Жаңалықтар

Елбасы тапсырмасымен «Жастар – Отанға!» жобасы әзірленді

ашық дереккөзі

Елбасы тапсырмасымен «Жастар – Отанға!» жобасы әзірленді

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қазақстандықтарды Халықаралық жастар күнімен құттықтап, елдің белсенді жастарына алғыс айтты. 

«Бүгін – Халықаралық жастар күні. Осыған орай Елбасы мен Мемлекет басшысы бастамашы болған #BizBirgemiz республикалық акциясының белсенділері мен волонтерларына тағы да алғыс айтқым келеді. Осынау күрделі кезеңде біз жастарымыздың жанкешті қайсарлықтары мен үлкен жүректі патриоттықтарына куә болдық. 5 мыңнан астам жасотандықтар мен еріктілер бүкіл ел көлемінде мұқтаждарға азық-түлік себеттерін, маскалар мен бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізіп берді. «Jas Otan» волонтерлары Мақтарааралдағы су басудан зардап шеккен тұрғындарға да алғашқылардың бірі болып көмекке келді. Біздің жастар қанатымыз жуырда «Дәрігерлерге мың алғыс!» атты тағы бір акцияға бастамашы болды. Осы шара аясында бүкіл ел бойынша медицина қызметкерлеріне қымыз, шұбат және иммунитетті күшейтетін басқа да өнімдерден тұратын «Алғыс пакеттерін» жеткізіп берді. Ынтымақ – партиямыздың басты құндылықтарының бірі. Ол рухы күштілердің әлсіз жандарға, бақуатты кісілердің тұрмысы төмендерге, денсаулығы жақсы адамдардың науқастарға, жасы үлкендердің өзінен кішілерге жанашыр болуынан танылады. Елімізде өздерін және айналасын жақсы жаққа қарай өзгертуге құштар ұрпақтың өсіп келе жатқаны сүйсіндіреді. Бұл – жасампаздыққа ден қойған, жауапкершілік ала алатын, ынтымақшылдық танытып, өзара қолұшын беруге дайын буын. #BizBirgemiz идеясының да мәні – осы. «Nur Otan»-ның алдағы партияішілік праймеризі жастардың өздерін көрсетулеріне, бәсекелік саяси күресте лидерлік қабілеттерін айқындауларына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз – Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға алда болатын сайлауларға айқын партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін жаңа лидерлерді анықтауда барынша ашық іріктеу өткізу. Бұл үшін Елбасының шешімімен 35 жасқа дейінгі жастарға «Nur Otan»-ның партиялық тізімдерінде арнайы 20%-тік квота көзделген. Праймериз барысында өз ауданы, қаласы, облысы үшін ең лайықты өкілдер таңдалып алынатынына сенімдімін. Олар белсенді түрде жастардың мүддесін қорғайтын болады. Партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес партияның жас жақтастары бесжылдық «Жастар – Отанға!» Жастар бағдарламасының жобасын әзірледі. Әлемдік озық тәжірибелерді және еліміздің бүкіл өңірінен жастардан түскен 3 мыңнан астам ұсынысты ескере отырып дайындалған бұл құжат «Jas Otan» сайтында жарияланды. Бағдарламада жастардың негізгі 5 мәселесі қамтылып, оларды шешу жолдары ұсынылған. Біздің күш-жігеріміз қолжетімді баспана және жас отбасыларға қолдау көрсету, жұмыспен қамту, сапалы білім, елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысу секілді негізгі мәселелерге жұмылдырылатын болады. Әрбір бағыт бойынша кешенді шаралар әзірленіп, нақты индикаторлар белгіленген. Бағдарламаның түпкілікті нұсқасы «Jas Otan» алаңында қыркүйекте талқыланатын болады. Сол уақытқа дейін әркім өз ескертулері мен ұсыныстарын енгізе алады. Жастар – еліміздің болашағы! Біз Жастармен Біргеміз!», – деп жазды Facebook-тағы парақшасында.