Tik-tok-тағы видео үшін пышақ салған жасөспірім ұсталды

Тараз қаласында жасөспірімдер TikTok желісіндегі видео үшін бір-біріне пышақ ала жүгірген, – деп хабарлады Polisia.kz.

15 тамыз күні 15 және 17 жастағы жасөспірімдер арасында жанжал туындаған. Полиция қызметкерлерінің анықтауы бойынша, жанжалға жігіт пен қыз бірлесіп түскен ролик себеп болып, оны жанжал шығарушы қызғанған. Үшінші жасөспірім таныстарды ажыратпақ болған кезде пышақтан жарақат алған. Ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Зардап шеккен жігіттің айтуынша, оған пышақ жарақатын салған жанжалды бастаған жасөспірім екен. Ол істеген әрекеті үшін жауапкершіліктен жалтарып, ізін суытқан.

Тараз қаласының полиция басқармасы ҚР ҚК 293-бабы 3-тармағы «Бұзақылық» бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы ұсталған 15 жасар Тараз тұрғынына қатысты қажетті шараларды жүргізіп жатыр. Оқиғаның жай-жапсары белгілі болғаннан кейін бұлтартпау шарасы анықталады.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button