Абай рухы Алматыда асқақтады
Абай рухы Алматыда асқақтады
Қай мемлекет болса да, өзінің идеялық темірқазығы болатын тұлғаларын құрметтеп, оның ұлық болмысын халқына үлгі етері хақ. Қазақ елі үшін сондай ерекше қадір тұтар қастерлілердің бірегейі − Абай Құнанбайұлы.
ХІХ ғасырдың ортасында дүниеге келіп, ХХ ғасырдың бас кезіне дейін өмір сүрген қазақ халқынын ұлы ақыны, философ, композитор Абай Құнанбайұлы − қазақ жазба әдебиетінің негізін салды, ұлттық философияның дамуына зор әсер етіп, музыка өнеріне де қайталанбас із қалдырды.
Ең алғаш қазақ тіл білімінің негізін салушы және ұлттық баспасөзіміздің ізашары Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласын жариялағаннан бері қазақ халқы Абай сөздерін үлгі тұтып, оның шығармаларын ұлттың рухани әлемінің биігінен түсірген емес.
Тәуелсіз Қазақстан осыдан 25 жыл бұрын ақынның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлауға қол жеткізіп, әлемге Абайды, Абай арқылы қазақ халқын танытты. Ал өткен жылдың мамыр айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу туралы жарлыққа қол қойып, «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан« атты мақаласын жариялады. Кең көлемде дайындық жұмыстары басталып, Абайдың туған жеріне түрлі мәдени нысандар салынып, «Абай» телеарнасы ашылды және биылдан бастап 10 тамыз «Абай күні» болып белгіленді. Осыған орай, еліміз бойынша Абайдың 175 жылдығы тойлау басталып, осы аптаның дүйсенбісінде
Алматыдағы Абай ескерткіші алдында жиын
өтті. «Абай күні» тұңғыш рет белгіленуіне және ұлы ақынның туғанына 175 жыл толуына орай Алматыда салтанатты тойлау рәсімі қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен зиялы қауым өкілдерінің Республика сарайының алдындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қоюынан басталды. Салтанатты шараға Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Роллан Сейсенбаев секілді белгілі ақын-жазушылар қатысты. Абайдың өлеңдерін орыс тіліне аударған орыстың ХХ ғасырдағы ұлы ақындарының бірі Юрий Кузнецов, ал қара сөзін орыс тілінде сөйлеткен аудармашы Клара Серікбаева. Абайдың мәтінінде кездесетін араб, парсы, түрік сөздерінен енген сөздер мен ұғымдар туралы ескертулер де К.Серікбаеваға тиесілі екенін айта кету керек. Ақынның өлеңдері мен прозалық шығармаларын ағылшын тіліне аударған әйгілі аудармашы, түркітанушы Ричард МакКейн, ал француз тілінде Абайды сөйлеткен Антуан Гарсиа. Сондай-ақ қазақтың классик ақыны шығармасын неміс тіліне аударған – Лариса Захарова мен германиялық аудармашы Ханс Фрайтаг. Неміс, қазақ, орыс тілдерін жете меңгерген Л.Захарова – Қазақстанның тумасы. Сонымен бірге әлемнің біраз жеріне танымал аудармашы және баспагер Лео Кошут та Абайдың өлеңдерін неміс тіліне тәржімалаған. «Абай күнінде» қазіргі қалыптасқан жағдайға орай көптеген шара онлайн түрде өткізілді. Мәселен, Дәстүрлі музыка мультимедиялық орталығы, Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайы, «Алатау» театры Абай әндерінен онлайн концерт берсе, Қазақстан ұлттық кітапханасы, Жамбыл атындағы, С.Бегалин атындағы қалалық кітапханалар, Алматы мемлекеттік архиві, Мемлекеттік қуыршақ театры, Республика сарайы секілді мекемелер әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфир арқылы түрлі шаралар ұйымдастырды. Роллан СЕЙСЕНБАЕВ, жазушы, Халықаралық «Абай» клубының президенті:Абай әлемі – рухани күш беретін әлем
− Абайы бар, Абайды әлемге таныта алған Мұхтар Әуезовтей кемеңгері бар халық − бақытты халық. Бір кезде Әуезов, Сәтбаев секілді алыптарымыз бар кезде өзге жұрттар Алматыға білім іздеп келетін. Ащы да болса айта кету керек, Абайды танытарлық үлкен еңбек жасаудың орнына оның көзқарастарын ана дінге, не мына дінге тартушылық, шығармаларының мән-мағынасын ашудың орнына маңызы кем нәрселерді тілге тиек етушілік басым болып бара жатқан заманда көңілге медеу етерлік нәрсе таппай қиналасың... Бүгінгі қоғамды жемқорлыққа батқан деп айыптаймыз ғой, ал ол ұлыларымызды оқымаудан, солар айтқан асыл сөздің парқына бармаудан, соларды үлгі тұтпаудан пайда болған індет қой. Әйтпесе, Абайдың «Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан» деген бір ауыз сөзін түсіне білген сауатты, зиялы адамдар абыройсыздыққа ұшыратар жаман әдеттен қашып жүрер еді. Бізде керісінше. Демек, Абайдың атын білгенмен сөзін білмейтіндер, сөзін білгенмен мағынасына бойламайтындар көп. Бірақ халық бар жерде үмітсіздік жеңген емес. Абайды әлемге таныту жолында істеліп жатқан ізгі істер жоқ емес, бар. Әркім қазағы үшін алға талпынып қадам басса, оның нәтижесі жаман болмайды. 1995 жылы Лондонда «Абай үйін» аштым. Содан кейін Абайды ағылшын, француз, неміс, араб, түрік тілдеріне мықты аудармашыларға аударттым. Ол кезде сол тілдерге аударатын мықты кәсіби аудармашылар бар еді. Кәзір ол деңгейдегі тәржімашыларды таппайсыз. Біз Лондонда аударма жасамастан бұрын ол іске түркологтарды тартып, оларға қазақ тілін үйреттік, оларға мықты жолма-жол аудармалар дайындап бердік. Оны көп тіл білетін өзіміздің мықты аудармашылар жасады. Олардың арасында елімізге келіп қазақ тілін оқып, игергендер де бар. Міне, осындай мамандар Абайды әлем тілдеріне аударып, танытып жатыр. Абай шығармашылығын насихаттауда істелетін істің бірі − ақын туындыларының текстологиялық жақтан зерттеліп, қалпына келтірілуі ғой, біз Абайдың мына соңғы басылымында текстологиялық жақтан көп жұмыс істедік. Негізі, ақынның текстологиясын ақын жасау керек. Сонда ғана жұмыс нәтижелі болмақ. Сондай-ақ мына он томдықтағы Абай туралы арнайы томдыққа күллі әлем қаламгерлерімен бірге М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұбанов, Г.Мүсірепов, Т.Әлімқұловтың жазғандарын кіргіздік. Ғалымқайыр МҰТАНОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:Абай залы жастарды рухани жетілуге тәрбиелейді
− Абайдың 175 жылдығы – мемлекетіміз үшін ерекше атап өтер мерейтойдың бірі. Соған орай, Қазақ ұлттық университеті ғылыми кітапханасынан Абай залын ашуды жоспарлап қойғанбыз. Соны енді Абай күнінде ресми түрде ашып, пайдалануға беріп отырмыз. Университетте жастар білім алып, маман болумен бірге халық үшін ерен еңбек ететін сауатты да, ойлы азаматтар болып қалыптасуы керек. Ал Абай − олардың рухани әлемін байытатын күш. Абайды оқып-түсінгендер «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» дегеннің не екенін ұғары анық. Сондықтан өзін жетілдіремін деген жасқа Абай залының берері көп. Бұл жерде керемет кездесулер өтіп, соны көзбен көріп, мықтылардың сөзін санасына сіңіріп өсу − болашақты жасайтын бүгінгі ұрпақ үшін аса маңызды нәрсе. Біздің жастарымыз әлемдік деңгейде білім алып, ұлттың ұлы тұлғаларының өнегесін бойына сіңірсе, ол мемлекетімізді барлық жағынан жетілдірер күшке айналады. Біздің ұлы ақынның атына зал ашып, оған қатысты күллі дүниені осында жинап отыруымыз да сол − болашақ үшін титтей де болса пайдамыз тисін деген ойдың жемісі. Абай залы рухани орталыққа айналу үшін көп еңбекті қажет ететіні белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда Халықаралық Абай клубымен бірігіп Абай шығармаларын толық күйде шығардық. Абайға, абайтануға қатысты барлық еңбекті жүйелеп осы залға жинадық. Сондай-ақ Абай туралы фильмдер, Абайдың қара сөздері, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясы бастап т.б. көптеген еңбек түгелімен аудио форматқа түсіріліп, осында қойылған. Абайдың поэзиясы ғана емес, оның философиялық көзқарасы да біздің ұлтымыздың рухани дамуына зор пайдасын тигізетіні белгілі. Сондықтан біз ол тараптағы жұмыстарымызды одан әрі жалғастыра береміз. P.S. Елімізде тұңғыш рет аталып өткен Абай күні Алматыда ерекше тойланды. Оның ресми түрден басқа да реңкі бар. Себебі күллі қазаққа 70 жылдай астана болған Алматы Абайды қазақпен біртұтас тұлға ретінде тануға зор әсер етті. Мұнда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры орналасқан. Жер бетіндегі ең әдемі ақын ескерткіші де осы қалада. Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман эпопеясы осы қалада жазылып, жарық көрді. А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы да осы қалада туып, алғаш сахнаға шықты. Демек, күні бүгінге дейін Абай дегенде есімізге түсер ғажайып өнер туындылары орналасқан Алматы қаласында алғашқы Абай күні тойлануы да тарихи оқиға дер едік.Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ,
Алматы қаласы