Мұғалімнің министрден несі кем?
Мұғалімнің министрден несі кем?
«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген Мағжан ақынның сөзімен өсіп-өнген қазақ ұстазды әрқашан ұлық тұтқан. Құрмет-қошеметті әуелі мұғалімге көрсеткен. Алайда бүгінде диплом сататын оқу орындарының көбеюі, жалақының төмендігі, жүктеменің көптігі, қоғамдық жұмыс атаулыға мұғалімдердің жегілуі «ұстаз» деген ұлы атаудың қадір-қасиетін төмендеткендей. Мұны Білім және ғылым министрлігі де мойындап, мұғалімнің қоғамдағы беделін көтеру үшін «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын ұсынды. Заң шығарушы орган қабырғасында ұзақ талқыланған құжат өткен жылдың соңында қабылданды, биылдан бастап қолданысқа енді. Ұстаздар қауымы ұзақ күткен бұл заң, шынында, мұғалімдердің мәртебесін көтере ала ма? Қит етсе мұғалімді айыптап, атақ-абыройын аяққа таптаудан тайынбайтын ата-ананың алдында педагогтың құқығын қорғауға қауқарлы ма?
Ұстаз мәртебесі неге төмендеді?
Жасыратыны жоқ, осы күнге дейін мұғалімдерсіз ешбір қоғамдық шара өткен емес. Балаларға білім беру, дәптер тексеру, құжат толтырудан бөлек, ұстаздар әкімдердің есептік жиыны, мәдени шаралар, семинар-конференцияларда адам қарасын толтыру, «тірі дәліз» жасау үшін жегілетін. Қағазбастылықтан қажып, толастамайтын тексерістерден жүйкесі тозған педагогтар ең басты міндеті – білім беру, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге келгенде ақсамай қайтсін? Жүктеменің көптігі, жалақының аздығы ұстаздыққа бет бұруға ынталы жастардың қатарын азайтты. Әлеуметтік зерттеулер талантты, қабілетті жастардың педагог болуға құлықсыз екенін көрсетіп отыр. Ақпараттық-сараптамалық орталық мамандары жүргізген сауалнама қорытындысына сүйенсек, елімізде «Алтын белгі» иегерлерінің 7 пайызы ғана педагогикалық мамандықтарды таңдайды екен. Ал дамыған мемлекеттерде, мәселен, Жапонияда мұғалім – ең қадірлі мамандық. Ұстаздың жалақысы сол елдің үкімет басшысының еңбекақысы мен бірдей. Еуропада ең үздік оқушылар ғана мұғалім мамандығын таңдай алады. Ұстаздың беделі Финляндияда, Сингапур, Оңтүстік Кореяда да жоғары. Педагогикалық мамандықтар байқауында бір орынға 10 адам таласатын көрінеді. «Педагог мәртебесі туралы» заң Қазақстанда да мұғалім дейтін мәртебелі мамандықты өз тұғырына қондыруды мақсат еткен. Мамандардың айтуынша, ең әуелі, бұған дейін мұндай заң ТМД кеңістігінде тек Қырғызстанда ғана қабылданған. Ал біздің елімізде әлі күнге дейін ұстаз беделі 2007 жылғы 27 шілдеде қабылданған «Білім туралы» Заңдағы «Педагог қызметкердің мәртебесі» тарауындағы 4 бапқа ғана иек артып келді. Мұнда ұстаздардың ірілі-ұсақты әлеуметтік мәселелерін шешу тетігі, жалақы төлеу, жұмысқа қабылдау тәртібі ғана нақты көрсетілді. Соның салдарынан бүгінгі қоғам ұстаз беделін көтеру мәселесімен бетпе-бет келді. Мәселенің күн өткен сайын күрделене түскенін көріп, өткен жылы тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мұғалімдердің беделін көтерудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды. «Бүгінде мұғалімдердің еңбекақысы ең төменгі айлықтардың бірі болып тұр. Экономикадағы орташа еңбекақының 65 пайызы ғана. Әрине, мұнымен келіспейміз. Сондықтан Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тарту мақсатында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде 2 есе арттыруды тапсырамын», – деген еді Президент сол жиында. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан заңы қабылданды. 21 баптан тұратын құжат 4 бағытты қамтиды. Атап айтқанда, бірінші – ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту, екінші – мұғалім қызметіне қоятын талаптарды күшейту, үшінші – материалдық емес ынталандыру тетіктері, төртінші материалдық ынталандыру мәселелері қарастырылған.Ұстаздар қоғамдық жұмыстарға жегілмейді
Бірінші бағыттағы нормалар мұғалімдерді артық жұмыстан, негізсіз тексерулерден, қызметіне кедергі келтіретін қағазбастылықтан арылтуды көздейді. Халықаралық TALIS зерттеулерінің көрсеткіштеріне сүйенсек, ТМД, ЕҚЫҰ мемлекеттерімен салыстырғанда қазақстандық педагогтардың жүктемесі өте көп. Мысалы, ЕҚЫҰ мемлекеттерінде 38 сағат болса, бізде – 48,8 сағат. Заңдағы негізгі және маңызды норма – «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекс шеңберінде педагогтің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде оларға қатысты жеке тұлғалардың әдепсіз мінез-құлық танытқаны, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникация жүйесі арқылы дөрекілік көрсеткені, былапыт сөйлегені және қорлағаны үшін айыппұл салынады. Бұдан бөлек, педагогті кәсіби міндеттермен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартқан, мұғалімнен білім беру саласындағы ҚР заңнамасында көзделмеген есептілікті немесе ақпаратты талап еткендер де ескерту алып, айыппұл арқалайды. Сондай-ақ мемлекеттік орта білім беру ұйымының мұғалімдеріне тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндет жүктеу және оның өз кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тарту түріндегі әрекеттер де бұдан былай жазасыз қалмайды. Психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған немесе өзге де шектеулері бар азаматтарды, сондай-ақ, педагогикалық білімі барын растайтын құжаты жоқ адамдарды мұғалімдік қызметке тартқандар да жазаланады. «Педагог мәртебесі туралы» заң бойынша оларға 64 мың теңге айыппұл салынады. Мұғалімдердің мәртебесі дегенде ең әуелі ойға оралатыны – ұстаздардың оқушы алдындағы беделі, ата-ана алдындағы абыройы. Мұғалімге дөрекілік көрсететін, балағаттаудан, тіпті күш көрсетуден тайынбайтын оқушылардың көбеюі, баласының сөзін сөйлеймін деп ұстаздың ар-намысын аяққа таптайтын ата-ананың артуы қоғамның педагогикалық мамандықтарға деген көзқарасын өзгертті. Ұстаздықты жүрек қалауымен емес, мәжбүрліктен, мемлекеттік грант арқылы оқу үшін ғана таңдайтындардың қатары көбейді. Білім және ғылым министрлігі жаңа заң арқылы бұл мәселенің де шешімін табуға тырысыпты. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу мен оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі өз міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналарға немесе олардың заңды өкілдеріне айыппұл салынады. Атап айтқанда, ұстаздың ар-намысына нұқсан келтіру, оның ішінде БАҚ немесе телекоммуникация желілері арқылы абыройына нұқсан келтіргені үшін жеке тұлғаларға 77 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің жасаған жүгенсіз әрекеттері үшін олардың ата-анасы 53 мың теңге (20 АЕК) айыппұл төлеуге міндеттелмек. Ал оқушы 1 жыл ішінде орынсыз қылығын қайталайтын болса, ата-анасына салынатын айыппұл бұдан екі есе артады. Заңның екінші бағыты мұғалімдердің қызметіне қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған. Мұндағы мақсат – ұстаздықты екінің біріне қолжетімді кәсіп емес, таңдаулылар, білімділер ғана игере алатын мамандық ретінде мойындату. Құжатқа сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мұғалім ретінде кәсіби қызметін жүзеге асыруға алғаш рет кірісетін тұлғалар педагог біліктілігінің сәйкестігін растауы тиіс. Яғни, білім беруге, шәкірт тәрбиелеуге қабілетті екенін дәлелдемейінше жұмысқа орналаса алмайды. Мұғалімдердің этика мәселелері де айрықша назарға алынбақ. Әр білім беру мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты енгізіледі.Айлығы шайлығына жете ме?
Заңдағы үшінші бағыт – материалдық емес ынталандыру тетіктері. Бұдан былай мұғалімдердің балаларына балабақшаларда бірінші кезекте орын беріледі. Бұған қоса «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапатының жаңа түрі сияқты бірқатар материалдық емес ынталандыру да енгізілді. Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауыл мұғалімдерінің еңбекақысын арттыру, «Үздік педагог», «ЖОО-ның үздік оқытушысы» гранттары сияқты әлеуметтік кепілдіктер де заңда сақталған. Бұдан бөлек, барлық педагог алдағы уақытта кезекті еңбек демалысына 42 күннен емес, 56 күндік демалысқа шығатын болады. Ал төртіншісі – материалдық ынталандыру мәселелері. Педагог беделі жайлы айтылғанда, жалақы мәселесіне соқпай өту мүмкін емес. Ұстаздар еңбекақысының аздығы, мұғалімдерге артылған жүктеменің төленетін айлыққа сай келмеуі талай мәрте айтылды, жазылды. Әрине, барлығын қаржыға тіреп қоюға тағы болмайды. Бірақ қай уақытта да, қай салада да еңбектің лайықты бағалануы маңызды. Статистикаға сүйенсек, қазақстандық ұстаздардың жалақысы республикадағы орташа жалақының 65 пайызы. Ал білім саласының дамуына ерекше көңіл бөлетін Финляндия, Швеция, Нидерланд елдерінде мұғалімдердің еңбекақысы елдегі орташа жалақының 100 пайызына тең. Жыл сайын түрлі салаларға зерттеу жүргізіп, қоғам өміріндегі маңызды көрсеткіштерді жариялайтын Willis Tower Watson консалтингтік компаниясының дерегіне сүйенсек, Люксембургте ұстаздардың орташа жылдық жалақысы 79 мың доллар болса, Швейцарияда – 69 мың, Германияда – 61 мың, Норвегияда 47 мың доллар шамасында екен. Дания ұстаздары жылына 46 мың доллардан астам табыс тапса, АҚШ мұғалімдерінің жылдық еңбекақысы – 43 мың доллар. Ал Қазақстанда мұғалімдердің жылдық жалақысы 5 мың долларға да жетпейді. Биылғы қаңтарға дейін қала мектептерінде сабақ беретін 25 жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санаттағы мұғалімнің нақты жалақы-сы – 83 176 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 25 130 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 24 953 теңге, жалпы айына 133 258 теңге табыс тауып келді. Ал 15 жылдық еңбек өтілі бар, бірінші санаттағы мұғалімнің нақты жалақысы – 72 381 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 24 050 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 21 714 теңге, жалпы 118 145 теңге алып жүрді. Еңбек өтілі аз, санаты жоқ мұғалімнің жалақысын әрі қарай өзіңіз шамалай беріңіз. Қаладағы әріптестеріне қарағанда, ауыл мұғалімдерінің жалақысы біршама жоғары. 25 жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санаттағы мұғалімнің нақты жалақысы – 103 970 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 27 209 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 31 191 теңге төленді, яғни айлық табысы 162 370 теңге болды. Ал 15 жылдық еңбек өтілі бар, бірінші санаттағы мұғалімнің нақты жалақысы – 90 476 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 25 860 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 27 143 теңге, жалпы 143 478 теңге алып жүрді. 3 жылдық еңбек өтілі бар, санаты жоқ мұғалімнің нақты жалақысы – 70 788 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 23 891 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 21 236 теңге, жалпы 115 915 теңге табыс тауып келді. Мұны 12 айға көбейтіп, 420-ға (АҚШ долларының бағамы) бөліңіз де, шыққан соманы жоғарыда аталған елдердегі ұстаздардың жалақысымен салыстырып көріңіз. Айырмашылық жер мен көктей. Осыдан кейін педагог мәртебесін жалақымен байланыстырудың қажеті жоқ дей алмасымыз анық. Мемлекет басшысының Тамыз конференциясындағы тапсырмасы бойынша биылғы жылдың қаңтарынан бастап ел ұстаздарының жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда еңбекақыларына тағы 25 пайыздан қосылып, жалпы 4 жыл ішінде мұғалімдердің табысы 2 есе артпақ. Бұдан бөлек, «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында биылғы қыркүйектен бастап ұстаздарға дәптер тексеру мен сынып жетекшілігі үшін төленетін үстемақы көлемі екі есеге артады. Сондай-ақ ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі бар бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне 10 АЕК (26 510 теңге) көлемінде қосымша ақы төленеді. Ал бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының тәлімгерлік жүргізетін мұғалімдерінің жалақысына 17 697 теңге көлемінде үстемақы қосылады. Сонымен қатар ұстаздардың мәртебесін көтеруді көздейтін заң шеңберінде физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде өтетін оқытушылардың базалық лауазымдық жалақысына 200 пайызға дейін қосымша ақы тағайындалады. Ал педагог-шебер біліктілігі бар мұғалімдерге – лауазымдық жалақының 50 пайызы, педагог-зерттеуші санаты үшін – лауазымдық жалақының 40 пайызы, педагог-сарапшы санаты үшін – лауазымдық жалақының 35 пайызы, педагог-модератор санаты үшін лауазымдық жалақының 30 пайызы мөлшерінде үстемақы төленбек. «Педагог мәртебесі туралы» заңды іске асырып, мұғалімдерге уәде етілген үстемақыларды төлеу үшін республикалық бюджеттен 2020-2022 жылдарға қосымша 2 трлн 282 млрд теңге (2020 жылы – 404 млрд теңге, 2021 жылы – 770 млрд теңге, 2022 жылы –1 трлн 108 млрд теңге) бөлінген. Аз қаржы емес. Діттеген жеріне жетіп, көзделген мақсатты орындауға жұмсалса болғаны. Игерілмеген, қолды болған, желге ұшқан қазына қаржысы онсыз да қыруар. P.S. Жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанында мектептер мен жоғары оқу орындары қашықтан оқытатынын сылтауратып, мұғалімдердің жалақысын азайтуға оқталғандар болыпты. Министр Асхат Аймағамбетов бұған жол берілмейтінін қадап айтты. Өйткені онлайн оқу мұғалімдердің жүктемесін көбейтпесе, азайтқан жоқ. Жаңа форматқа өзі бейімделіп қана қоймай, оқушылар мен студенттерді үйрету оңай шаруа емес. Техника тапшылығы, интернеттің әлсіздігі секілді түйіні тарқамаған түйткілдерге қарамастан, өскелең ұрпаққа сапалы білім, тағылымды тәрбие беру үшін талмай ізденіп жүрген ұстаздардың еңбегі – ерлік. Көктемде балаларын қашықтан оқытамыз деп сабыры сарқылып, жүйкесі сыр бере бастаған ата-аналардың аузынан «ұстаздарға ескерткіш қою керек» дегенді көп естідік. Расында да, темірдей төзім, сарқылмас мейірім, терең білім иесі – мұғалімдерді қалай құрметтесек те артық етпейді.