарғы. Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәй­гүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын.
  • 6-жарғы. Төбелесте мертігудің түріне қа­рай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қы­зын береді, ал қызы жоқ болса қыздың қа­лыңмалын береді. ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.
  • 7-жарғы. Ұрланған жылқы, өзге де құн­ды мүлік үшін он есе артық айып тө­лет­тірілсін.
Тізбелей көрсетілген бұл жарғының әр бө­лімін оқи отырып, оның мемлекеттің бү­тіндігі мен халықтың бірлігін сақтау, жа­байылық саналатын кісі өлтірушілікке тыйым салу мен отбасы, неке парызына адалдықты талап ету, ел қорғау ісіне зиян келтіруге жол бермеу сияқты маңызды мә­селелерді әділ шешуге бағытталған заң еке­ніне көзіңіз жетеді. Қалайда ХІХ ғасырдың бас кезіне дейін «Жеті жарғының» заңдары қазақ арасында ұмытылмай, кейбір дауларды шешуде соның ережелері басшылыққа алынғаны анық. Өкініштісі, «Жеті жарғының» толық нұсқасы сақталмаған. Оның үзінділерін К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларынан көруге болады. Ал «Жеті жарғының» Н.Гро­деков, Л.Словохотов, А.Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулерінде кел­тірілген түрі, қазалылық шежіреші, ауыз әдебиетін жинаушы, этнограф Әлқуат Қай­нарбайұлы (1898-1979) жеткізген нұсқаға жақын екен. Біздің заманымызға «Жеті жарғының» түпнұсқасы жетпеді. Алғаш рет орыс ға­лы­мы Г.Спасский жаппас руының старшыны Күбек Шүкіралиевтің айтуынан жазып алған «Жеті жарғының» 11 үзіндісін 1820 жылы «Сибирский вестник» баспасөзінің бетінде жариялаған. Міне, осы айтылған жайларды саралай кел­генде, қазақ халқының алғашқы мем­лекеттігі кезінде-ақ іргелі елдерге тән заң­дар жасағанын, сол заңдар арқылы мем­лекеттің, ұлттың тұтастығы сақталғанын танып-түсінуге болады. P.S. ХХ ғасырдың басында Ресейде патша өкіметі құлап, оның орнын басқан большевиктер КСРО-ны құрды. Міне, осы мемлекет құрамында болған 74 жылдан аса уақыт ішінде елімізде бірнеше рет конституция қабылданды. Алғашқы Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қауылысымен түпкілікті редакцияда қабылданды. Өйткені бұл кезде Қазақстан РСФСР-дың бір бөлігі еді. Одан кейін 1937 жылғы 26 наурызда Кеңестердің Бүкілқазақстандық Төтенше Х Съезінде 11 бөлім мен 125 баптан тұратын Қазақ КСР Конституциясы қабылданды. Ал 1978 жылғы 20 сәуірде ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында кіріспеден, 10 бөлім, 19 тарау және 173 баптан тұратын Қазақ КСР Конституциясы қабылданды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады. Еліміздің соңғы Ата заңы  9 бөлім, 98 тараудан тұратын Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда қабылданды.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ