Қала тұрғынын үй кезегінен заңсыз алып тастаған шенеунік жазалана ма?

Қала тұрғынын үй кезегінен заңсыз алып тастаған шенеунік жазалана ма?

Қала тұрғынын үй кезегінен заңсыз алып тастаған шенеунік жазалана ма?
ашық дереккөзі
Петропавлда Әдеп жөніндегі кеңес қала тұрғынын үй кезегінен заңсыз алып тастаған лауазымды тұлғаның ісін қарап, оны тәртіптік жазаға тартуды ұсынды, – деп жазды ҚазАқпарат. СҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Әдеп жөніндегі кеңесте Петропавл қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғасына қатысты тәртіптік іс және 6 мәселе қаралды. Петропавл қаласының тұрғыны мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу үшін кезекке тұрған. Алайда тұрғын үй комиссиясының құрамында болған шенеунік оны бұл кезектен алып тастаған. Қала тұрғыны өз құқығын қорғау үшін сотқа беріп, Петропавл қалалық №2 соты тұрғын үй комиссиясының бұл шешімін жоққа шығарып, оны заңсыз деп таныды. Әдеп жөніндегі кеңестің пікірінше, лауазымды тұлға теріс қылық жасап, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірді. Істі қарай келе кеңес мүшелері Петропавл қаласының әкіміне мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданып, оны қызметінен төмендетуді ұсынды. Ал төмен тұрған мемлекеттік қызмет орны бос болмаған жағдайда заңға сүйене отырып, шенеунікке қызметіне толық сай келмеуі туралы ескерту беру ұсынылды. Кеңесте сондай-ақ, СҚО-дағы мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жарты жылдағы жұмысы қорытындыланды. Хатшылық берген ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге қатысты 301 тәртіптік жаза қолданылған. Бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,7 % төмен.