Абайдың шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды

Абайдың шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды

Абайдың шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды
ашық дереккөзі
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлы ақын, ойшыл, ағартушы шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды. Олар: ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдері. Аударма жинақтарға ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы мен 45 қара сөзі кірді. Абай шығармалары өзге тілдерге бұған дейін де аударылды. Алайда бұл бастама мемлекеттің осындай ірі ауқымда іске асырған алғашқы аударма жұмысы. Жоба аясында аударма сапасын қамтамасыз етуге ерекше мән берілді. Аударма жұмысы мен жинақ басылымын ұйымдастыруға әр тілде сөйлейтін аса тәжірибелі мамандар, тиісті елдің мәдениеті мен әдебиетін таныстыратын, көркем аудармаға маманданған ең беделді баспа ұйымдары таңдалып, тартылды. Жинақтың барлық тілдегі форматы мен мұқабасы бірдей болмақ. Мұқаба суретінің авторы – танымал суретші Дәурен Қастеев (Әбілхан Қастеевтің немересі). Әр тілдегі жинақтың таралымы – 3 мың данадан. Таралым осы тілдерде сөйлейтін жүзден аса елдің ірі кітапханалары мен әдеби және ғылыми орталықтарына жеткізіледі. Бұл жоба аясында алғаш рет Абай шығармалары ағылшын, араб, түрік, қытай, неміс және жапон тілдеріне қазақ тілінен тікелей аударылды. Тек испан, итальян, француз тілдеріне әлі де орыс тілі арқылы жол салуға тура келді. Абайдың шет тілдегі аудармаларының дені кеңес дәуірінде жасалған, яғни ол аудармалар еркін жасалды деуге болмайды. Бертіндегі аударма жобалары аясында жекелеген өлеңдер немесе Қара сөздер бөлек аударылды. Сондықтан бұл аударма аясында Абай аудармасындағы барлық мәселелер жан-жақты қамтылды.