ЖОО ректорлары сайлау арқылы тағайындалады

Биылдан бастап мемлекеттік ЖОО ректорлары сайлау арқылы тағайындалады, – деп жазды Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі. Бұған дейін университет ректорлары ҚР Білім және ғылым министрінің жеке шешімімен тағайындалатын.

Сайлауды университеттің Кадағалау кеңесі өтікзеді. Кеңес ғалымдардан, бизнес, жергілікті атқару органдары және қоғам өкілдерінен құралады. Іріктеудің басты талаптарына сай  үміткерлер университеттің даму бағдарламасын ұсынуы тиіс. Қадағалау кеңесі өз шешімін Республикалық конкурстық комиссияға жолдайды. Қадағалау кеңесі қолдаған кандидаттар саны үш адамнан кем болмауы керек. Алғашқы іріктеуден кейін үміткерлер ҚР Премьер-министрінің әлеуметтік мәселелерді қадағалайтын орынбасарының жетекшілігіндегі Республикалық комиссияда сұхбаттасудан өткізіліп, алқалы негізде соңғы шешім қабылданады.

«Мемлекеттік ЖОО ректорларын сайлау ең алдымен лауазымға тағайындалудың айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз етпек. Сонымен қатар, конкурстық іріктеу нәтижесінде ең жақсы деп табылған ЖОО-ның даму бағдарламасын қабылдауға мүмкіндік береді. ЖОО-ның Қадағалау кеңестерінің тізімдері қалыптастырылғандықтан, олар университеттердің сайттарында ашық жариялануы тиіс. Мемлекеттік ЖОО ректорлары лауазымдарына үміткерлерді іріктеу таяу кезеңде басталады», – делінген хабарламада.


Back to top button