Жаңалықтар

Шаңырақ «5-10-20» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталды

ашық дереккөзі

Шаңырақ «5-10-20» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталды

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттарының бірі «Шаңырақ» пилоттық жобасын жүзеге асырады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, баспаналы болуды армандаған қазақстандық азаматтарға жеңілдетілген шарттармен несие беру мақсатында әзірленген. – Биыл «Шаңырақ» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін бюджеттен 210 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған. Оның 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне түсті. Осы бюджетке сәйкес, біз еліміздің шамамен 7-8 мыңдай отбасын баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Жылдық мөлшерлемесі 5 пайызға тең (ЖТСМ 5,2%), жеңілдетілген заемды алу үшін, бағдарлама қатысушылары әкімдік кезегінде тұрулары қажет. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарына займ мөлшерінің 10 пайызынан кем түспейтін соманы бастапқы жарна ретінде жинаулары қажет. Несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін, – деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова. «Шаңырақ» жобасының аясында жеңілдетілген несиені бірінші кезеңде, баспанаға мұқтаж жан ретінде 1986 жылдан бастап 2010 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда әкімдік кезегіне тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары ала алады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін, банктің «Шаңырақ» жобасын одан әрі несиелендіруге қажетті қаражаты болған жағдайда, бағдарламаның екінші кезеңіне әкімшілік кезегіне кейінгі жылдары тұрған азаматтар да шақырылуы мүмкін. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін отбасылық табыстың бір айлық көлемі 3,1 күнкөріс минимумынан аспайтын (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап КМ – 32 668 теңгеге тең) еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістің (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы мен басқа да міндетті аударымдарды есептемегенде) болуы талап етіледі. Яғни, 2020 жылы отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден аспауы тиіс. Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үйді тек жаңа соғылған үйлерден ғана алуға болады. Ал «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер алуға болатын құрылыс компанияларының тізімі hcsbk.kz сайтында жүктелген. Әкімдік кезегінде тұрған азаматтар бағдарламаға қатысу туралы және төлем қабілеттілігін бағалау жөніндегі өтініштерін 2020 жылдың 17 тамызынан бастап 16 қыркүйегіне дейінгі аралықта тек hcsbk.kz сайты арқылы электронды түрде бере алады. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенттеріне де, әзірше банктен салым ашып, клиенттер қатарына қосылып үлгермеген тұрғындарға да қатысты. Өтініш беру мерзімі 2020 жылдың 17 тамызы мен 16 қыркүйегі аралығында.