Жаңалықтар

Шетелдегі қазақ жастары болашағын атажұртпен байланыстырады

ашық дереккөзі

Шетелдегі қазақ жастары болашағын атажұртпен байланыстырады

Шетелдегі қазақ жастарын елге тарту және оларға жан-жақты қолдау көрсету – Қазақстанның маңызды стратегиялық бағыттарының бірі. Бұл саясат Тәуелсіздіктен де бұрын өткен ғасырдың 60-70-жылдары басталған болатын. Алайда ел егемендік алғаннан кейін білім алу және еңбек шартымен келетін шетелдегі қазақ жастарын елге шақыру мәселесі кешенді түрде жолға қойылды. Соның нәтижесінде көптеген қазақ жастары атажұртқа келіп білім алып, шаруаға араласты. Қазір бұл үрдіс қалай жүруде, жастарды қолдау үшін не қажет? Соны білу мақсатында шетелден келген жастардың пікірін білген едік. Сізді атамекен Қазақстанмен не байланыстырады? Шетелдегі қазақ жастарын елге тарту үшін және оларды жан-жақты қолдау үшін не қажет? Қазақстанда біржола қалу ойыңызда бар ма және не себепті?

Сымбатбек ДӘРІГЕРХАН (Моңғолиядан келген): – Мені Қазақстанмен байланыстыратын нәрсе – болашақ. Қазақ болып тудым, қазақ болып қалуым керек. Қай елде де жақ­сы өмір сүруге болады. Ал өз еліңде өмір сүру одан да жақ­сы. Шалқар ҚАСЕКИН, талапкер (Қытай елінен келген): – Ең бастысы, бойда тулаған қазақы қан, ұлтым деп соққан жүрек, іштегі асқақ рух және салт-сана мені атажұртпен байланыстырып тұратын. Біз оқушы кезімізден Қазақстандағы үлкен қазақ әдебиетімен аз-кем сусындадық. Ұлы ақындардың жырлары, керемет романдар – бізді асылдай тартты, солардай болсақ деген асқақ арман атажұртқа жетелеп келді. Сондықтан мені байланыстырған руханият десем болатын сияқты. Нұрбек КЕҢЕСБАЙ: – Қазір елге келмекші болып жүрген және келіп алған жас­тардың көбі оқығысы келеді. Осы елдің жоғары оқу орын­дарын­да білім алып, маманданғысы келеді. Сондықтан шетел­ден келген этникалық қазақ жастарына арналған грант санын әлі де көбейту  ұтымды жолдың бірі деп есептеймін. Өткен жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұлты қазақ, бірақ әлі азаматтық алмаған жастарды магистратураға түсуге жағдай жасап, олардың көбінің білім алуына жақсы мүмкіндік туғызып еді. Ал биыл сол жалғасын таба қойған жоқ. Оған әри­не әлемді шарпыған пандемияның да кесірі бар. Мамандығы жоқ, бірақ түрлі шаруашылықпен, өндіріспен шұғылданамын дейтін жастарды арнайы курстардан өткізіп, аза­маттық алу жолын барынша оңтайландыру қажет. Тіпті, олар да ипотекамен үй алса, «Бақытты отбасы» секілді бағдар­ла­маларға қатысса, оларға да «жұмыспен қамтудың жол кар­тасы» өз септігін тигізсе құба-құп болар еді. Қазір қайда болса да, нарық үстемдік етіп тұр, келген жастар не жұмыс істеуі, не оқуы керек. Сол себепті келген жастардың да, келмекші болып жүрген жастардың да қолына қаламын яки күрегін тез ұстату қажет деп ойлаймын. Сымбатбек ДӘРІГЕРХАН: – Шетелдегі қазақ жастарына заманауи тетіктер арқылы на­си­хат жасау қажет. Яғни, «жұмсақ күш» саясатын интернет мүм­кіндігін пайдаланып жүргізуге болады. Құр мақтау емес, жай мүмкіндіктерді ашып көрсетсе болғаны. Қазақстан осын­дай ел, осында келсеңдер осындай-осындай мүмкіндіктер бар деген сияқты. Бастысы, тек қазақ болғаны үшін емес, басқа да тартатын себептер болса. Азат ІЗБАСАРОВ: – Шетелдегі қазақ жастарын қазақ еліне тарту үшін мә­дени-рухани байланыс және білім гранттарын арттыру қажет. Сонымен қатар ұлты қазақ жастар қазақ елінде жұмыс істеуге, кә­сіппен айналысуға белгілі бір деңгейде мүмкіндіктер болса дей­мін. Сосын, әрине ең қажетті нәрсе ол адамның өз басын куә­ландыратын құжат. Шетелден ешкім осы елге келгенде бәрін басыма үйіп-төгіп тегін береді деген елеспен келмейді. Бұрын солай болған шығар, бірақ қазір ешкім олай ойламайды. Тек қана құжатты оңтайлы жолмен беру қажет. Қалғанын адам өзі жасап алады. Шалқар ҚАСЕКИН: – Шетелдік қазақ жастарынан әуелі қоғамдық қолдау қа­жет. Моральдік қолдау деп айтуға да болатын шығар. Сосын қыз­метке тұруға және баспана алуға мемлекеттің жеңіл­детіл­ген мүмкіндіктері болса. Әрбір қазақ жастарына «ер туған же­ріне, ит тойған жеріне тартады» деген идеяны сіңіру қажет. Елім деп еміренген рухты жастарды одан ары шабыт­тан­ды­ратын мемлекет тарапынан жасалатын жақсы жобалар ке­рек деп ойламын. Нұрбек КЕҢЕСБАЙ: – Мен оқуымды оқып болған соң, осында қалдым. Енді осы елдің отымен кіріп, күлімен шығуға дайынмын. Өз қолымнан кел­генше, мүмкіндігім жеткенше осы елдің дамуына, өр­кен­деуі­не үлес қосқым келеді. Өзімн қазір орысы қалың аймақ – Пав­лодарда тұрамын.  Менің бір байқағаным, шеттен келген қандастар жергілікті қазақтарға біртіндеп әсер ете бастады. Тұр­мыс-салт, таза қазақша сөйлеу жағында аз да болса іл­герілеушілік бар. Ендігі келетіндер де осы солтүстікке қарай бет алса, мына өңір руханиятқа, қазақы болмысқа, тіпті сан-салалы дамуға шөліркеп тұр. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін, келген қазақ кері қайтпаса екен деймін. Сымбатбек ДӘРІГЕРХАН: – Мен Қазақстанда қаламын. Өйткені туысқандарымның кө­бі және отбасым осында. Отбасы – барлығын бір жерге шо­ғырландырушы ғой. Азат ІЗБАСАРОВ: – Әрине, адамның туған жері, өскен ортасы қашанда ыс­тық. Бауырларым, достарым өзге елде тұрады. Сол себепті де біз ол жақты ұмыта алмаймыз. Дейтұрғанмен мен болашағым­ды атажұрт Қазақстанмен байланыстырамын. Бұйырса, алда ата-анамды көшіріп алып келемін. Себебі олар да атажұрттағы еркіндікті сезінсе деймін. Шалқар ҚАСЕКИН: – Әрине, атажұртта қалу ойымда бар. Себебі мен осында қал­сам, туған жеріне тартқан ер болар едім.  Мен осында қал­сам мені ес тұтып  Қазақстанға оралатындар көп. Қазірде осы жаққа келгісі келетіндер қаншама? Қазақ елінде болашақ бағдарымды түзеп, бақытымды тапсам деп армандаймын.

Бақытбек  ҚАДЫР