Цифрлық қоғам құрудың ауылы алыс па?
Цифрлық қоғам құрудың ауылы алыс па?
Коронавирус пандемиясы қоғамдағы көп саланың кемшін тұстарын анық көрсетіп берді. Біз шешімін тапты деп жүрген талай мәселе қайта жолымыздан шыға келді. Әу дегеннен-ақ мұндай жағдайларға дайын еместігіміз, әсіресе цифрландыру үдерісінің ақсап тұрғаны қатты байқалды.
Тізіп айтар болсақ, наурыз айында қашықтан оқытуға көшкен білім беру мекемелерінің жұмысы бірден дөңгелеп кете қоймады. Себеп – кей аймақтарда әлсіз, кей жерлерде мүлдем тартылмаған интернет дейтін игілік. Еліміздегі интернет 2,5 миллион оқушыны онлайн оқытуға қауқарсыз болып шықты. Мектеп оқушыларын бұлайша оқытудың мүмкін емес екенін, еліміздегі интернеттің ахуалы мұндай ауыр салмаққа шыдас бермейтінін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі де мойындаған болатын. Сөйтіп, министр қашықтан оқыту үшін басқа да механизмдерді қарастырды. Соңында оқушыларға тапсырма жіберу үшін тіпті Қазпоштаның қызметіне жүгіндік. 42 500 теңгенің «жыры» да осы ғаламтордан басталғанын білеміз. Алғашында жәрдемақы алу үшін Egov порталы арқылы өтініш беру керек болатын, бірақ сайт жүктемені көтере алмай халық тағы әуре-сарсаңға түсті. Кейіннен жеке сайт пен әр аймақ үшін қосымша телеграм-боттар іске қосылды деп хабарланғанымен, олар да бірден мүлтіксіз жұмыс істеп кете қоймады. Интернет түгілі әлі күнге дейін ұялы байланыс желісі жоқ қаншама ауылдар бар. Заманына қарай – амалы, сәйкесінше әр заманның адамзат баласына қояр талабы бар десек, өркениет көшіне ілесе алмай қалыс қалған ауылдардың жағдайы қашан түбегейлі реттелмек?
Байланыс аясынан тыс ауылдар
Осы күнге дейін қарапайым ұялы телефон арқылы сөйлесуге де мүмкіншілігі жоқ ауылдар бар екеніне сену қиын. Тіпті, мұндай мәселе еліміздің барлық аймағында бар. Қостанай облысындағы бірнеше ауыл Ресейдің ұялы байланыс операторы МТС-ті пайдаланып отыр екен. Ауылға жақындағанда «Әлемдегі ең алып ел – Ресейге қош келдіңіз! Роумингке тіркеліңіз. Арзан тариф!» деген хабарлама келеді екен. Қазіргі кезде елімізде 2 000-нан аса елді мекен интернетсіз отыр. Кей ауылдарда болса да, сапасы (жылдамдығы) сын көтермейді. WhatsApp әлеуметтік желісінде қарапайым хабарламаны жіберуге қауқары жетпейтін интернеттің шамасын бағамдай беріңіз. Ауыл тұрмақ, үлкен қалалардың өзінде ғаламтордың жылдамдығы біркелкі жақсы емес, алайда бағасы қымбат. Жаңа оқу жылының басталуына да айдан аз уақыт қалды. Қыркүйектен бастап балалар сабақты қашықтан оқиды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 700 мың балаға компьютер жетіспейді. «Бұл мәселенің шешімі қандай болмақ?» деген сауалдың өзі жеке тақырыпқа сұранып тұр. Осыдан 2 жыл бұрын іске асырыла бастаған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында алғашқыда 741 елді мекенді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету көзделген болатын. Алайда бұл жоспар орындалған жоқ. Екі жылдың ішінде тек 481 елді мекенге кеңжолақты интернет жеткен. Ал жалпы, бүгінге дейін халық саны 250 адамнан асатын 3 324 ауыл ғаламторға қосылған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы жылдың соңына дейін 928 ауылды, ал келесі жылы тағы 1 000 ауылды интернетке қосуды көздеп отыр. Ал 3G және 4G байланысын 18 млн адам пайдаланады деп жоспарлануда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов: «Өңірлердің әлеуметтік мүмкіндіктерін теңестіру және ауданнан ауылға дейін талшықты-оптикалық жеткізу желісі бойынша жылдамдығы жоғары интернетпен қамту мақсатында 2018 жылдан бері көптеген жоба іске асырылып жатыр. Бұл жоба аясында біз талшықты-оптикалық кабель құрылысын қаржыландырмаймыз, дайын сервисті сатып аламыз. Бүгінде ауылдардың 50 пайызы 607 ауылдық елді мекен талшықты-оптикалық жеткізу желісімен қамтылған. Биыл жыл соңына дейін 250-ден аса адам тұратын 928 ауыл 3G және 4G жоғары жылдамдықты интернет технологияларымен қамтылатынын еске салғым келеді» деген еді. Биыл 4 наурызда Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде өткізген кеңесінде Цифрлық даму министрлігіне жүктелген міндеттің іске аспағанын мәлімдеген болатын. Әсіресе, жемқорлыққа бейім салаларда цифрландыру өте баяу жүргізіліп жатқанын ескерткен. 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев қала мен ауыл тұрғындары арасында цифрландырудағы алшақтықтың әлі сақталғанын айтты. Оны тек алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік деп бағамдады. 20 шілдеде Асқар Жұмағалиев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылғаны белгілі. Үкімет отырысында «Биыл кең жолақты интернетке қосылатын ауылдар саны 5 163-ке жетеді. Еліміздің халқын 3G және 4G интернет желісімен қамту 99,3 пайызды құрайтын болады», – деп мәлімдеме жасаған еді. Экс-министр 2018 жылдан бері елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс технологиясы арқылы интернетпен қамту жобасын іске асыруға кіріскен болатын. Цифрландыру – бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес. Қарапайым ғаламтордың өзі түйткілді мәселеге айналып тұрғанда, басқа күрделі жобаларды ойға алуға да жүрексінесің. Негізгі төрт бағытының алғашқысында-ақ кем-кетіктер жетіп артылатын «Цифрлы Қазақстанның» толық жүзеге асуы шындыққа жанаса ма? Одан бұрын атқарылған шаруалардың нәтижесі қандай?Нақты жүйе жоқ па?
90-жылдары үдемелі индустриалды-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске қосылды, 2005 жылы электронды үкіметті қалыптастыру басталды, инновациялық экожүйенің бірқатар элементтері құрылды, яғни бұған дейін біраз шаралар атқарылған. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы 4 бағытқа негізделсе де, нәтижесі жүйесіз екенін Мемлекет басшысы да атап өткен болатын. Жобаның алғашқы бағыты – алыс аймақтарды ғаламтормен қамтамасыз ету – толық нәтижелі болмағанын жоғарыда айттық. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу болса, бұл бағыттың да атқарылғанынан атқарылмағаны көп сыңайлы. Тағы бір мақсат – білікті IT мамандарды даярлау. Бұл бағытта жоғарғы оқу орындарындағы IT саласына бөлінген грант сандары көбейтілді. Шетелде білім алып жатқан жастар қаншама? Бірақ білімді жастардың көбі шетел асып, кремний алқабы сияқты әйгілі жерлерде жұмыс істеуді арман ететіні жасырын емес. Бағдарлама бойынша азаматтардың цифрлық сауаттылығын 85 пайызға дейін арттыру көзделген болатын. Қатаң карантин шаралары кезінде мұның да шала жүзеге асқаны байқалды. Қалалардың өзінде әлі күнге дейін коммуналдық қызметтерді төлеу үшін Қазпоштаға қарай ағылатын ел теміржол кассаларындағы ұзын-сонар кезек осы пікірімізді одан әрі бекіте түседі. Күн сайын құбылған әлемде «Өркениет көшіне ере алмай қаламыз ба?» деген үрей де жоқ емес.Әлемдегі «сандық қадамдар»
Әлемнің жетекші сарапшылары 2020 жылға қарай әлемдік экономиканың төрттен бірі толық цифрланады деп болжаған еді. Көптеген елде цифрландырудың Ұлттық бағдарламаларын іске асыру үстінде. Дания, Норвегия, Ұлыбритания, Канада, Германия, Сауд Арабиясы, Үндістан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур, Австралия, Жаңа Зеландияда қарқынды жобалар жүріп жатыр. Қытай өзінің «Интернет плюс» бағдарламасында цифрлық индустрияны дәстүрлі индустриямен біріктірген. Сингапур «ақылды экономиканы» қалыптастырды, Оңтүстік Корея «креативті экономика» бағдарламасы арқылы адами капиталды дамытуға, кәсіпкерлікке және соңғы технологиялық жетістіктерін таратып жатыр, ал Дания мемлекеттік секторды цифрландыруға баса назар аударған. Қазіргі күні Моңғолияда шалғайдағы елді мекендердің өзі ұялы байланыстың бесінші буыны 5G-мен қамтамасыз етілген. 2016 жылы БҰҰ арқылы жасалған ақпараттық коммуникациялық технологиялар дамуының негізгі әлемдік рейтингінде (ICT Development Index) Қазақстан 175 елдің ішінде 52-орынды иеленген екен. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мен басқа да стратегиялық бағыттарды іске асырсақ, еліміз 2022 жылға қарай 30-орынға, 2025 жылға қарай 25-орынға және 2050 жылға қарай 15-орынға дейін көтеріледі деп болжанған екен. Қазақстан сондай-ақ цифрландырудың ағымдағы деңгейі тұрғысынан The Boston Consulting Group халықаралық консалтингтік компаниясының e-intensity рейтингінде жоғарғы көрсеткішке ие болған. Аталған мәліметтер шындыққа жанаса ма, жоқ па деген сауал бәрімізге қызық. Бірақ цифрландырудың ақсап тұрғаны анық. Кінәрат жобада емес, оны орындауда сыңайлы. 2025 жылға дейін, жалпы алғанда цифрландырудың экономикалық тиімділігі 40 млрд теңгені құрамақ. Бұл болжам жүзеге аса ма, жоқ па? Оны, әрине уақыт көрсетеді.Ділда УӘЛИБЕК