Ер Едіге
Ер Едіге
Қандай ел болмасын, оның тарихы мен сол ғасырда өмір сүрген батырлардың ел аузындағы ақын- жыршы, жыраулардың, би-сұлтандардың елге жасаған қызметі мен батырлығының мәні ең алдымен тарихи сабақтастықта болады. Ал тарихи сабақтастықтың бүгінгі жемісі – ол қазақ елінің тәуелсіздік алуы. Тәуелсіздікпен қатар талай ғасырлар бойы сабақтасып келе жатқан ұлттық рухтың биік шыңдарының бірі Ер Едіге батырдың тұлғасын, тарихтағы ерлігін ұрпаққа үлгі мұра ету болды. Ал ұлттық жаңғыру Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында нақты көрсетілген: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп атап көрсетті. Қазақ ұлтының даңқты батырлары мен би-шешендері қаақ елінің шаңырағын көтеріп, уығын қадап, іргесін бекітіп, нығайту жолындағы өткен жолдары ұрпаққа үлгі-өнеге бола білді.
Қазақтың мақтаныш етер айбынды да, айбарлы ұлдарының бірі, бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ тұғырлы тұлға Ер Едіге бабамыз еді. Біз ұлы бабамыз – Ер Едігені әлі толық танып, білген жоқпыз. Қазақ халқының тарихы қалың том болып жатқанымен, мұрағаттарда шаң басқанымен қазіргі заманда тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына қызмет ететіні рас. «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деп жазған ұлттың ұстазы Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлы) толғанысы осындай тарихи деректерге сүйенгеннен шыққан шығар. Себебі көне де ықылым замандардан бері ұрпақтар сабақтастығының үзілместей алтын жібі болып жалғасып келеді. Қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан Едіге батыр мен ол туралы жырланған «Ер Едіге» жырын зерттей отырып, халықтың тарихын, рухани байлығын, оның ерекшеліктерін тану мәселесі әлі де болса қажет болып отыр. Сондықтан қазак халқының тарихымен байланысты Едіге батыр мен ірі эпос туындысының қалыптасу жолын барлауға ұмтылыс жасау арқылы тереңірек түсіну маңызды.
Тарихты зерделеуде әртүрлі көзқарастың да талас-тартысқа да негіз болғанын білеміз. Ер Едігенің тұлғасын Ақтөбе жерінде ұлықтауға осындай көзқарастар мен ғылыми тұжырымдамалар себепші болды. Осы орайда бір шындықтың бетін ашуға тиіспіз. «Ер Едіге» қоғамдық қоры қалай және қашан құрылды және оның бастауында кімдер болды?» деген заңды сұрақ туындайды. Тәуелсіздіктің туы астында қазақ жерінде, оның ішінде қасиетті де құтты мекен – Ақтөбе жерінде үлкен мәдени – рухани және ғылыми- танымдық жаңғырулар басталды. Ең алдымен ел мен жер тарихындағы мәдени-рухани мәселелерді шешуде атқарылғаннан атқаратын жұмыстардың көптігі бірден алға шықты. Сол кездің өзінде-ақ даңғазалыққа бой бермей, елді біріктіретін мәнді де мағыналы да жұмыстарда алаштың мүддесін алға қоятын келелі де кешенді істердің басында жүретін атпал азаматтар керек болды. Осындай азаматтардың алдыңғы қатарында ел ішінде өзінің іскерлігімен көзге түсіп, қоғамдық жұмыстарға білек сыбана кірісіп жүрген Ислам Иманов еді. Ол «Ер Едіге» қоғамдық қорының бірінші құрылтайшысы болды, қазіргі уақытта да Едіге батырдың атын ұлықтауға бар күш-жігерін салып жұмыс істеп келеді. Едіге батырдың батырлығы мен оның жүріп өткен тарихи жолдарын ұлықтауда Ақтөбе облысында көптеген іс шара атқарылды.
Келелі істің бастау көзі – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары мен осы ғасырдың басында Едіге батырдыың жатқан жерін анықтау мақсатында «Ұлықұмнан – Ұлытауға» деп аталатын ғылыми- танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Бұл экспедицияның басында Әділкерей Әуелбаев бастаған ел азаматтары тұрды. Тарихи тұлғаны ғылыми-теориялық жағынан дәлелдеген – профессор Жұма – Назар Асанов еді. Ол өзінің ғылыми жұмыстарында Ер Едіге жырларының негізінде терең зерттеулер жүргізіп, ғылыми атақтарын қорғай отырып, бірнеше кітаптардың авторы атанды. Жалпы алғанда, әрбір істің бастауы да ұсыныстар мен пікірлерден тұрады. Ал сондай қадірін білген игі істердің мағыналы болуы, халықтың тарихын ұлықтаумен ғана өміршең болмақ. Ұлықтау дегеніміз, ең алдымен ғасырлар бойы сыңаржақ пікірлердің талқысында қалып келген тұлғаларды ақтап, тариха бағасын беру деп түсінеміз. Осы себепті 2015 жылдың 27 қазан күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Ж.Асановтың кішкентай ғана кабинетінде белгілі журналист, ел азаматы Ұ.Қауысов бастаған И.Иманов, Н.Алдашев, М.Сәңкібаев сияқты азаматтар жиналып, «Ер Едіге» қоғамдық қорының жұмыс жоспарын жасаған екен. Ең алдымен Едіге батырдың қаза тапқан жеріне ескерткіш тақта орнату жұмысы қолға алыныпты. Сонымен бірге Ақтөбе қаласында ең сәулетті көшелердің біріне Едіге батыр аты берілуін, Едіге батырға арналған ескерткіштің орнын белгілеуді, Байғанин ауданындағы «Едігенің жалы», Сағыз өзенінің бойындағы әке-шешесінің бейіті, «Едіге» деген жер атауы және т.б тарихи дәлелдер арқылы Едіге батырды қазақ жұртшылығы болып ұлықтау қажет деп есептелініп, кешенді жоспары жасалған. Бұл жоспарға «Едіге жалы» жер атауы, «Едіге жалының» қасында оның әке-шешесінің бейіті, Ноғайты мен Сағыздың ортасындагы Едіге деген жер атауларына тарихи талдаулар жасау, Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасап, мектеп оқулығына Едіге батыр жырын енгізу, республика және облыс жұртшылығына Едіге батырдың тарихи тұлғасын дәріптеу, түсіндіру бағытында конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру туралы ұсыныстар жасау және нақты атқарылатын жұмыстар белгіленді. Халық алдындағы жауапты істерге игі ниетпен кірісіп, өз елінің тарихын жаңғырту, елдің рухани көкейкесті мәселелерін осы жоспарға енгізуге тырысты. Басты идея – Ер Едігенің тарихи тұлғасын ұлықтай отырып, өткеніне деген сүйіспеншілік, халықтың ой-арманының келбетін көрсететін, халқының құндақтаулы баласы сияқты болған тарихи тұлғаны қайта түлету еді. Өйткені өткен күнсіз бүгінгі күннің жоқ екені белгілі.
И.Иманов, Ж.Асанов М.Сәңкібаев үшеуі орталарынан қаржы шығарып, пойызбен «Едіге жалы» деген жердегі бабалар қорымына белгі тасты алып барып қойып, садақа беріп, құран оқытты. Бұл – үлкен бір істің басы болды. Осы келелі істің жалғасы 2016-2017 жылдар аралығында Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты «Батыс Европа – Батыс Қытай» халықаралық маңызы бар үлкен жолдың бойындағы Үш Бөрте деген жерге белгі тастың қойылуы еді. Белгі тастың қойылуына сол кездегі Мәртөк ауданының әкімі болған ел азаматы, өзі тарихшы, Едігенің тікелей ұрпағы Н.Қалауов көп еңбек сіңірді. Алтын Орда дәуірінде аты шыққан Ер Едігенің батырлығы мен ол туралы жырдың еліміздің тарихында алтын әріппен жазылған орны бар екенін, ол үшін танымдық бағытта жұмыстар жүргізу қажеттілігі де күн тәртібінде тұрды. Ол үшін мектеп бағдарламасына «Ер Едіге» жырын енгізуді шешу керек еді. Мектеп бағдарламасындағы «Қазақ әдебиеті» оқулығына «Едіге батыр» эпостық жырын енгізуге қатысты ұсынысты Білім және ғылым министрлігіне жеткізіп, оны шешу туралы сұрақ туындағанда бірден-бір қолдау көрсеткен қазіргі Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалин болды. Нұр-Сұлтан қаласында жауапты қызметте бола жүріп, ел азаматтарын жылы қабылдап, өз атынан министрліктің сол кездегі жауапты хатшысы Әмірхан Рахымжановқа тікелей айтып, мәселені түпкілікті дұрыс шешуді, облыстағы жоғары оқу орнына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев Ақтөбеден барған делегацияны бірден қабылдап, мәселенің түпкілікті шешілуіне толық қолдау жасады. Осының нәтижесінде Ж.Асанұлы, М.Әуелбаевтың «Ер Едігенің тарихы» атты зерттеу еңбегі жарыққа шықты .
Осы жерде С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті Б.Ахан мырза бұл мәселенің тарихи маңызын дұрыс түсініп, бірнеше ғалымдарды өзінің университетіне жұмысқа қабылдап, «Ер Едіге батыр» атындағы ғылыми-зерттеу зертханасын ашып, облыс әкімдігімен бірлесіп үш халықаралық конференция өткізді, алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарға толық қолдау көрсетуге дайын. Халықаралық конференцияда көптеген мәселе талқыға түсті, конференция шешімдеріне енді.
«Ер Едіге »қоғамдық қорының мүшелері жаңадан облысқа әкім болып келіп жатқан О.Оразалиннің қабылдауында болып, батыр бабаға ескерткіш қою туралы ұсыныс түпкілікті шешілді және батыр бабаға ескерткіш орнатылды. Облыс әкімі О.Оразалин өзі бастап, қаланың сәулетті де ұзын көшесіне Ер Едіге батырдың атын бергізіп, ескерткіштің ашылуында сөз сөйлеп, басшы ретінде үлгі-өнеге көрсетті. Туған еліне қызмет жасаудағы осындай азаматтарға әрқашанда табыс тілеймін. Қоғамда әр түрлі өтпелі кезеңдер болады. Осы кезеңдерде атақ пен мансаптан гөрі ел бірлігі мен қоғамдық қордың жұмысын одан әрі жанданып, алға басуын ойлаған «Ер Едіге» қоғамдық қорының құрылтайшысы әрі төрағасы И.Имановтың ұсынысымен Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып жұмыс істейтін Ахат Ахметұлы Мырзалинге қор тізгіні табысталды.
Сондықтан Едігенің баласы Нұрадиннің әкесі Едігені іздеп, Ақсақ Темір еліне келіп «Жерім жырақ үш айшылық шөл майдан, Шыққан жерім – Қарғалы, Елек, Кеңсайдан» деп шерменде болып жырлауы, қазақ тіл ғылымының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың баласы, ғалым-ұстаз Е.Жұбанов «.....тарихта екі Едіге болған, біреуі эпостағы – Едіге, екіншісі – тарихтағы Едіге» деп айтқан сөзі, Едіге сынды баһадүрдің елі мен жері үшін жүргізген жанқиярлық шайқасы бізге, болашақ ұрпаққа тәуелсіздіктің белгісі болып тұратын қасиетті де қадірлі ұстын болып қала бермек.
Сансызбай ҚҰТТЫБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі