«Ұлттық аударма бюросы»: 30 жаңа оқулық аударылды
«Ұлттық аударма бюросы»: 30 жаңа оқулық аударылды
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында биыл қазақ тіліне 30 жаңа оқулық аударылды. Оқулықтардың жаңа топтамасы кинотану, театртану, өнер, этика, эстетика, медиа, тарих, микро және макро экономика мен бизнес, жеке қаражат, саясаттану, сондай-ақ, азаматтық іс-жүргізу құқығы мен интеллектуалдық меншік құқығы, педагогика және статистика секілді салаларды қамтиды.
Еліміздің мәдени шығармашылық бағыттағы оқу орындарының ұсынысы бойынша, бұл жолғы аударма аясында кинотану, сценарий жазу, театртану, музыка тарихы мен өнертану бағытындағы оқулықтарға басымдық берілді. Өнер академияларынан келген ұсыныстарға сәйкес аталған өнер мен білім салаларында әлемге танымал авторлардың құнды еңбектері таңдап алынды.
Сондай-ақ, аударылған және аударылып жатқан оқулықтардың негізінде қазақ және орыс тілдерінде мультимедиалық онлайн курстар әзірленіп, олар «Қазақстанның ашық университеті» (www.openU.kz) порталына жүктелді.
Аударма және басылымдарды дайындау жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының ғалымдары, тәжірибелі аудармашылар, тілшілер мен әдебиетшілер ортасынан іріктелген редакторлар, жалпы саны 300-ден аса маман қатысуда.