Абай аңсаған азаттық
Абай аңсаған азаттық
Өкінішке қарай, Абай білім теңізінде емін-еркін жүзе алмай, 13 жасында оқуын тастап, әкесіне көмекшілікке жарап, ел басқару ісіне араласу үшін ауылға қайтты.
Ел басқару ісіне, далалық саясатқа араласу Абай үшін үлкен өмір мектебі болғаны рас. Бодандықтағы қазақ елінің күнделікті өмірі, тұрмыс-тіршілігі, өмірдің жақсы жақтары да, көлеңкелі тұстары да оның көз алдынан өтіп жатқан болатын. Ағайын-туыстың бақайесеппен орыс ұлықтарының алдында құрдай жорғалауы, қараша халықты әбден қанап, мінеуі, кедейшіліктің салдарынан өз отында өзі күйген қайран жұртының баянсыз тіршілігі бәрі оның жүрегіне, санасына сілкініс жасады.
Тегінде ақын адам, шығармашыл адам бәрін жүрегіне жақын қабылдап, өмірдегі қилы-қилы жағдайларды сол ақын-жүрегімен сараптап, ой елегінен өткізбеуші ме еді? Иә, сол жүрекке жақын алғаннан Абай қазақ ортасында жүріп тез қартайып, зор уайымға соқтықты.
Анығында, Абайдың ең үлкен уайымы – қазақтың бостандығы мен азаттығы, еркіндігі еді. Жерінің тарылғаны, дінінің тұншыққаны, ділінің сынғаны, ұлттық бар белгісінен айырылып, алақандай ғана жерде киімсіз, аш-жалаңаш отырған елінің бейқамдығы мен шарасыздығына налыған-ды. Бұл кезеңде ақын:
Өздеріңді түзелер
дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң
енді өз ырқың, – деп
жүрек запыранын төккен. Ашынды. Налыды. Қорланды. Қыжылын төкті. Бірақ жалғыз адам не істей алсын?
Сол замандағы қазақ қандай еді? Әбден жүдеген, еркіндік жолындағы күрестері жаншылған. Ел бастаған батырдың басы кеткен, елге төре болған сұлтанның бағы тайған. Қазақты тек орыстың жандармы ғана тағайындаған адамы басқаратын күн туған. Абай айтқан – «өз ырқың» кеткені осы еді.
Жазушы, абайтанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай: «Абай көшпелі заманның соңғы, жаңа низамның алғашқы ұлы тұлғасы болды. Сондықтан да оның шығармаларындағы жан күйзелісі қазақ халқының қасіреті мен рухани дүниесінің айнасына айналды. Көшпелі қоғамның ұлы катарсисі тұсында ұлы ақын өмірге келді. Абай өзінің «заманды заман билеп» жатқан тұстағы арпалысты сезімін ақылына суарып, өткен мен жаңаның арасындағы құбылыстарды тең байқап, оны өлеңіне өзек етті», – деп жазған. Ғалымның осы ойын қуаттай түссек, расымен де Абай отарлық саясатқа білектің күшімен емес, ақылдың күшімен жетуді ойлады? Бірақ Абай өмір сүрген дәуірде басқа оқыған кім бар еді? Білекке сенгені дарға асылды. Басы кесілді. Сол қайран ерлердің басы кесіліп қана қойған жоқ, ұлт мүддесін көтертпеу үшін патшалық билік арыстардың басын Петерборға алдырып, күл салғыш қылып қорлады. Қаншама қазақтың басы Эрмитаж музейінде экспонат болып тұр. Оны ойласаң қаның басыңа шабады емес пе?
Абай өмір сүрген кезең жұмақ орнаған тұс емес-тін. Қазақтың ескі салт-дәстүріне, шариғат жолына ақын жетік болатын. Орыс, батыс ғұламалары мен ақын-жазушыларының шығармаларын оқып, киіз үйде жатып-ақ академиялық терең білім игерген, өз бетінше әлемнің тылсым құпиясын ашқан дана Абай ішкі Ресейден айдалып келген демократ, озық ойлы азаматтармен таныса жүріп, араласа жүріп, демократиялық құндылық пен еркіндік туралы көзқарасын қалыптастырды. Өмірге, заманға жаңа көзқараспен қарап, алға қарай прогреспен қадам басқан-ды.
Абайдың азаттық пен отарлық саясатына қарсы күресі 1885 жылғы мамыр айында өткен Шардағы билердің төтенше сиезі болатын. Сиез барысында Абай бастаған қазақтың ақылдылары ереже қабылдап, патшалық билікке жолдады. Асылында, осы ереженің мазмұнымен танысқан адам ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақтың жалпы құқықтану ғылымына және Абайдың реформаторлық көзқарасын анықтауға елеулі үлес қосылғанын бағамдауға болады. Абай қол қойған құқықтық құжатта қыр өмірі тіршілігін ислам діні бекіткен шариғат шарттарымен заман талабына сай бейімдеуге, неке, қылмыстық, азаматтық құқық бұзушылық пен әйел бостандығы, еркі туралы мәселелерді шешуге бағытталғаны бар.
Заң ғылымдарының докторы, профессор, Абайдың құқықтық-саяси көзқарасы хақында монография жазған Сәкен Өзбекұлы: «Абайдың саяси-құқықтық көзқарастарының арасында өкімет басқару, мемлекеттік аппаратты жетілдіру туралы айтқан келелі де кесек ойлары өз алдына бір төбе. Ол осы мәселелер хақында заман ағымы мен талаптарына сай келетін аса құнды пікірлерді, идеяларды тілге тиек етеді», – деп Шарда жазылған «Қарамола» ережесін, жалпы 73 бабын толық талдап, таразылаған.
Ахмет Байтұрсынұлы Абай туралы мақаласында: «Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз. Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, тасың (таспен) би болатын заманға қарсы туған», – деп жазғанындай, Абай расымен ескі заман болса төбе би болар еді. Десе де, Абай осы Шардағы сиез барысында бидің міндетін атқарған даланың кемел ойлы тұлғасы болатын. Мәселен, Абайдың келіні Кәмәлияның Ибади Матақовқа айтқан әңгімесінде: «... қауым енді Абай осы сиезге төбе би болсын, берекелі бітіммен тарқасып, бұдан былай да елдіктерің кетпесін – деп Әлімхан бата берді. Көп қол жайып, бата қылысты. Әлімхан ендігі сөз оязда қалды, осы жиылған қауым түгел оязға барып, елдің тоқтасқанын, Абайды төбе биге сайлағанымызды айтайын деп, барлығы сиезге келген топты ертіп, ояздың үйіне жүрісті. Ел келген соң ояз тысқа шығып, жұрттың сөзін тыңдап:
– Абай Құнанбаев, сен мұнда кел, – деп қасына шақырып алып, орысша сөйлесіп кетеді. Жұрт ол күні үйді-үйіне тарасты. Мен Әлімханға еріп, Рақыштың тіккен үйіне кеттім. Ертеңінде ел тұрған соң, Әлімхан Абайдікіне барды. Абай:
– Әлеке оязбен сөйлестім, орыстың біздің қазақ дауы туралы шығарған заңы тура келмейтінін айттым. Ояз оған тоқтап, олай болса сен қазақтың ғұрып-әдетіне, тұрмысына лайықты заң шығарып жаз. Осы сиезге жиналған билерге, елге оқып бер. Егер оларға ұнамағаны болса, түзет. Сол көптің ұнатқан заңын мен бекітейін, бұдан былай қазақ ортасына белгілі заң болсын, – деді, соны жазып жатырмын», – делінген. Осы көзкөргендердің естелігіндегі оқиғаның өзі ақынның құқықтық көзқарасын анық әрі айқын көрсетеді. Ақиқатында, Абай орыстың ұлықтары белгілеп берген заңына қарсы шығып, қыр баласының өміріне лайықталған қазақы әдет-ғұрып, шариғат жолымен жазылған жаңа заңын ұсынып, ел-жұрттың талқысына салған. 73 баптан тұратын ереже қазақ өміріне, қазақ көзқарасына сай жазылғанын оқып, өзіңіз де байқап, түсінуіңізге болады. Бұл да Абайдың отарлық саясатқа қарсы күрес тудырған ілім жолындағы ерлігі. Әрине, білекпен емес, ақыл, парасатпен жасаған ерлікті қадамы деп ұққанымыз абзал болады.
Академик Салық Зиманов Абайды тұлғасы жөнінде: «Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып, жол-жора ережелеріне негізделген қазақ заңдарының күші әлі де Ресей отаршылық дәуірінде де жойыла қоймаған ортада, оларды қазақ халқының бірлігі, тыныштығы, болашағы үшін жаңаша көзқараспен мейлінше пайдалана білген, ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ірі тұлғалардың алды – Абай. Оның шешен-би ретінде атқарған қызметі, жол-жора ережелеріне енгізген жаңа үлгілері көшпелі қазақ халқының рухани өмірінің дамуына едәуір әсерін тигізді.
Абайды күні бүгінге шейін ұлы ақын деп қарап келдік. Бұл орынды. Орынды болса да жеткіліксіз. Ұлы ақын өлең сөзбен бейнелеген жүрек сырын, терең ойын тек арманы етіп қалдырмаған. Сол үшін күрескен. Шешендік, билік жолы оның халықтық сана-болмысты биіктетудегі негізгі құралы саналған. Абай – тұтас тұлға», – деп тану қажеттігін айтып, Абайдың тұлғалық қырын ашып, тарқата жазады. Тегінде, Абайдың жер дауы, жесір дауы және ағайын-туыстың қанаушылығы жайындағы келеңсіз істерге белсене араласып, сөзімен ықпал етіп, айбат көрсетіп, әділдік орнатуы да соның көрінісі.
Сөз жоқ, Абай Құнанбайұлы отарлық билікті ұнатқан да, сүйген де емес. Орыс әдебиетін тануы, ақындарын құрметтеуі билікті ұнатты деген сөз емес. Абай да қазақтың баяғы Ақ Ордасының көтеріліп, өз алдына дербес ел болуын тіледі. Сол тілегіне жетуі үшін ұлдарын орыс тілінде білім алуына үгіттеді. Оның сол кездегі ойын ағайын-туысы түсінбей, Абайды тіпті «орысшылсың» деп те кінәлаған. Абайдың үміті – Әбдірахман білім іздеп, Петербор барып, өкпесіне құрт түсіріп, арман-тілегіне жете алмай, қапияда көз жұмып, өмірден өтуі ақынның жүрегіне қаяу түсірген ең үлкен мұң еді. Сүйікті інісі Оспанның мырзалығы мен адалдығына тәнті болып, оны билігіне жаратып-ақ жүргенде мезгілсіз келген бауырдың қазасы да опындырды. Орысша білім алып, музыкаға әуестеніп, ақын әкедей өлең жазып, сөз өрнегінде өз қолтаңбасын анық қалдырған Мағаштың рақметтік дүниеге ерте көш бастауы... Абайдың күрескерлігіне де, ақындығына да орасан зор қайғы болған жүрек мұңы, көңіл шері болатын.
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып, – деп өмірінің соңғы жылдарында күрескерлігінің баянсыздығын мойындап, бәрінен жеріген.
Абай – азаттық жаршысы, тілекшісі. Оның арманын Әбіштің қатарлас-замандастары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақбайұлы, Халел Досмұхамедұлы бастаған оқығандар тобы орындаған. Азаттық күнін жақындатқан ұлтшылдар қатарында Абайдың кіндігінен өнген Турағұл, Мекайыл, Ізкайыл, сүйікті іні Шәкәрім қажы мен Кәкітай Ысқақұлы да бар еді.
Абай тілегі – Алаш идеясымен жалғасқанын уақыт та көрсетіп тұр емес пе? Сондықтан Абай мен Алаш – қазақтың бүтін бітімі.
P.S. Осы күндері біз Абайды толық тани алмай жүргендіктен, хакім туралы тектен-текке халықаралық әртүрлі пікір таратып, даурығып жүрміз. Бұл зор надандық еді. Абайдың ортасы мен айналасын танып-білсек, бас ақынның тұлғасына қатысты шу шығармаған болар едік. Сондықтан біз Абай тұлғасын ұлттық культке айналдырған Алаш оқығандарының әдеби-мәдени қызметі хақындағы сөзімізді жалғастыра бермекпіз...
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
Алаштанушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты