Жабалдың жаласы немесе менің Оразбайыма жауап
Жабалдың жаласы немесе менің Оразбайыма жауап
Редакциядан: Газетіміздің өткен санында абайтанушы ғалым Жабал Шойынбеттің сұхбаты жарияланған болатын. Сұхбаттың тақырыбы «Көпшілікке Абай туралы «адасқан» қазақтардың түсіндірмесі жетіп жатыр» деп аталатын. Сұхбат барысында Жабал Шойынбет абайтану саласындағы өзекті мәселелерді қозғап, кейбір зерттеушілер мен ғалымдардың аты-жөнін атап, олардың абайтану жөніндегі іліміне күмән келтірген пікірлер де айтқан. Осы тақырыпқа байланысты абайтанушы ғалым Асан Омаров сұхбатқа қарсы жауап хат жазған екен. Біз екінші тараптың да пікіріне құрметпен қарап, газетке жариялауды құп көрдік.
Таяуда Жабал Шойынбеттің сұхбаты «Түркістан» газетіне шықты. Қойылған алғашқы сұраққа берген жауабы соңында Жабекең: «Мен қазіргі күні телеарна, радио, баспасөз беттерінде, сайттарда көп көрініп жүрген ағайынды Досым және Асан Омаровты, «жұмбағы» мол Омар Жәлелді нағыз абайтанушы деп мойындамаймын. Олар мен үшін қазақтың, Абайдың мүддесін емес, өздері үшін қымбат әлдебір топтың мүддесін көздеушілер секілді көрінеді» дейді. Бұл жерде «нағыз абайтанушы – мына мен!» деген ойдың құлағы қылтиып тұрғаны анық. Тек өзін ғана абайтанушы ғалым санайтын Жабал інім «әлдебір топтың мүддесін көздеушілер» деген жаласын біздерге жаба салыпты. Ұят-ай. Қалай ғана дәті барды екен?! Ғалымдық – тазалықтың символы емес пе еді?
Жабал Шойынбет жалған жаланы қардай боратып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап келе жатқалы қашан. Кемінде жиырма жылдың жүзі болды. Жабал анау-мынау емес, өте ауыр қылмысқа пара-пар айыптар тағады. «Ағайынды Омаровтар қазақтың қас жауы, халықаралық астыртын ұйымның тыңшысы (шпионы)» деген сияқты. Жаңылмасам, осы жылдың басында Президентіміз Қ.Тоқаевтың атына арыз-хат жолдап, онда ондаған зиялы адамдардың есім-сойын атап, түгелдей қатаң жазаға тартуды өтінген болатын. Сол тізімде аталғанның бірі, оқу-ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері Роза Мұхаметжанқызы апай маған телефон шалып: «Оқу-білім саласында қырық жыл адал еңбек еттім, мына Жабал деген абыройымды айрандай төкті-ау, еш жазықсыз күйдім-ау?!», – деп қатты күйзелген халде кемсеңдей берген-ді. Шүбәсіз, әр адамда бала-шаға, орта, дос-дұшпан бар, Жабалдың жаңағы жалалы хаты, онда аталған жандар жүрегіне терең жара салғаны анық. Бүкіл өмірін ғылым деп, ұлт мүддесі деп сарп еткен адамға жаланың қай түрі болмасын, ауыр тиері сөзсіз.
Әттең-айы, Жабал Шойынбетке біреуді қаралай салу түкке де тұрмайды. «Шіркенде ес болсайшы сезед деген» (Абай) демекші, есі әлі кірмеген баладай шоқпарын оңға да, солға сілтей салады сабаз. Паронойя ма, әлде шектен шыққан қызғаншақтық па? Шыны керек, аң-таң қаласың. Әйтеуір, ғалым адамның қылығы я ісі емесі айдан анық.
Айтқан сын – шын, таққан айып – дәлелді болғанға не жетсін?! Әсіресе, ғылым саласында болмай қалмайтын пікірталас, түсінбеушілік әділет пен ізгілікті тірек еткені маңызды. Өз жайымды ғана айтсам, соңғы отыз жылдай өмірім «Шәкәрімнің өмірбаяны» (2008), «Шәкәрім және Мұхтар» (2010), «Бүгінгі абайтану» (2011), «Абай: ашылмай келген қырлары» (2015), «Абай шығармаларының хронологиясы» (2017), «Цензурасыз Абай» (2020) атты зерттеу кітаптарды жазумен өтті. Сондай-ақ «Абай. Жаңа үлгідегі басылым» деген Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын баспаға дайындаған жайымды да айта отырайын (мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларым өз алдына бір төбе).
Міне, Жабал шіркін осы аталған көл-көсір еңбектің арасынан әлдебір ұлтқа қауіпті қатені тапса, мінеки, бұрмаланған я қасақана жазылған жері деп сынаса, тіпті көзіме шұқыса да арман жоқ. Қайдағы? Жабал пақыр тек жалалы хат жаудырудың ғана хас шебері болып көрінді маған. Құр сөз болмауы үшін жоғарыда аталған сұхбатынан бір мысал алайын. Жабал: «...Омаровтар Абай туралы жазғандарында мынандай ойлар айтады: «Абайды бір діннің шеңберінде қойып түсінуге болмайды, ол – бір діннің шеңберіне сыймайды» депті. Көрдіңіз бе, жау ғып көрсеткен, әшкере еткен сиқы осы. Әлсіз тұсты таптым деген түрі де осы. Ғалым емес, прокурор ма дерсің...
Ей, жарығым Жабал-ай, Абай бір діннің я бір мәдениеттің шеңберіне сыймайды. Мұны алғаш айтқан – Мұхтар Әуезов. Дәлелге «Абай Құнанбайұлы» атты монографиясында: «...Абайдың діні – ақылдың, сыншыл ойдың діні болуға бет алады. Ислам схоластикасы көзімен қарағанда, Абайдың мұнысы – мұсылман ғұламалары ұсынған дін жолы емес, күпірлік. Шариғат ойланбай илан десе, Абай илану үшін ойланам, – дейді». Ұққан адамға Мұхаң бұл жерде Абай дін қағидасы шеңберіне қамалған дінші фанатиктер түгіл, мұсылман ғұламалары санасынан да жоғары сатыға шыққан хакім екенін көрсеткен.
Егер сен білгендей, Абай бір дін шеңберінен шыға алмаған көп ғұламаның бірі болса, онда несіне «Әлемнің Абайы», «Бүкіл адамзаттың ұстазы» деп кеуде қағамыз?! Онда қайтіп адамзатқа ортақ кемеңгер болмақ? Абайдың Құдайтану, жантану, үш сүю ілімдері баршаға ортақ! Қазіргі таңда мына пандемия көрсетті, адамзат, әсіресе, ойшылдың «толық адам» іліміне зәру. Абай – толық адам, яғни толық білімнің иесі. Әрбір хакімнің санасы дін шариғатынан (ислам, христиан, мейлі, буддизм) жоғары. Осындай оқушы балаға да аян ақиқатқа күмәнмен қарауың жарамас, Жабал! Үнемі ислам діні тасасына тығылып тұрып, қойныңа тыққан тасты атасың. Өзіңді ғана шын мұсылман, өзгені кәпір көресің. Бұл – сау ақылдың ісі емес.
Сұхбат тақырыбы – «Көпшілікке Абай туралы «адасқан» қазақтардың түсіндірмесі жетіп жатыр». Па, шіркін, атойлап тұр! Оқырманға түсінікті болу үшін айтайын, бұл жерде сөз «Абай болмаған» деп жазған Зәуре Батаеваның мақаласына түсіндірме беру жайында. Мен таяуда жазған қарсы мақаланы – «адасқан қазақтың түсіндірмесі» дейсің, міне, халыққа сол да жеткілікті дейсің. Батаеваның жазбасы үш тілде бүкіл жер-жаһанға таралды. Сен болсаң, оған түсіндірме беруден бас тартасың. Бұл қалай? Абайды, халықты қор, ал өзіңді зор санағаның ба? Менсінбейтін деңгейге шыққан, тым биікке әуелеген әулиесің бе?
«Абайды зерттеген 30 жылдың ішінде университеттің «Ұлағат» баспасынан бірінші рет «Абайдың қара сөздерінің ерекшеліктері» кітабын шығарып едім, кітабым университет ішіндегілер мен таныстарыма ғана жетті. ...Мен өзімді абайтанушы деп айтуға батылым жете бермейді, ал жоғары оқу орындарында ұстаз болғанымды мақтаныш етемін». Бүкіл сұхбат барысында айтқандарыңнан шындық ауылына жақыны осылар сияқты.
Не зерттеп жүр осы Жабал деген жігітім деп жүретінмін. Сонан өткен қыста елордалық Ұлттық кітапханада жаңағы аталған кітабыңды тауып алып, танысқаным бар. Масқара, оның мазмұнынан төбе шашым тік тұрды, бір түйір жаңалық болсайшы, тіпті өз пікірің де жоқ, өңкей анау айтты, мынау айттымен өзгенің сөздерін тізе беріпсің. Құдай біледі, өте таяз, студенттің дипломдық жұмысы деңгейінде орындалған осы еңбекпен кандидаттық атақ алғаныңа қайран қалдым. Оның таралмағанына шүкір де, таралса, ұятқа батасың, бауырым. Сол шала білігіңмен жоғары оқу орындарында Абайды оқытсаң, жастардың санасы қайтіп жаңғырмақ, ә?
«Өзімді абайтанушы деп айтуға батылым жетпейді» дегеніңді жақсы түсінем. Өйткені аярлық пен жалақорлық қылықтан арыла алмадың (ондай пенденің ұстаз болуға моральдік құқысы күмәнді). Шенеунік сияқты шіренген сөзіңнің соңында: «Көпшілікке Абай туралы кімнің түсіндірмесі тез жетіп жатыр, әрине, қаржылай демеушісі бар «адасқан» қазақтардікі» депсің. Таза жалақорлық емей не? Моральдік шығын сұрап, сотқа жүгінсем обал жоқ. Өзгені «сатқын», «адасқан» деп қоғамда сенімсіздік уын себесің. Мұнан асқан жөнсіздік бола ма? Зейнеткер кісіге ұлтты сатып, не көрініпті? Бірақ көпшілік қайдан білсін, абайтанушы дегеннің сықпыты осы болса, өзгелерден не қайыр деп түңіліп, жерге бір түкірері сөзсіз.
Осымен, Жабал шырақ, сөзімді сабақтайын. Кезінде Абай атамыз:
Ортаға көп салдым,
Өзімде барымды.
Япырым-ау, неңді алдым,
Сау қоймай арымды?
...Жасырдым, жасырдым,
Енді айттым зарымды (1898), –
деп налыған-тұғын. Бұл өлеңін жүйкесін жұқартқан дұшпан басы – Оразбайға арнағаны аян. Міне, аттай жиырма жыл, сен де оразбайлықты жасап-ақ келесің маған. Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос көр» я болмаса «Пендесіне қастықпен кінә қойма» дегенін түсінер, қояр деп сендім. Бірақ олай болмады. Сөз болып отырған сұхбатың, қайткен күнде қара тақтаға жазбақшы бұзық ниетің, тостағанды толтырған соңғы тамшыдай, еріксіз қолға қалам алғызды. «Тентек Құдайын танымас». Шоқпары шошаңдаған бауырға берген тойтарысым да, жаңағы Абай айтқандай, жасырған, айтылмай келген зарым да осы, оқырман қауым.
Асан Омаров,
абайтанушы